BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ш.Бейсенова: Оранып алу имандылықтың белгісі емес

Пәрінжі киіп немесе орамал жамылып алу имандылықтың, жалпы мұсылмандықтың көрсеткіші емес. Шын мұсылманның Құдайы жүрегінде – деді белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова. Бұл пікір бүгін Астанада «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріндегі қоғамдық институттардың рөлі» тақырыбын арқау еткен республикалық конференция барысында айтылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Соңғы жылдары қоғамдағы ең өзекті мәселеге арналған бұл жиында да сан алуан пікірлер айтылды. Мәселен, осы конференцияның өтуіне мұрындық болып отырған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин:

«Ең бастысы тәрбиелі, сауатты ұрпақ өсіру. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан бірінші кезекте жастардың білімі мен тәрбиесіне көңіл бөліп, ұрпақ бойына патриоттық сезім сіңіруіміз керек», - дейді.

Осы жиынға арнайы шақырылған жазушы Шәрбану Бейсенова имандылықты мешіттерден емес, әркім өз жүрегінен іздеуі керек деген пікір айтты.

«Орамал жамылып, пәрәнжі киіп алу имандылықтың, мұсылмандықтың белгісі емес, біздің иманымыз жүрегімізде. Орыстың құдайы - шіркеуде, Будданың құдайы - үйінде, ал біздің, яғни мұсылманның құдайы – жүрегінде! Біз осыны мықтап түйіп алуымыз керек. Баланың медреседе оқығаны жақсы, бірақ, әуелі сауатын ашып, біліммен нәрлендіріп, дұрыс тәрбие беріп алуымыз керек. Әртүрлі мәселемен жастардың басын қатырмау керек», - деді Ш.Бейсенова.

Осы секілді діни экстремизм мен терроризмнің шығу себептері, оның алдын алу жолдары, оған негізгі ықпал ететін күштер сөз болды. Қоғамға қозғау салып, қоғамдық пікір тудыра алатын БАҚ құралдарының атқарып отырған рөлі де айтылды. Мәселен, жиында сөз алғандардың бірі:

«Дәстүрлі БАҚ-қа кейінгі жылдары келіп қосылған интернет-жүйесі арқылы ақпараттың таралуы тым жылдам. Бұл әрине, жақсы шығар. Алайда, осы мәліметтердің бәрі үнемі шындыққа жанаса бермейді. Ал жалған ақпарат ел ішінде толқу тудырып, мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін» - деді.

Діни экстремистердің арбауына түсіп қалмауы үшін, балаларды, жастарды мектептердегі әскери-патриоттық клубтарға қатыстыру керек деген пікір айтылды. Жастар ұйымдарының жетекшісі мектептер мен ЖОО секілді, аулалық әскери-патриоттық клубтар құру туралы ұсыныс айтты.

Жалпы алғанда жиынның жұмысы өте жоғары деңгейде, қызу пікірталаста өтті. Конференцияға қатысушылар қоғамдағы түйткілді проблемаларды талқылай келе, мешітке баратын жастар қауымының кейбірімен жекелеген профилактикалық жұмыстар жүргізудің нақты іс-шаралары ұсынылды. Осы ұсыныстардың негізінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдағы қоғамдық институттардың рөлін арттыру жөніндегі нақты нұсқаулықтар әзірленбек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер