Астана, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстандағы түркі тілдес мемлекеттердің елшілері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай бас қосты.
Астана, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстандағы түркі тілдес мемлекеттердің елшілері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай бас қосты.
Шара барысында Мажарстан елі Халықаралық Түркі академиясына (TWESCO) бақылаушы ел ретінде мемлекеттік туын табыс етті.
Айта кетерлігі, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Шолпан-Атада (Қырғыз Республикасы) өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы саммитінде Мажарстанның Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы-мүше болу мәртебесі ресми түрде бекітілген болатын.
Міне, осыған байланысты Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында Халықаралық Түркі академиясы Мажарстанның мемлекеттік туын қабылдау құрметіне орай шара өткізді.
Жиынға түркі тілдес мемлекеттердің елшілері, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен түркологтар, БАҚ өкілдері шақырылған.
«Біз Академияның құрылтайшы мемлекетерінің ең басты мерекелерін атап өтуді дәстүрге айналдырған болатынбыз. Осыған орай Қазақстанның ең басты мейрамы Тәуелсіздік күнін атап өтудеміз. Шын мәнінде Тәуелсіздік ең басты құндылығымыз, тәуелсіздік арқылы Қазақстан әлемге танымал болды,. Осындай халықаралық ұйымдар дүниеге келді. Елбасының бастамасымен Астанада Халықаралық Түркі академиясының құрылуы да осы тәуелсіздікпен тікелей байланысты. Сыртқы саясаттағы жетістіктеріміз, Түркі әлеміндегі ынтымақтастық, жақында ғана жарық көрген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да біздің өзара ынтымақтастығымызды арттыра түседі ғой деген ойдамыз»,-деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
TWESCO басшысы өз сөзінде, бүгінгі шара барысында Мажарстанның туын көтерілетінін, уақыты келгенде Өзбекстан мен Моңғолияның да тулары осы академияда көтерілер деп сенім білдірді.
Ал ҚР-дағы Мажарстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Андраш Барани қазақ тілінде сөз сөйлеп, Мажарстанның Түркі академиясына бақылаушы-мүше болу мәртебесінің берілуіне өзінің елшілік қызметі тұспа-тұс келгеніне қуанышты екенін білдірді.
«Бұл мен үшін зор құрмет. Халықаралық Түркі академиясының штаб-пәтері Астанада орналасуының арқасында Мажарстан және Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар дамып келе жатқанын айта кетейін. Мажарстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуына бауырлас халықтардың ортақ тарихи тамырларының әсерін сезуге болады. Сол себепті Мажарстанның мемлекеттік байрағын Түркі академиясының штаб-пәтеріне табыстаймыз», - деді қазақ тілінде баяндама жасаған Андраш Барани.
Сонымен бірге, салтанатты жиын барысында мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен Сыртқы істер вице-министрі Ерлан Ашықбаев сөз сөйлеп, Түркі академиясының алдағы жұмысына табыс тіледі.
«Халықаралық Түркі академиясы Елбасының бастамасымен сегіз жыл бұрын құрылған болатын. Бүгінде бұл құрылым түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеу саласындағы айтулы жетістіктерінің арқасныда халықаралық деңгейде танымал ғылыми-интеллектуалды орталыққа айналып отыр. Академия көне дәуірден бүгінге дейін түркі әлемінің тарихы, тілі мен әдебиетін, мәдениетін зерттеу, түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін, тьөлтума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіре білген бірегей орталыққа айналуда. Акадамияның қолға алған жұмысы өз құндылығын тек ғылыми тұрғыда ғана растап қоймай, түркі елдерінің интегарциясы мен өзара ықпалдастығына зор үлес қосып отырғанын айта кету керек», - деді Ержан Ашықбаев.
Фото/видео: Нұржас Жақсыбай
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!