BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қарағандылықтар Елбасы кітапханасына "Сарыарқа" сериясының 100 томдығын тапсырды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков «Сарыарқа кітапханасы» сериясының 100 томдығын Елбасы кітапханасына сыйға тартты, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Ұлттық мұраны сақтау – ел деңгейіндегі маңызды мәселе. Қарағанды облысы ұлы тұлғаларды тудырған қасиетті өлке. Рухани мұрамызды насихаттау мақсатында аймағымызда бірқатар жұмыстар қолға алынған. Солардың бірі – «Сарыарқа» кітапханасы сериясымен шыққан 100 томдық шығармалар жинағы. Оған Бұқар жыраудан бастап тәуелсіз еліміздің әдебиеті өкілдеріне дейінгі ақын-жазушыларымыздың шығармалары енді, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков.

«Сарыарқа кітапханасының» 100 томдығы – еліміздің барша тұрғындарына арналған құнды тарту. Рухани құндылыққа айналған кітаптар нағыз отансүйгіштікті, еңбексүйгіштікті, қайсарлық пен өжеттілікті бойға дарытады. «Бүгін Елбасы кітапханасында елеулі күн. Кітап – кез келген Кітапхананың жаны. Оның қоры толыққан сайын ұлттың рухани қазынасы Кітапхана нығаяды, барша халық үшін жаңа білімнің қайнар көзіне айналады. Бүгін бізге табысталған көптомдық кітап зияткер, мәдени ұлтты, қазақстандық жастарды тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосатыны даусыз», – деді салтанатты шара барысында Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков.

Елбасы кітапханасы

Қазақтың рухани мұрасына айналған «Сарыарқа кітапханасының» жауһарлары Елбасы кітапханасы оқырмандарының игілігіне айналмақ. Үш ғасырды сөйлеткен жинаққа Арқа төрінде туған 352 қаламгердің шығармалары топтастырылған. Бұқар жырау, Қаздауысты Қазыбек бабалардан бастап Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов сынды ақын-жазушыларымыздың және қазіргі қаламгерлердің еңбектері қамтылған. Жаны лирикаға жақын Жұмағали Наурызбайдың өлеңдері де ойып тұрып орын алған.

– Қандай да болмасын кітап шығару, оның үстіне таңдамалы түрде жинақтау өңір үшін ғана емес, жалпы елге қажет. Меніңше, жыр-жақұттарды жинау жастарды өнегеге, тектілікке үйретеді. Оның үстіне кейінгі толқынды ақындыққа тартуға, таланттарын ашуға көмектеседі. Мәселен, менің бойымдағы ақындыққа деген қызығушылық Тұманбай Молдағалиевтың мектебімізде өлең оқуына байланысты оянды. 9 сыныпта «Гүлзада» деп аталатын тырнақалды туындымды жаздым, – деп өзінің ойымен Жезқазған қаласының тумасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Жұмағали Жөкейұлы бөлісті.

Елбасы Кітапханасы

Көптомдық рухани мұраны әзірлеу жұмыстары 2 жылға созылған. Құрастырушылар Сарыарқа қаламгерлерінің шығармашылығын жүйелеуді мақсат тұтқан. Тасада қалған туындыларды іздестіру жұмыстарының арқасында антологиядан тың дүниелер жарық көрген. «Республикалық тұрғыдан алғанда облыстардағы авторлар толық қамтылмайды. Бірақ жергілікті жерлерде талантты ақын-жазушылар көп. Олардың өздерінің жеке таңдамаларын шығаруға мүмкіндіктері болмайды. Сондықтан бұл ғибратты, жақсы іс. «Сарыарқа кітапханасында» менің 2 томдық еңбектерім бар. «Тамұқтан келген адам» романы, «Тайга», «Киік ғұмыр» іспетті повестер мен тарихи еңбектер қамтылды. Енді құнды 100 томдықты насихаттау қажет. Бүгінгідей Елбасы кітапханасы іспетті ірі рухани ордаларға тапсыру керек», – дейді қоғам қайраткері Алдан Смайыл.

100 томдықтағы кітаптардың бірі «Балалалық шағымның бауырсағы» Зинаида Чумакованың қаламынан туған. «Біздің шығармаларымыз енді Елбасы кітапханасының төрінен орын алмақ. «Сарыарқа кітапханасы» арқасында барлық қазақ халқына біздің ата-анамызға репрессия жылдары қол ұшын созғандарына алғысымды білдіруге тырыстым. Бір томдық кітапқа өлеңдерім мен прозаларымның қазақ тіліне аударылған нұсқалары енді. 100 том әртүрлі тілдерде сөйлейді, әртүрлі ұлттардың өкілдерінен тұрады. Бұл біздің ұлттық тарихымыз», – дейді Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Зинаида Чумакова.

0U3A2136

Салтанатты шараға қатысқан мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, зиялы қауым өкілдері, еліміздің белгілі ақындары, көркемөнерпаздар ұжымдары Елбасы кітапханасының жәдігерлерімен танысып, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің өнерін тамашалады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер