BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«ПАРАСАТ МАЙДАНЫ» - жаңа құбылыс

Юрий Гагариннің болмысын ашқан кіші Алексей Германның «Қағаз жауынгер (Бумажный солдат)» дейтін киносында мынадай реплика бар: «Жері кеппей жатып ескерткіш. Қыршынынан қисынсыз қиылды. АДАМ еді, ал тас болды. Ұсқынсыз пұтқа айналды»-дейді. Космосты бірінші бағындырған ҰЛЫ ТҰЛҒА қашалған мүсінді көргенде Гагариннің келіншегі кекесінмен осы сөзді айтады. Киногер кіші Герман идолға айналған Гагариннің шынайы болмысын, «кішкентай АДАМ» қалыбын керемет суреттеген.
Дархан Әбдіктің су жаңа «Парасат майданы» бағдарламасы беташар санын осы «кішкентай АДАМ» тақырыбымен ашты. Чарли Чаплин образын тілге тиек етіп басталған емен-жарқын ой-таласқа «кішкентай АДАМ» арқау болды. Таласбек Әсемқұловтың «Ар мен ожданның өрті» дейтін мақаласында «Кішкентай АДАМның» үлкен кейіпкерге айналуы» дейтін арнайы бөлімі бар. Киноның алхимиясын айшықтаған мақалада: «Чарли Чаплин фильмдері жайында батыстың бір киносыншысының айтқаны бар, осы, адамның ішек-сілесін қатыратын оқиғалардың ар жағында үлкен мұң тұр, -дейді.» Тырнақалды тақырыпты таңдауға Таласбек ағамыздың аз-маз әсері болуы мүмкін.
Қош, сонымен студияға аға буын атынан Сіләмбек Тәуекел, интеллектуал жас ұрпақ өкілі Елзат Ескендір келді. Тізгінші Дархан Әбдік хабардың әлқиссасында айтқандай таптаурын тақырып пен қасаң санаға өзгеріс әкелуге тырысты. «Қолымыздан келгенше, қоғамымыздағы соқыр сенім мен идеологиялық пропогандаға тәуелсіз, білімге, жалпы адами өркениеттік қағидаларға арқа сүйейтін қандай да бір этикалық қағидаларды қалыптастыруға атсалысу»-дейді. Нәтижесі бар секілді. Қоғамдағы кішкентай АДАМның кішілігі мен кісілігін, оның мәселесін аз уақытта айтып тастау мүмкін емес. Бірақ, қараңғыға түңліктен сығалаған сәуле түскендей болды. Т.Элиот «Поэзия – қанның сияға айналуы»-дейді. Ал телевизия – ойдың көрермен көкірегіне қонуы. Егер елдің бәрі бірдей ойласа, онда ешкім ештеңені ойлап жүрген жоқ. Демек, ешкімнің басында ой жоқ – деген сөз. Бір ойдан шыққан ұшқын екінші қоламтаны лаулатуы тиіс. Бұл тұрғыдан жаңа жоба мазмұнды әрі парасатты пікірлерімен шоқтығы биік тұр.
Дархан Әбдік «Бүгінгі біздің айнамыз қоғамға шындықты айта ма, жоқ па?» деп сауалды төтесінен қояды. Рас, шындықты аласұра іздейміз. Мұхиттың ар жағынан немесе Тайгада тығылып тұрған шығар топшылаймыз. Жасанды шындық жасап алып, қуыршаққа телмірген сәбидей ересек өмірге жетуді армандаймыз. Сіләмбек Тәуекел: «Шындықты алыстан іздеудің қажеті шамалы, ол қасымызда жүр,» - деп жауап қатты. Сонда «Если ты намерен объехать весь мир в поисках гуру. Найдешь его в соседнем доме» - деген Дзен мақалы еріксіз еске түсті. Әсия Бағдәулетқызы, Өміржан Әбдіхалықұлы, мен бар бәріміз қатысқан сұхбатта Елзаттың айтқаны бар еді: «Біздің таным "HAPPY END" фильмдердің ықпалында қалыптанған. Біздің жанымыз "Добрый фильмдерге" әбден үйреніп алған ғой. Арғысы Совет, бергісі Hollywood дүниелері, кейінгі кәріс пен түріктің т.б. сериалдары біздің санамызға осындай түсінікті тығындады. Нәтижесінде танымымыз таязданды. Таяз таным - таяз талғам. Танымы таяз адамның - талғамы да таяз. Осындайда біздің көрерменнің бойынан кәдімгі МЫСЫҚқа тән психологиялық күйді байқауға болады екен. Кәдімгі мысық. Қалай? Мысық деген хайуан айнадан өзін көрген кезде байқамай жіберіп қоятын көрінеді. Өз түрінен өзі шошығандықтан. Әйтпесе, сол мысығыңыз айнаның алдына келгенше былқ етпестен талай өмірін сүрді ғой. Бірақ айнаның алдына келгенде бағанағыдай күйге түсті. Біздің де көрермен өнер туындысынан өзінің шынайы келбетін көрген кезде шыңғырып, оның өзі екенін мойындағысы келмей кетеді. Әйтпесе, оғанға дейін-ақ айнала қоршаған қоғамнан экраннан таныс жайттардың талайын байқап та, естіп те жүр емес пе?! Тіпті, одан да сорақысын. Бірақ, елеген жоқ. Еті үйреніп кеткен.»-деп. Бұл жолы жас киногер өз ойын өзгеше өрді.
Жалпы жұрт алаулаған-жалаулаған PR мен арзан күлкіден шаршады. Салмақты ой айтылатын, сүбелі хабар күткен зиялы аудиторияның шөлі қанды (белгілі бір деңгейде). Дүние бір әулиенің дұғасымен аман тұрса, қазақ телевизиясы санаулы хабарлармен реанимацияда жатыр. Енді соны ел болып тірілтіп алуымыз керек! Жаңа жоба ғұмырлы болсын! Бір сөзбен айтқанда, «Парасат майданы» - Қазақ телевизиясындағы жаңа құбылыс!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер