BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Салафилік жамағатындағы әлеуметтік проблемалардың кейбір қырлары

Қазіргі таңда салафилік жамағаттар Қазақстанның зайырлы қоғамынан оқшауланып, айналасындағылардан «бөлек» өмір сүретін топтарды құрайды. Сондай-ақ олардың арасында өзге дін өкілдері мен мазһаб ұстанатын мұсылмандарды күпірлікпен айыптау (тәкфір), діни негізде отбасылық қатынастарды бұзу, өзге мәдениет пен өркениет мұраларына төзімсіздік таныту, мемлекет пен қоғамнан оқшаулану көріністері жиі байқалады.

Соның салдарынан салафилік топтардың ішінде зайырлы білім алудан, зайырлы мамандық игеруден, ақы төленетін еңбектен, тіпті адам өмірі үшін маңызды дәрігерлік жәрдемнен бас тартуға жетелейтін идеялар кеңінен таралғандығын көруге болады.

Бұрмаланған мұндай діни көзқарастар азаматтарымыздың басты конституциялық құқықтары мен бостандығын шектейді. Бұл жағдай қоғамда орын алған заңсыз үйлену-ажырасу (неке-талақ), әйелдер мен бала-шағаның қамқорлықсыз және баспанасыз қалу, халықтың әлеуметтік қорғалмаған қабатының ұлғаю фактілерімен күрделеніп келеді. Себебі өздерін салафизм идеологиясының ықпалына түскен адамдарда отбасын асырау, бала-шағасынан қамқорлығын үзбеу жауапкершілігі жоққа тән. Оған зайырлы және дәстүрлі діни-рухани құндылықтарды мойындамайтын, қоғамнан оқшауланған салафилік топқа арбалған адамдардың діни ұстанымдарының негізінде ата-анасымен, отбасымен туыстық қарым-қатынастарын бұзу оқиғалары айғақ болмақ.

Салафилік ұстанымдағылардың кейбірі тегін мемлекеттік қызметтерден, соның ішінде тегін медициналық жәрдемнен, балаларға берілетін жәрдемақыдан, мемлекеттік салалардағы жұмыстардан бас тартып отыр. Олардың мұндай әрекеттерінің салдары қамқорсыз қалған әйелдер мен бала-шағаны қиын жағдайға түсіретінін әлгі салафи-діндарларымыз «діни тұрғыдан» түсіне қоймағаны қай-қайсымызды болса да ашындырары анық. Мұның себебі өзін «діндар» санайтын салафилердің діннің ішкі мәнін түсінбеуі, дәстүрлі діни қағидалар мен шынайы шариғат шарттарын сақтамауы болып отыр.

Салафизм жамағатының идеологтары сұрақ-жауап түрінде әр түрлі діни сарындағы сұхбат жүргізу арқылы діндарларға қалай өмір сүру керектігін, кіммен қарым-қатынасты сақтау немесе үзу қажеттігін үйретеді. Осылайша мақсатты түрде идеологиялық ықпалға түскен адамдардың санасын басқарады. Мұның мысалы ретінде ғаламтор желісінде таралған салафилік бағытта жүргізілген келесі сұхбатқа назар салсақ.

Сұхбат барысында өзін қазақстандық жамағаттанмын деп таныстырған бір азамат исламдағы әйелдердің құқықтарына қатысты: «Қазір көптеген әпке-қарындасымыз күйеуінен ажырасып, көкейлерінде «бала-шағамызды қалай бағамыз?» деген сауал туындап отыр. Мұндай жағдайда әйелдер өздерін және отбасысын асырауы үшін қандай да бір жұмысты іздеп табуына бола ма?», – деген сұрақ қойған болатын.

Сондай-ақ сұрақ қоюшы әлгі адам жамағаттағы ажырасқан әйелдерді талақ еткен жұбайы өзгелерден қаржылай немесе басқа да материалдық көмек қабылдауына тыйым салатындығын жеткізді.

Қойылған бұл сауалдарға жауап ретінде идеолог: «егер әйелдің күйеуі қайтыс болса, ол кешіктірмей тезірек тұрмысқа шықсын. Ал, егер әйелдер тұрмыс құра алмаса, онда оларға жұмыс істеулеріне рұқсат етіледі. Тек қана ол жұмыс қаланың аумағында болуы шарт. Ол әйелге басқа қалаға кетуге болмайды. Сондай-ақ ол әйелдер өзге еркектермен бір салада жұмыс жасауына тыйым салынады», – деген пікірді білдірді.

Жамағат мүшесі қойған сұрақтың өзінен-ақ бұл топтардағы әйелдердің қаншалықты әлеуметтік-психологиялық ауыр жағдайларды бастарынан өткізіп жатқандығын түсінуге болар, алайда түйсіну қиын. Заңды некесі болмаған соң, ері «ақиқатын» ұрандатып, өзінің жұбайы мен перзенті алдындағы жауапкершіліктерін орындаудан бас тартып отыр. Тірі жетім-жесірлердің далада панасыз қалуына «үлкен үлесін» қосуда. Онымен қоймай, бұл «ақиқатшылардың» қорғансыз отбасына өзгелерден қандай да бір көмек алуына қарсылық танытуы салафизмді ұстанатындардың адами қасиеттерден жұрдай залымға айналатынын айғақтай түспек.

