BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстанда Азия қаламгерлерінің форумы өтеді 

Қазақстан Жазушылары одағының 85 жылдығына орай келесі жылы елде Азия қаламгерлерінің форумы өтеді. Бұл жөнінде Тараз қаласында өткен Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы көшпелі отырысында аталған одақтың басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен келген кезде Одақтың сыртқы қарызы 57 миллион теңгені құрапты. Оны жасырып қайтемін? Осындай олқылық салдарынан қызметкерлер бірнеше айлап жалақы алмапты. Оны талап етіп, редакция қызметкерлері маған келді, мен жалақыларын алып беруге күш салдым. Қазіргі кезде сыртқы қарызды жою мәселелерін жолға қойып жатырмын. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа ұлт руханиятын жаңғырту жолындағы мәселелерді кездесу барысында айттым. Ол кісі бірден түсінді. Көптеген жобамызды тиісті министрліктерге жеткіздік. Қолдау көрсетіп жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстан Жазушылар одағы мемлекеттік мекеме болмағандықтан, билік бізге жобамызды жүзеге асыруға қаржы бөле алмайды. Нәтижесінде біз ұсынған көптеген әдеби жоба кітапхана, тағы өзге мекемелердің жобасы ретінде көрініс табуда», - деді басқарма төрағасы.

Сонымен қатар, отырыс барысында Ұлықбек Есдәулет ҚЖО жанынан «Әдебиет» баспасы құрылатынын және бұл жазушылардың жинақтарын шығаруға мүмкіндік беретінін де мәлімдеді. Сондай-ақ, ол плагиатпен айналысатын жастарды заң арқылы тоқтату қажеттігін де атап өтті.

«Астананың 20 жылдығы аясында халықаралық әдеби форум өтті. Оған Австралия, Франция секілді мемлекеттердің ақындары арнайы келіп қатысты. Келесі жылы Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толады. Мерейлі мереке қарсаңында Азия қаламгерлерінің форумын өткізсек деп жоспарлап отырған жайымыз бар. Бұл әдеби процестің алға жылжуына, қазақ қаламгерлерінің өзге елдердің ақын-жазушыларымен пікір бөлісіп, тәжірибе алмасуына сеп болатыны айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, «Әдеби өлкетану» жобасын да қолға алмақшымыз. Бір облыстың қаламгерлері басқа өңірге барып, сол жердің рухани құндылықтарын көріп, шабыттанса, несі айып?» - деп пікір білдірді Жазушылар одағының басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер