BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Ұлттық архивінің қоры 23,3 млн бірліктен асты

Республикамыздың мемлекеттік архивтері – ұлттық жады сақтаушысы, ақпараттық қоғамда маңызды рөлге ие құнды ақпараттық ресурс. Сондықтан, бұл ақпаратқа қол жеткізу мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеті болып табылады, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Қазақстандық архивтердің дамуы, міндеттері мен қызметі жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің архивтік іс және құжаттама департаментінің директоры Әлия Мұстафина, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры Ақтаева Ләззат, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінің директоры Алла Сеитова, Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің директоры Жангелді Мақашов әңгімеледі.

Әлия Мұстафина атап өткендей, қазіргі таңда мемлекеттік архивтердің бірыңғай жүйесінде 7 республикалық және 207 аймақтық мемлекеттік архивтік мекемелер қамтылған. Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанның Ұлттық архивінің қоры мен құжаттары 7,08 млн.-нан 23,3 млн. бірлікке дейін өсті. Орташа есеппен, жыл сайын мемлекеттік архивтер 400 мыңнан аса істер мен құжаттарды сақтауға қабылдауда. Архивтік құжаттарды уақытша сақтауды жүзеге асыратын ұйымдармен тұрақты түрде жұмыс жүргізілуде, бүгінде олардың саны 15 мыңнан асады.

«Мемлекеттік архивтер жыл сайын әлеуметтік-құқықтық сипаттағы 300 мыңнан аса өтінішті, 32 мың тақырыптық және генеалогиялық өтінішті орындайды» - деп атап өтті А. Мұстафина.

Қазақстан архивтерінде мемлекетіміздің тарихы төңірегіндегі түрлі дақпырттар мен бұрмалаудың алдын алуға мүмкіндік беретін бірегей материалдар жинақталған. Қазіргі таңда құжаттар түпнұсқасымен оқырмандар залдарында, құжаттамалық көрмелерде танысуға мүмкіндік бар, соңғы бес жылда 200 архивтік құжаттардың жинақтары жарық көрді.

Сондай-ақ, республикамыздың мемлекеттік архивтері құжаттамалық материалдарды сандық форматқа аудару бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Барлығы 200 мыңнан аса сақталған бірлік сандық форматқа өтті, бұл шамамен 23 млн. парақ. Бұл саладағы көшбасшы ұйым Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архиві. Ұйымда 56 мыңнан аса фото және фоноқұжаттарға электрондық форматта қол жеткізуге болады.

Биыл «Электрондық құжаттар қоймасы» сервистік бағдарламалық өнімін жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталды. Ол архивтерді электрондық Үкімет жүйесіне мемлекеттік тетік элементтерінің бірі ретінде ендіру мақсатында электрондық құжаттарды электрондық құжат айналыс жүйесінен ұйымның ведомствалық архивіне өткізу барысын толық автоматтандырылуын қамтамасыз етеді.

Тарихи естеліктерді сақтап, тұрақты түрде толықтырып отыратын архивтер қазіргі ғана емес, болашақ қазақстандық ұрпаққа қызмет етеді. Ұзақмерзімді сақтаудың басты мақсаты Ұлттық архив қорын заманауи талаптарға жауап беретін ақпараттық жүйеге айналдыру заңды құбылыс. Аталмыш кезеңдегі басым бағыт Қазақстан Республикасында құрылатын бірыңғай ақпараттық кеңістік талаптарына жауап бере алатын архивтік ақпараттық технологиялар арқылы ақпаратты жинақтау, өңдеу, сақтау, іздеу және тапсыру процесстерін автоматтандыру болып табылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер