BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шөппен жазылған Құран аяттары

Фото: автор

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында бір жарым ғасыр бұрын жазылған «Құран кәрім» кітабының түпнұсқасы сақтаулы тұр.

Кітапханашы Мира Шайхимованың айтуынша, 2005 жылы ашылған кітапхананың негізгі қорында сирек кітаптар мен қолжазбалар сақтаулы. Мұндағы 606 аса құнды дүние өткен күннің шежіресінен сыр шертіп тұр. Оның ішінде қолжазбалар саны 10-нан асса, мерзімді басылымдар 20-ға жетіп жығылады. Орыс, өзбек, қырғыз, араб, латын, тәжік тілдерімен қатар, шағатай, татарша жазылған дереккөздерді де кездестіруге болады. Мұндағы кітаптардың дені Қазан төңкерісіне дейін және 1961 жылға дейін жарық көрген.

Кітапхананың негізгі қор сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарованың айтуынша, қордағы ең құнды рухани мұра – Құран кітап.

«Бұл Құран Кәрім хижра күнтізбесі есебімен 1293 жылы басылып шыққан. Шамамен бұл 1871 жыл болу керек. Түпнұсқа күйінде сақталған қасиетті кітаптың тысы қоңыр түсті. Яғни, мұқабасы мал терісінен иленіп, қапталған. Бір қызығы, қасиетті кітаптың аяттары шөп бояуымен жазылған. Сол себепті, жазулары көмескі тарта қоймаған. Ал бояу қандай шөптен жасалған, қандай малдың терісі деген сұрақтар жауапсыз күйінде қалып тұр. Бұл кітап «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында табылды. Арнайы экспедициямен облыстың ауыл-аймақтарын түгел аралап, жеке адамдардың меншігіндегі дүниелерді жинақталған болатын. Сол уақытта көне жәдігерлерді іздеуші зерттеушілер Сыр өңірінің бір тұрғынынан осы кітапты қабылдап алыпты. Содан бері ол біздің кітапханада. Қазір оны сканерлеп, дискке салып қойдық. Оқып-танысқысы келгендерге электронды нұсқасын көрсетеміз. Сонымен қатар, кітапханадағы тағы құды кітап – Аба Муслимнің қолжазбасы. «Мәуліт кітабы» деп аталады. 1870 жылы жарыққа шыққан. Мұнда Мұхаммад (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды мадақтап, жыр етіп жазған. Бұл кітаптармен танысып, зерттеп шығатын ғалымдар болса, есігіміз ашық. Шыны керек, қорымызда құнды мұра көп, бірақ ол зерделенбей тұр», – дейді ол.

Гүлдерайым Қосназарованың айтуынша, қорда Қазы Фаткуллмад, Қазы Абдулкарим, Шархуакия Халидің 1303 хижра жылы шыққан «Діни философиялық түсіндірме сөздігінің» I томдығы, ескі түрік тілінде жазылған «Имам Азам Бәтуа», 1307 хижра жылғы арабша құрастырылған «Намаздың келу тарихы» кітаптары дәстүрлі дініміз туралы құнды мәліметтерді алға тартады. 1824 жылы жарық көрген «Жүсіп-Зылиха» дастаны, 1860 жылы жазылған «Аталы Әл-Азхар» кітабы, сондай-ақ, 1933 жылы хәкім Абайдың латын тілінде жазылған екі томдық шығармаларының толық жинағы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Толық шығармалар жинағы» мен «Қазақ», «Красный Казахстан», «Әдебиет және исскуство» басылымдарының алғашқы сандары сақталған.

Ал, облыстық кітапхана директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметованың сөзінше, мұнда түпнұсқалардан бөлек елімізге танымал ақын-жазушылардың өз қолтаңбасымен берілген кітаптары да сөре төріне жайғасқан. Мәселен, олардың қатарынан Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабековтің өз қолымен тапсырылған туындыларын көруге болады. Мамандардың айтуынша, талай жыл өткен соң аталмыш дүниелер де түпнұсқа негізінде кейінгі ұрпаққа аманат болып жетпек. Осылайша сан мың жылдық тарихты бір арнаға тоғыстырған аталмыш қор бұдан кейін де болашақ игілігі үшін қызметін тоқтатпақ емес.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер