BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Имам: Құрбан айтта шариғатта көрсетілген талап пен қалыптасқан әдет-ғұрыпты тең ұстау керек Эксклюзив

Фото: Автор

Мұсылмандық парызына берік қазақ халқы үшін Құрбан айттың ежелден орны бөлек, байы ерекше жомарттық танытатын, жоқ-жітікке қарайласып, жетім-жесірін тойындыратын, кедейі шүкіршілік ететін бұл күннің түпкі мағынасы терең. Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбаймен «Baq.kz» аймақтағы тілшісі сұхбаттасып, айт мерекесінің астарына үңіліп көрген еді.

– Кенжетай имам, құрбан шалудың өз шаттары бар. Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша құрбан еті үшке бөлінуі тиіс: бірінші бөлігі міскіндерге, екіншісі көрші-қолаң, туыс-туғанға, ал қалғаны иесіне қалдырылады. Құрбан шалудың осы бір басты талабын қазақ орындауға неге енжар?

– Құрбан шалудың тәртіптеріне келетін болсақ, ол, әлбетте, пайғамбарымыздың сүннеті. «Мен сендерге бір нәрсе бұйыратын болсам, шамаларың келгенше орындаңдар. Мен сендерді бір нәрседен тыятын болсам, онда тыйылыңдар» дейді. Бұл – мұсылман үшін ереже. Құрбан айтқа келсек, бұл жерде ол тыйып тұр ма, әлде бұйырды ма? Әрине, бұйырып тұр. Демек, біз оны шама-шарқымызша орындауға тиіспіз. Сүннет толық орындалса, әрине, сауабы да көл-көсір.

Қазақтың бәрі шалқыған бай болмаса да, жылда бір қойын семіртіп союды әдетке айналдырған. Кейбір әулетте оншақты баласы бар, ағайын-туысы да көп. Яғни, пайғамбарымыз айтқан мұқтаж жан солардың өздері де болуы мүмкін. Екіншіден, кейбір бауырларымыздың үйіне ет алып барсаң, «пақыр, міскін деп мүсіркеп отырсың» деп намыстанып, реніш танытатын жайттар да кездеседі. Келесі бір топ жомарт азамат сойған малын түгел жетім-жесірлерге беріп жатады. Оларға «Неге үшке бөлмедің, өзіңе неге қалдырмайсың?» деп тағы айта алмайсың. Демек, бұл жерде біздің сойған малымыздың еті мен аққан қаны емес, маңыздысы – біздің ниетіміз.

– Құрбан шалған адамның өзі де мұқтаждар қатарына еніп кетуі мүмкін дедіңіз. Кімнің мұқжат екені қалай анықталады?

– Ең бірінші мұқтаждар – қоғамымызда көбейіп бара жатқан жетім-жесірлер. Қазір үлкен қалалардың көбінде жетімдер үйлері бар. Құрбанның етін, бірінші кезекте, соларға берген жөн. Бірақ бұл жерде де кедергілер бар. Дін тұрғысынан емес, заң талабы солай. Құрбан етіне мал дәрігерлерінің мөрі басылмаса қабылдамайды. Балалардың денсаулығына жауап беретіндіктен олардың талаптары да орынды. Себебі, соңғы жылдары туберкулез, бруцеллез сияқты мал аурулары көбейіп кетті ғой.

Ал қоғамымызда ішерге ас, киерге киім таппай отырған пақыр мен міскін жоқтың қасы ғой. Араққа салынып, көше кезіп кеткендерді есептемегенде. Керісінше, бізде көп балалы, отағасы немесе отанасынан айрылып қалған толық емес отбасылар бар. Ауылдан көшіп келіп, тапқаны баспана жалдаудан аспай жүрген әулеттер кездеседі. Олар пақыр мен міскінге жатпаса да, осындай шаңырақтарға көмектескен орынды, бірақ етті пакетке салып апарып, қайыршыға бергендей тастай салу олардың да жүректерін жаралауы мүмкін. Көмектесу ниетімен беріп жатқандарын түсіндіру керек.

– Қазір құрбан шалушылар, Құдайға шүкір, көп. Ал мейрамның басты көрінісі – айтшылау азайып бара жатқан сияқты. Көршіңнің кім екенін білмейсің, үйіне қалай кірмексің?

– «Айт» деген сөздің өзі араб тілінен аударғанда мейрам мағынасын береді. Көрші-қолаңға кіру, ағайын-туысқа бару, дүниеден өтіп кеткендерге Құран бағыштау айттың әдептеріне жатады. Ауылдарда бұл жағынан қиындық жоқ, шұбырып үш күн бойы қыдырады ғой. Ал қалалық жерде сәл қиындау. Дегенмен, бірін-бірі құттықтап үйлеріне баратындар бар. Өзге дін өкілдері де құттықтап жатады, православие мен католик шіркеулерінің басшылары мешітке айтшылап келуді жылдағы дәстүрге айналдырған. Айтшылау – ренжіскенді татуластырып, ағайынның арасын жақындастырады. Бұл арнайы шақыруды қажет етпейтін мейрам. Дей тұрғанмен, еліміздің оңтүстік өңірлеріне қарағанда бізде жарапазан айту, айтшылау сәл солғындау екенін мойындауымыз керек.

– «Айт қабыл болсын, айттық сізден болсын» деп адамдардың бірі-бірінен сыйлық сұрауы қаншалықты орынды?

– Пайғамбарымыздың хадистерінде айт намазына кетіп бара жатқанда садақаны көбірек беру қажеттігі ескертіледі. Құрбан айт мұсылмандардың ұлық мерекесі болғандықтан сыйлық жасалуы керек. Бізде көбінесе «айттық, айттық» деп балалар жүгіріп жүреді ғой. Балалардың шаттыққа толы күлкісінен асқан не бар? Сондықтан шама келгенше беттерін қайтармай, барымызды бергеніміз дұрыс. Өзге ұлттың балалары екен деп те алалауға болмайды. «Қуантсаң, баланы қуант» деген сөз осындайда айтылған-ау. Бұл күні ешкім жабырқамауы керек, біреу мұңайып отырса, сұрамаса да сыйлық беріп, көңілін көтеруіміз қажет. Бұл – жомарттығымыз сыналатын мереке.

– Айттан бір күн бұрын берілетін шекке шектеу қою керектігі туралы не айтасыз? Әлем мұсылмандары ораза ұстайтын күні біздің қазақ қой сойып, ет асып жататыны қалай?

– Иә, дұрыс айтасыз. Құрбан айттың алдындағы күн арапа күні деп аталады. Сол күні қажылық парызын өтеушілер Арафат тауының етегінде тұрып, тілек тілейді. Дәл осы күні бүкіл әлем мұсылмандары ораза ұстайды. О дүниелік болып кеткен марқұмдардың атынан немесе сауабы сол кісілерге тисін деп құрбан шалуға болады. Бірақ арапа күні емес. Басқа кез келген уақытта соя беруге болады.

Арапа күні шек деп қойын сойып тастап, айт күні құрбан шалмайтындар бар. Бұл дұрыс емес. Себебі, айт намазынан кейін сойылған мал ғана құрбан болып саналады. Егер кімде-кім айт намазы оқылмай тұрып шалатын болса, ол құрбанға жатпайды. Берілетін сауабы да аз болады.

– Құрбан шаларда қойдың жүнінен ұстап тұру, қанын маңдайға жағу сияқты әдеттер бар. Осылардың діни негізі бар ма?

– Пайғамбарымыздың сүннетінде құрбандықтың әрбір қылшығында сауап бар, содан ұстап тұрыңдар делінген. Әркім өз құрбанын өзі бауыздауы қажет. Егер ол қолынан келмесе, қасапшы жалдап, өзі жүнінен ұстап тұрады. Кейбір құрбан шалушылар малдың исінен, жүнінен жиіркеніп, ұстамақ түгіл маңына жоламайды. Осы тәкаппарлықты жеңу үшін де жүнінен ұстау маңызды. Құранда өлексе, доңыздың еті, қан харам етілген. Сондықтан сойылған малдың қанын маңдайға жағу шариғатта қатаң тыйым салынған істердің бірі.

– Ал кейде құрбан шаларға шалынатын малдың аяғын байлау немесе байламау туралы дау туындап жатады. Осының ағы мен қарасын ажыратып беріңізші.

– Әр елдің салты әртүрлі. Мысалы, араб мемлекеттерінде үлкен түйе немесе бұқаны жығып әуре болмайды, тұрған бетте бауыздап тастайды. Қаны әбден ағып біткен соң мал жан тапсырады. Бұл – бізге жат. Пайғамбарымыз да хадисінде «малды қинамаңдар» деген. Тіпті көзінің алдында пышақ қайрауға тыйым салған. Жан беру оңай ма? Бауыздаған малыңыз қолыңыздан шығып кетіп, жан-жаққа қанын шашыратып қашса не болады? Сондықтан, аяғын жіппен байлап сою дұрыс.

– Ақсақалдар, мешіт қызметкерлері бірігіп, ысырапшылыққа қарсы «жиһад» жарияладыңыздар ғой. Сол қаншалықты нәтижесін беріп жатыр?

– Құранның Ағрап сүресінде «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Ысырапшыларды Алла тағала жақсы көрмейді» деп келеді. Бізде жаназа кезінде, тағы басқа да діни рәсімдер кезінде мал шашу көбейіп кеткені рас. Шариғатта көрсетілген талап бар, қалыптасқан әдет-ғұрып бар. Осы екеуінің тізгінін тең ұстау керек. Зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесі, қажылар ақылдаса келе жаназада жыртыс таратуды тоқтаттық. Етті де табақ-табақ қылып әкелетінбіз. Оған ды шектеу қойдық, қазір турап қана беріледі. Жаназа рәсімі бірізділікке түсіп келеді. Өңір тұрғындары да түсініктікпен қарауда, қазір осы талап тоқсан пайыз орындалуда десем артық айтқаным болмас.

– Ысырапшылықты сұрап отырған себебім, бұл жаман әдет құрбан шалу кезінде көрініс беріп қалып жүр. Малдың ішек-қарынын аршымай, лақтырып жіберетіндер көп. Терісі тау болып үйіліп қалады. Осыны қалай тоқтатуға болады?

– Бұл өте күрделі мәселеге айналып келеді. Біз де қынжыламыз, әкімшілік те біліп отыр. Өңірде тері өңдейтін кәсіпорынның жоқтығынан осындай жағдай қалыптасуда. Бір шағын фабрика болса, теріні тегін тапсырар едік. Қазақстанның өзге өңірлеріндегі тері өңдейтін кәсіпорындар алып кетсе де жаман болмас еді. Амалдың жоқтығынан, қаншама тері қоқысқа лақтырылып жатыр. Жамағаттан тағы бір өтініп сұрайтынымыз, теріні мешітке әкелудің қажеті жоқ. Сәл ертеректе, ескі мешітке жинап, кейін бір кәсіпкер алып кетіп жүрген екен. Тіпті бір жылдары жиналып қалған тері сасып та кетіпті. Мешіт тері қабылдайтын орын емес, сондықтан бұдан былай әкелінбейді. Ал тері аламын дейтіндер табылып жатса, мекенжайын береміз, сонда апарып өздеріңіз өткізесіздер.

Екінші мәселе, ішек-қарын аршу. Ауылдарда бұл жағынан ешбір қиындық жоқ. Ал қалалық жерлерде ішек-қарын үйіліп далада қалады. Оны аршитын келіншектер азайып кетті. Құрбанның қаны, бездері, өті мен қуығынан басқа мүшелелері халал болып саналады. Тіпті төрт сирағына дейін үйтіп, ас қылуға болады. Сіз ішек-қарынды айтасыз, қазір малдың басын керек қылмайтындар пайда болыпты. Оны үйтуді ауыр жұмыс санайды. Құдай бетін аулақ қылсын, кезінде ашаршылық кезінде қурап қалған тулақты да суға қайнатып талғажау еткен ғой. Сол күндерді басымызға бере көрмесін.

Жұмысшы кентіндегі құрбан шалатын орында қой сойып беретін, басын үйтетін адамдар болады. Бірақ бәрі ақылы деп ренжитіндер де бар. Пайғамбарымыз жұмыс істеткен адамның маңдайының тері кепкенше ақысын беруді бұйырады. Демек, өзіміз қойды соя алмасақ, басын үйте алмасақ, әрине, соны істей алатын адамдарға ақысын беріп істетуіміз керек. Бірақ әкесінің құнын сұрауға олардың да қақысы жоқ.

– Сөзіңіз рас. Құрбан айтта қойдың да бағасы шарықтайды, қасапшының да қызметі қымбаттап кетеді. Шектеу қоя аласыздар ма?

– Ол әркімнің арына байланысты. Соятын қойы жоқ адам, өзгенің құрбанын ақы алмай шалып беріп те сауап жинай алады. Мешіттің өз қасапшылары жоқ. Сондықтан қой соя білетін жігіттер жан-жақтан жиналады. Бағаны 2000-2500 теңгеден деп белгілеп отырмыз. Бас үйту – 500 теңгеден басталады. Бірақ неге одан көп аласың деп тағы айта алмаймыз. Ал ішек-қарын аршимын дейтіндер жоқ. Қасапшыларға арнайы киім беріледі, бауыздар кезінде жасалатын діни рәсімдер, оқылатын дұғалар үйретіледі.

– Сұхбатыңызға рахмет. Құрбан айт құтты болсын!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер