BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қуат Бораш: Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – ең өзекті мәселе

Төрт күнге созылған республикалық семинар-тренинг өз мәресіне жетті. 2018 жылдың тамыз айының 22 – 25 жұлдызында Астана қаласында құқық қорғау органдары арасында мемлекеттік тілді насихаттау бойынша «Қоғамдық сананы жаңғыртудағы мемлекеттік тілдің рөлі» атты ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

"Семинар-тренинг үлгісінде жүргізілген аталмыш шараның мақсаты ұлттық сана-сезімді жаңғырту, тіл мәдениетін жетілдіру, мемлекеттік тілді кеңінен қолдану мақсатындағы шаралар кешенінің ықпалын жете түсіну, ішкі қарсылықтан арылуға жәрдемдесу, қызметкерлердің тілге деген ынтасын ояту" - дейді ұйымдастырушылар.

Астанада өткізілген семинар-тренингтің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Борашев Қуат Қахарманұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тіліне деген сұранысты арттыру, тіл мәдениетін жетілдіру - Қазақстан Республикасының құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасып, нығаюы, одан әрі дамуы үшін қажетті шарттардың бірі болып табылады. Мемлекеттік тіл - тек қазақтың тілі емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлтардың ұлтаралық ортақ тілі. Қазақ тілін дамыту еліміздің стратегиялық бағыты болып табылады» - деп атап көрсетті төраға.

Одан әрі, төмендегі мәселелерге назар аударылды.

«Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарында кешенді және жүйелі іске асырылып отырған мәселелер жеткілікті екендігіне назар аударуға болады. Мемлекеттік тілдің құқық қорғау органдарында еркін айналымда болуына үкімет тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Республикамызда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе» - деді ол.

Тыңдаушылар алдында сөз сөйлеген белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбай Әбіл қазақ тілінің рухани, танымдық, болмыстық мағынасын мемлекеттік қызметтің түрлі салаларында өз дәрежесінде қолданудың мәнісі мен салмағына тоқталды.

Семинар-тренингке салалық мамандар, ғалымдар, дәріскерлер, қоғам және мемлекет қайраткерлері, өзге де спикерлер сөз сөйледі, пікір алмасты. Солардың қатарында, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясының қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тойлыбаев Бекайдар Адамбекұлының шынайы да, дәлелді өмір тәжірибесі тыңдаушылар тарапынан үлкен қолдау алды, олардың рухын көтеруге, жігерін ұштауға үлкен серпіліс берді. Құқық қорғау органдарының ардагері Бекайдар Адамбекұлы ұлттық сана мен қазақтың тілі арасындағы үзілмейтін байланыстың дәлелі ретінде «намыс», «рух», «руханият», «әдеп», «тәрбие», «қанда бар қасиеттер» сынды моральдік ұғымдар мен психологиялық шектеулердің ұлттық сананың дамуындағы орны, оны оятудың бірден бір құралы болып табылатын қазақ тілінің мемлекеттік мәртебедегі атқаратын қызметін айқын да көрнекті, әрі әсерлі етіп әңгімелеп берді.

Тренинг жүргізген тіл мамандары, филология ғылымдарының кандидаттары, доценттер Баян Мәуленова, Бауыржан Есімсейтов, Омар Жәлел және әдіскер маман Тайтөлеу Аймағанбетова түрлі интерактивтік әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы қазақ тілі тек қана қарым-қатынас және ақпарат алмасу құралы ғана емес, оның қызметі әлдеқайда салмақты екенін, оның адамның ішкі түйсігінің, сана-сезімінің барометрі және оны түрлі жолдармен ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші тетік екенін дәлелдей отыра, тыңдаушыларға терең әсер қалдырды.

Шараға қатысушылардың ұсыныстары, негізінен, методикалық құрал-жабдықтардың, сөздіктердің әлі де болса тапшы екендігіне келіп саяды. Сәйкесінше, семинар барысында белсенді талқыланған сұрақтардың бірі: құқық қорғау органдары саласында мемлекеттік тілді дамытудың ақпараттық-методикалық базасын жетілдіру, арнайы әскери терминологиялық сөздіктерді қайталап шығарып тұрса, олармен тиісті мекемелер дер кезінде қамтамасыз етілсе.

Тыңдаушылардың көпшілігі режимдегі нысандарда қызмет атқаратын қазақ тілі оқытушылары болғандықтан, олар өздерінің мекемелерінде өткізілетін іс-шараларға аталмыш семинар-тренингтің пайдасы мол болғанын айтады. Нысандағы контингенттің жеке құрамымен жұмыс жасау барысында түрлі психологиялық тетіктерді қолдану, сезімді ояту, ішкі қорқынышты жою, түрлі коммуникативтік әдіс-тәсілдерді қолдану шеберлігін арттыру сияқты мәселелерге жаңаша көзқарастағы үлгілерді тренинг барысында, ондағы рөлдік тапсырмаларды орындау үстінде алғандарымыз ерекше әсер етті, – дейді қатысушылар. Қатысушылар құрамы: Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері.

Осылайша, қоғамдық сананы жаңғыртудағы мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мәселесі үлкен ауқымда, жоғары дәрежеде талқыға салынды. Тіл мамандары тарапынан заманауи тренингтер түрінде өткізілген көшпелі дәрістерге құқық қорғау органдары бойынша сұраным бар екені, осындай тренингтерді алдағы уақытта да өткізіп тұру өзекті екені айтылды.

Семинар барысында Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған идеялар, ондағы басымдылықтар шеңберінде келелі ойлар ортаға салынды, «ұлттық код» ұғымының болмысын түсіну және оның ұлттық санадағы, мемлекеттік қызметшінің әрекетіне әсері тұрғысынан салмақты пікір алмасу болды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер