BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Із

Астана. 4 сәуір. Baq.kz - Жас кезімізде экраннан «Өзбекфильм» киностудиясы түсірген «Жар-жар» («Ер-ер») фильмін көріп өстік. Кинодағы жігіттің теледидарда ән айтып тұрған қызға ғашық болып, махаббатын іздеп шарқ ұрғаны, ұлының ішкі сезімін түсінген әкесі оған серік болып сол қызды бірге іздегені жастарға қатты әсер еткен еді. Бойжеткен, ержеткен кездеріміз ғой, нағыз жігіт осындай болса екен деп армандағанбыз сол кездерде.

Фильмде бас рөлде ой­наған атақты актер Бахтияр Их­­тияровпен кездесіп, сұхбат­тасудың сәті түсті. Экран арқылы ғана таныс болған бұл жанмен бұрын-соңды жүзбе-жүз кездеспегенбіз. Оның мекенжайын анықтап, шамалап айтылған көшемен кете бердік. Әуелі уақыты бар-жоғын білу үшін сол кісіге теле­фон соққанымызда ол: «Келе бер қарақтарым, бүгін үйдемін», деді. Телефонның арғы жағындағы қоңыр дауыс­тан өрекпіген көңіліміз орнына түсті. Өнер адамы, атақты актер емес пе, қалай болар екен деп қоңырау шалғамыз әлгіде. Бір жа­ғынан сәрсенбі күні болатын, сәтін салғанын қарашы деп іштей қуандық.

Ол кісінің қайда тұратынын көшеде өтіп бара жатқандардан да сұрасақ айтатынын білеміз. Түзу көшені бойлай келеміз. Жол шетінде шағын базар бар екен. Бірінші кездескен нан сатып отырған кісіден: «Бахтияр Ихтияровтың үйі керек еді» дегенімізде ол: «Мынау төрт қабатты үйді айна­лып өтіңіз, бірінші подъезге жақын­даға­ны­ңызда-ақ сайрағыш құстардың әсем даусын естисіз. Сол дауыс шық­қан жаққа бара беріңіз, тұп-тура іздеген есігіңізді табасыз, сізді дауыстың сиқыры ойлаған жеріңізге жеткізіп салады» – деді.

Көпқабатты үйді айналып өткенімізде шынында құстардың сайрағаны естілді. Жақындаған сайын сұлу бақтың ішіне кі­ріп бара жатқандай болдық. Құстар үйлерді айнала егілген ағаштарға қонып, сайрап тұрған секілді. Іздеген подъезді таптық, 1-қабатқа көтерілгенімізде адас­пай келгенімізді түсіндік. Сол есіктің арғы жағында сайрағыш құстар жасайтын орман ба, бақ па бар сияқты, тыңдап тұра бергіміз келді.

Есік те ашылды. Бахтияр ака­ның зайыбы жылы шыраймен қарсы алды. Төрге өттік. Міне, сол алып тұлға күлімдеп: «Келіңіз, келіңіз, өзімнің әдемі қазақ қарын­дасым», деп кішіпейілділік танытты. Халқымызға тән қонақ­жайлылықпен төрге шығарды. Алдымен сұрақты неден бастасақ екен деп ойлап отырдық. Ол да бізге: «Нені білгіңіз келеді?» дегендей сұраулы көзбен қарап отыр. Әңгімеміз шай үстінде ешбір қиындықсыз, бір сарынмен жалғаса берді. Алдымызға альбомдарды, өзі жайлы мақала жарияланған журналдарды әкеп қойды.

Бахтияр Ихтияров Бұхарада 1940 жылы 28 наурызда өнерлі отбасында дүниеге келді. Ол туғанда ата-анасы баласын ба­қытты болсын деп оған Бахтияр деп ат қойды. Анасы ұлына арнап өлең де жазған болатын. Әкесі Өзбекстанға еңбегі сіңген әртіс Ахмаджон Ихтияров Бұхара облысының музыкалық драма театрының музыкалық жетекшісі, дирижер, кейінірек музыкалық училищенің директоры болып істеді. Анасы Зухрахон Ихтиярова өте кішіпейіл, қонақшыл жан еді. Өмірін өнерге арнаған әкесінің достары көп болды. Өнерлі ша­ңыраққа зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, атақты әртістер жиналып, бір шыны шай үстінде өнер, мәдениет, өркениет туралы сұхбат құрып, пікір алысатын. Зухра апайдың әзірлеген палауынан дәм татып, түннің бір уағына шейін отыратын. Бала Бахтиярдың өміріне мұндай сәттер өз ықпалын тигізбей қоймады. Оның балалық шағы өнер ортасында, театрда өтті деуге болады.

Көне де көрікті Бұхараның топырағында туып-өскен Бах­тияр ака түнде Минораи Калон­ның төбесіне шығып, аспандағы жымыңдаған сансыз жұлдыздарды санап, қиялға шоматын. Сол сәт­те кенеттен түнгі ертегінің ке­йіп­керіне айналуды армандайтын. Қиялы алысқа шарлайтын. Сонымен, балалық шағы Бұ­хараның бауырында өтті. Мектепте оқи жүріп, театрға қатынады. Театр екінші үйі болды. Әкесінің қасында жүріп, көп нәрсені үйренді. Театр сах­насындағы оқиғалардың шын өмірден алынғанын, жақсылық пен жамандықтың, жауыздық пен ізгіліктің айырмашылығын түсініп, еңбектің жемісі қиын­дықсыз, машақатсыз болмайтынын ұқты. 12 жасында түрлі спектакльдерде эпизодтарды ойнай бастады. Сыныптас балалар да онымен бірге үзінділер ойнады, бәрі де ол кезде кішкентай әртістер еді. Мектепте өтетін мереке-шараларда олардың қатысуымен шағын спектакльдер сахналастырылатын. Осылайша театрға деген сүйіспеншілігі оянып, бірте-бірте тәжірибе де жинақтап, өн бойында ерекше қабілет қалыптасты. Театр ұжымы кішкентай Бахтиярды жақсы көрді. Бұл орта оны театр тарланы етіп тәрбиелеуге септігін тигізді. Табиғаттың өзі Бахтияр аканы бақытты етіп жаратқанын мойындау керек. Ол 16 жасында Бұхара музыкалық драма театры­ның актері, солисі болды.

Мектепті бітірген соң сынып­тастарының жартысы Мәскеуге, Ташкентке оқуға жөнелді. Бах­тияр Ихтияров астанаға келді. Сөйтіп, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтына құжат тапсырды. Емтиханда М.Лермонтовтың «Ақын­ның өлімі» өлеңін өзбек тілінде оқып, бұхараша мақом айтты, тіп­ті би билеп те берді. Оқуға қабыл­данып, студент атанды. Ба­қытты студент шақтар өтіп жатты. Мұнда атақты өнер қайраткері Раззоқ Хамраевтың басшылығында музыкалық драма актері факуль­тетінде оқыды. Диплом жұмысында «Аршын малалан» фильміндегі Сұлтанбектің рөлін ойнады. Бұл рөлді шебер сомдады. Сезімтал ұстазы Раззоқ ака Хамраев Бахтиярдың ерекше қабілетін байқап, еңбегінің еш кетпегеніне көз жеткізді. Оқуды бітіріп, Бұхараға келгенде жерлестері, туған-туыстары оны қуана құшақ ашып қарсы алғаны есінде. Енді дайын маман, талантты актер еді. Ата-анасының құшағында біраз сағынышын басып, Ташкентке қайтты. Муқими театрына келді.

Өмірі театрмен, киномен ты­ғыз байланысты болды. Театр сахнасынан тыс кинофильмдерге түсті. Кинода кейіпкердің образын аса шеберлікпен сомдап, көзге түсті. «Өзбекфильм» киностудиясы түсірген фильмдерге бас рөлдерді ойнауға шақырылды. «Жар-жар» («Ер-ер») көркем фильмінде Бахтиярды ойнады. Ең қуаныштысы, 2014 жыл бұл фильмге 50 жыл толды. Ол осы киноға кездейсоқ түскенін айтты. «Өзбекфильм» киностудиясында Өзбекстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, режиссер Али Хамраев онымен кездесіп қалып: «Бахтияр, сен менің фильмімде ойнайсың», деген болатын. Атал­мыш кинода көптеген ән орындалады. Композиторлар Дони Зокиров, Манас Левиев жазған «Кучалар», «Дугоналар, бормисиз, омонмисиз», «Ухшайди-ку», «Шаббодалар» әндерін Саодат Қобулова, Луиза Зокирова, Мухаб­бат Шамаева, Ботир Зо­киров жә­не Эргаш Юлдащев сынды әйгілі әншілер тамаша шырқаған. Кейінірек сол әндер «хитке» айналып кеткен.

Иә, махаббат – ұлы да пәк сезім. Махаббаты үшін күрескен жігіт ақыры сүйген қызын іздеп табады. Ғашық адам кез келген қиыншылықтан қорықпайды, қайта оған бұл сезім орасан күш бағыштайды. Фильм өз кезегінде үлкен аншлагқа айналғанын айту орынды. Арадан біраз жыл өткесін Бахтияр Ихтияров Тошхужа Хужаевтың жетекшілігінде му­зыкалық драма театр режис­серлігі факультетін бітірді. Соны­мен қатар, 70-жылдардың басында Мәскеудегі Сатира театрының жоғары курсында атақты режиссер Анатолий Плучектің қо­­лында оқып келді. Бахтияр Ихтия­ров 1964 жылы 24 жасында «Өзбекстанға еңбегі сіңген әртіс» атағын алған ең жас актер болды. Бойындағы қабілет ақыры атылып шықты, оны елге танытты. Жас актер атаққа асып-таспады. Қайта тағы да үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезді.

Театр ұжымы көрші елдерге гастрольдерге барды. Жергілікті театрда сахналастырылған спектакльдерді тамашалауға кел­ген көрермендер залға сыймай кететін. Қазақстанға гас­трольге барғанда ондағы өнер өкілдерімен, әріптестерімен танысып, дос тұтынып қайтатын. Олар Өзбекстанға келгенде әсем Ташкентті тамашалап, көне Бұ­хара, сұлу Самарқанд сынды әз қалаларды көріп, құрметті қонақ болып, дән риза болып кететін. Сол кездегі дос-жолдастарымен осы күнге дейін бір-бірімен араласып, тым болмаса телефон соғып жағдайларынан хабар алысып отырады. Өнер – ел арасындағы достықтың тығыз орнауына, нығаюына арқау болатын көпір секілді.

Бахтияр Ихтияров рөл таң­дамайды. Өзіне сеніп тапсырылған рөлді тамаша сомдап, туындының тақырыбын терең ашып, мән-мазмұнын түсіндіріп береді. Өйткені, әрбір рөлде бір адамның тағдыры, көңіл күйі мен сезімі жатыр. Сценарийлер де өзіне арнап жазылғандай, сомдаған образында шынайылық белгісі байқалады. Актер өз кейіпкерінің өмірімен өмір сүреді екен-ау. Ол бұған жас кезінде куә болған. Бір күні өзі көрермен ретінде залда отырып, театр қойылымын тамашалаған болатын. Сахнада бір кейіпкер сценарий бойынша дүниеден өтеді. Образдың шынайы сомдалғаны соншалықты, Бахтияр спектакль соңында әкесінен өлген кісінің қайда жер­ленгенін сұраған…

Бахтияр Ихтияров 55-тен астам кинофильмде, 120-дан астам театрда түрлі рөлдерді ойнаған. Әлі де фильмге түсіп, сахнаға шығады. Ол өмірін сахнасыз елестете алмайды. «Равшан ва Зулхумор» спектаклінде Терсак, «Қари қизда» – Хожихуроз, «Ажаб Савдоларда» – Парвоз, «Сахро осмони» көркем фильмінде Бахтиярдың рөлдерін шебер ойнаған, сондай-ақ «Қайда­сың, менің Зұлфиям» және «Ажо­йиб хаелпараст» фильмдерін жұрт­шылық қызығып көреді.

20 жыл Муқими театрында, кейін қазіргі Өзбек ұлттық драма театрында, А.Қаххар атын­дағы республикалық Сатира театрында бас режиссер, актер, «Самарқандфильм» студиясында режиссер болып істеп келді. Көрермендерге жақсы таныс «Өткен күндер», «Шум бола» фильмдеріндегі рөлдері де өмір­шеңдігімен өзгешеленеді. «Туйлар муборак» фильмінің, «Эзоп» спектаклінің режиссері. Өнер – асу, көп ізденуді талап етеді. Әрбір қойылымды сахналастырғанда сценарийдің тәрбиелік жағына баса назар аударады. Осы күнге дейін көп шәкірт тәрбиеледі. Олар да ел қызметінде, көбі мемлекеттік сыйлықтармен марапатталған өнер саңылақтары. Әрине, олар өздерінің жақсы күндері мен қуаныштарын үнемі ұстазы Бах­тияр Ихтияровпен бірге бөліседі.

Бахтияр Ихтияровтың есін­де қалған мына бір оқиға бар. Мәскеуде «Дженьльмены удачи» фильміне ол Василий Али­бабаевичтің рөліне бай­қауға шақырылады. Бірақ Таш­кентте басқа бір бас рөлге шақы­рыл­ғандықтан ана рөлден бас тартуға тура келген.

Дегенмен, еш өкінетін жері жоқ. Бахтияр Ихтияровтың ең­бегін ел біледі, жақсы көреді. Ол Өзбекстан халық әртісі. Еңбегі еленіп, Президент И.Каримов тарапынан «Мехнат шухрати» орденімен марапатталған. Ол үшін ең үлкен сый – халықтың ерекше ықыласы мен мейірі, көрерменнің алғысы мен құрметі. Оның бақыты да сонда.

Қазір де бос уақыты жоқ. Өзін сүйген көрермендермен, жас­тармен кездесуден, киноға түсуден қолы босамайды. Алайда, достары, ұл-қызынан тараған немерелері үшін уақыт табады.

Сұхбат барысында құстардың әсем үні бойымды сергітіп, сұлу бақта әңгіме-дүкен құрғандай әсер етті. Атақты актер пьеса­лар­дағы барлық монологты жат­қа біледі. Оның қарапайым жан екенін байқадық. Бахтияр акамен қоштасып шығып бара жатқанымда сайрағыш құстар да бізбен қоштасқандай түйілді. Алыстан әсем үндері естіліп тұрды… Бахтияр аканың: «Жақсы қонақ келсе, құстарым еш тоқта­май сайрай береді», дегені есімнен кетпеді.

Ғұламбатыр ЮСУПОВ,
Райхан БАБАТАЕВА.

ТАШКЕНТ.

Суреттерде: Б.Ихтияров. 60-жылдар; Б.Ихтияров. «Өзбекфильм» студиясы залындағы паннода. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Пікірлер