Қазіргі таңда салафизмді ұстанушылардың арасында кең етек алған заңсыз неке мен талақ мәселесі еліміздегі отбасы институтына қауіп төндіретін үлкен проблемаға айналып отыр. Шариғи қағидаларды бұрмалап түсіндіретін салафилердің некелесу мен ажырасуға ат үсті қарауы қоғамда отбасылардың бұзылу фактілерінің жиілеуіне ықпал етеді.

Салафилік топтардың ішінде АХАЖ бөлімшесінде заңды некеге тіркелмей, ата-анасының рұқсатынсыз некесін қидырудың салдарынан аз уақыт ішінде 4-5, тіпті 11 рет тұрмысқа шығып үлгерген бойжеткендерді көруге болады. Бойжеткендер әр некедегі күйеуінен негізсіз «талақ» алған соң балаларымен баспанасыз, қамқорлықсыз қалып қойып отыр. Отбасылық жауапкершіліктен бас тартқан салафилердің мұндай әрекеттерінен көптеген қыз-келіншек, әйел-ана, сәби тастанды хәлге ұшырауда. Сондай-ақ, әйеліне ұялы байланыстан «талақ» деген смс-хабарламаны жіберу арқылы отбасылық жауапкершіліктен қашқақтау осы салафилікті ұстанған азаматтардың арасында әдетке айналып отыр.

Салафизмді насихаттаушы топтар әйелге жамағаттан тыс орындарда зайырлы білім алуға, айналасындағы қоғаммен емін-еркін қарым-қатынас орнатуына, өзін және отбасын асырауына, өзге қалаға немесе елге сапарға шығуына, өзінің негізгі конституциялық құқықтары мен бостандықтарын пайдалануына шектеу қоюда. Осыған орай, салафизмді Қазақстанның зайырлылығы мен мемлекеттік құрылымын, Ата заңы мен конституциялық заңдарын, қазақ халқының ұлттық мәдениетін мойындамайтын тоталитарлық ұйым деп атау негізсіз емес екенін байқауға болады.

Дәстүрлі ислам шариғатында отбасы құру – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды қадам. Өйткені отағасы отбасының әр мүшесі үшін Жаратушының алдында жауапты болады. Исламдағы моральдық және шариғи нормаларға сәйкес әр адам ең алдымен өзінің, содан соң туған- туыстары мен көрші-қоңсыларының алдында, сондай-ақ халқы мен Отаны алдында құқықтары мен міндеттері бар. Олардың барлығын елемей қалдыру – мұсылманшылыққа жат сипат.

Қоғамда отбасы құндылығының сақталмауы көптеген әлеуметтік проблеманың туындауына әкеп соқтырады. Олардың ішінде қамқорсыз қалған қыз-келішектер мен жетім балалардың көбеюі, жастардың арасында суицидтік оқиғалардың жиілеуі, қоғамның рухани-адамгершілік тұрғыдан құлдырауы секілді басқа да проблемаларды ұзақ тізбектеуге болады.

Дегенмен, бүгінде салафилік ағымның ықпалына түскен, олардан зардап шеккен жандарға мемлекетіміз тарапынан жан-жақты көмек көрсету шаралары кешенді түрде белсенді жүзеге асырылып келеді. Ауыр әлеуметтік жағдайға тап болған, діни экстремизм баптарымен сотталғандардың отбасы мүшелері мен туған-туыстары ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» және «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңдарына сәйкес өздеріне тиесілі атаулы әлеуметтік көмекті ала бастады. Олардың біраз бөлігі Елбасымыз бекіткен «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ олардың кейбіріне кәсіпкерлікпен айналысу үшін «Кәсіпкер» бағдарламасының негізінде қажетті несиелік көмектер берілуде. Сонымен қатар, мемлекеттің әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беру шараларының қатарында балаларды мектепке дайындайтын «Мектепке жол» науқандарын атап өтуге болады.

Салафизм секілді радикалды діни ағымның ықпалымен күресудің тиімді жолы ретінде Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бізге қоғамда, әсіресе жастар арасында діни экстремизмге қарсы профилактиканы күшейту қажет» деп, алдын алу жұмыстарының маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған орай, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ең алдымен «оқшауланбаған» халықты ескерту және қоғамның әр қабатында экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Сонымен қатар министрлік азаматтық қоғам институттарымен бірлесе отырып, жат ағымның ықпалына түскен адамдармен кешенді түрде оңалту жұмыстарын жүргізуді жүйелі түрде қолға алған.

Қазіргі таңда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына ерекше көңіл бөліп, жеке кәсіпкерлікті қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты орнықты түрде жетілдіріп келеді. Елбасымыздың бастамасымен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған әр түрлі стратегиялық маңызы бар арнайы бағдарламалар қолға алынуда. Басты мақсат – жоғары технологиялық жаңа өндірісті өрге сүйрейтін шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы орта әлеуметтік таптың үлесін арттыру, халықтың әл-ауқатын көтеру. Кез келген адам отбасын асырап-сақтау, ұрпағына жақсы тәлім-тәрбие беру арқылы еліміздің көркеюіне үлкен үлес қосады. Бұл әрбір мұсылманның Отан және Жаратушы алдындағы қасиетті борышы.

Муслимов М.Ж

ҚР МСМ ДІК «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ Исламды зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

maturidi.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер