BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ғалымның хаты

Астана. 10 сәуір. Baq.kz - Қазақ тілінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тілші ғалымдарымыз аз емес. Олардың бұл жолда атқарған сүбелі еңбектері ұлт руханиятының қазынасына айналды. Сол арқылы тіл білімі қалыптасып, дамыды. Назарларыңызға ұсынылып отырған тарихи суретте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ тілі» кафедрасының профессорлары бейнеленген. Ортада – кафедра меңгерушісі Мархабат Томанов. Сол жақта: жоғарыдан төмен қарай отырғандар – Мырзатай Серғалиев, Бүркіт Отарәлі, Сапархан Мырзабеков, Асылбек Тасымов, Берікбай Сағындықұлы. Оң жақта: жоғарыдан төмен қарай отырғандар – Хасан Мұханбет, Қосжан Жолымбетов, Ержан Бектұрғанов, Қуатбек Молдабеков. Газетіміздің 5-ші бетінен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымының кандидаты Сансызбай Мәдиевтің тілші ғалым, профессор Хасан Кәрімұлы Мұханбет туралы жазған мақаласын оқи аласыздар.

Белгілі тілші, ғалым, ардақты ұстаз, профессор Хасан Кәрімұлы Мұханбет есімін мен алғаш сонау 1977 жылдары 4-5 сыныптарда оқып жүргенде естігем. Соғыс жылдары бала Хасанға дәріс берген әдебиет пәнінің мұғалімі, Қазақ КССР оқу ағарту және білім беру ісінің үздік оқытушысы Ғазымжан Ғұмарова апай бізге де сол пәннен сабақ берді. Ол кісінің егде тартып қалған уақыты, бірақ апайдың жүзінен әлі де нұры тая қоймаған кез. Жаны да, өзі де сұлу Ғазымжан апайымыз әдебиет пәнінен әдемі даусымен келістіре, үзілдіре өлең шумақтарын оқыған кезде бөлмеде «өлі тыныштық» орнаушы еді. Кейде маған ондай білімді, мәдениетті әрбір шәкіртінің жүрегінен жол табатын «Ұлы ұстаздарды» жоғарыдағы тәңірдің өзі де қолындағы бар мейірім шуағымен жылудан құрастырып, ерекшелеу қылып жаратып, жер бетіне жібере салатын секілді көрінеді. Нағыз ұстаз деген ұлы атқа лайық ондай жандарды бүгінде шаммен іздетсең де әй, табылуы қиындау-ау.

Хасан Кәрімұлы МұханбетСол апайымыз кейде бізге қарап: «Сендер оқып жүрген осы Абай орта мектебін кезінде үздік тәмамдаған, Алматыда, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-де ұстаздардың ұстазы Хасан Кәрімов, «ЦК-да» үлкен қызметте дәрігер Ғаділбек Мусин деген шәкірттерім бар. Егер жақсы оқысаңдар солар секілді сендер де үлкен азамат боласыңдар. Сонау астанадан елге қызмет етесіңдер» дейтін. Әрине, бала көңіл әр нәрсеге еліктегіш келеді ғой. Ол кезде астанамыз Алматыға жету біз үшін елес болғанмен, алдымыздағы асқар тау ағалар бейнесі бағыт-бағдар, өнеге болып, мектепті тәмамдаған соң оқу іздеп, ол кездегі жалғыз ғана университет, білімнің қарашаңырағы КазГУ-ден бірақ шықтық.

Атына әбден қанық ұстазбен жоғары курстарда таныстым. Төменгі курстарда ол кездерде стилис­тикадан дәріс беретін академик М.Серғалиевтің орнына емтихан қабылдап, ол кісіге курс жұмысын тапсырғаным болмаса, Хасан ағай біздің топқа лекция оқыған жоқ. Бірде бұрын бізбен оқып, кейін сырттай бөлімге ауысып кеткен курстас досым, бүгінде белгілі ақын Темірғали Көпбаевпен бірге Ғазымжан апайдың сөзін сынамақ үшін Хасан ағайдың лекциясына ұрланып кіргенім бар. Ағып тұрады екен. Тіпті «өлі тыныштыққа» толтыра аудиторияны баулап алуы, ұстазға тән кішіпейілділігімен түгел шолып қарайтын көзқарасы, байыппен кітап ашу мәнеріне дейін апайымыздан аумайды-ау, аумайды. Бәлкім, маған солай көрінген де шығар. Дәрісі біткен соң мен ол кісіге жақындап, соғыс жылдары өзі білім алған Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Ганюшкино селосының орталығы (бүгінде Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) Абай атындағы орта мектепте оқығанымды, апайымыздың ол кісінің атына айтқан жақсы сөздерін жеткіздім. Ол кісінің көзінен жарқ еткен қуаныш сезімін көргенмен, дәл сол сәтте жерлес екен деп қатты бауырына тартқанын байқағаным жоқ, сәл езу тартып жымиды да қойды. Хасан Кәрімұлының бір қараған адамға бет әлпеті жылы көрінгенмен табиғатынан берілген тәкәппарлығы менмұндалап тұратын. Ұнамаған адамына биіктен көзінің қиығын сала, біртүрлі риясыз күле қарайтын. Бірақ сол мысқыл күлкісінің астында үлкен ызғар жататын-ды. Сабаққа келмеген, оқуға немқұрайлы қарайтын студент- ол кісінің «бітіспес жауы». Пендешілікпен академик ағаларымыздың өзі шәкірттеріне ара түсіп, бір жолға «рақымшылдық жариялауын» сұрай бастаса, сабаққа қатыспаған бала туралы әңгіме болуға тиіс емес деп әңгіме соңын тыңдамастан қолын бір сілтеп, бұрылып кете барғанын «шыққыр көзіміз» талай көре қалды.

Ол шәкірттерін оңай жол іздемеңіздер, қазақ балалары білімді болуға тиіс деп «қинайтын». Ал оқуға ынтызар шәкірттерді досындай сыйлайтын. Қырағы ұстаз адамдарды өзіне бірте-бірте жақындататын. Ал көңілі түсіп, пейілімен берілген адамына үстіндегі киімін шешіп беруге даяр тұратын. Өтірікшіл, білімсіздерден өзін алыс ұстайтын. Мен де өзгелер секілді ол кісіге бірте-бірте жақындадым. Баласындай болсам да, мені әбден танып білген соң, құрдасындай сыйлады. Менде ағалық «көңілден су ішіп», әбден тәнті болдым. Бүгінде, іштей үзіліп тұрса да бауырына тартып, тайраңдатпай, білім мен ғылымның «адал» жолына үндейтін, алыстан қырандай самғай ұшып, қамқор болар аға көңілін ауық-ауық сағынасың. Ірілердің сойынан еді ғой, Хасан ағай.
Хасан ағайдың ірі болуының себебі де жоқ емес. Ол бұрынғы Бөкей Ордасында әділдігімен, жан-жақты білімділігімен де аты сол өңірге жайылған, Астрахань губерниясының правительі, атақты Мақаш Бекмұханбетовтың туысы, Шеркеш руының Қойыс бөлімінен тарайды. Атасы Мұханбеттің де арғы аталары би-шешен болған деседі жергілікті халық. Әкесі Кәрім өз еңбегімен күн көрген балықшы, кейіннен «Қызыл Ту» колхозының басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет істеді. «Қызыл Ту» майданға балық дайындау үшін Ұлы Отан соғысы жылдары құрылған. Соғыстан кейін бұл колхоз жойылып, асыл тұқымды Еділбай қойы бар «Коммунизм жолы» совхозына біріктірілді. Атырау облысы, Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосының күншығыс жақ бетіндегі Каспий теңізіне сұғына кірген бұл арал бүгінде Мақаш ауылы деп аталады.

Хасан ағайдың өмір жолы, қайдан, кімнен тарағаны, алғаш сауат ашқан ұстазы, жақсы үлгерімі үшін алған алғашқы сыйақысы, оған сатып алған соғыс жылдарындағы ақ нан дәмі, әке арманы, ағайдың оқуға аттану сапары, өсу жолы, бәрі-бәрі тәптіштеліп, профессор Хасан Кәрімұлының өзінің бақилыққа аттанардан бір-екі ай бұрын ғана өткен 70 жасқа толу мерейтойына арналған, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің доценті, филология ғылымының кандидаты, белгілі ғалым, журналист Аманқос Мектептегінің «Құс жолындай жосылған ғибратты ғұмыр» атты мақаласында («Атамекен» газеті. 10 ақпан, 2001 жыл) жан-жақты қамтылып жазылған болатын. Белгілі тюрколог, тілші, ғалым бір кезде қызметтес болған әріптес інісі, профессор Б.Сағындықұлының, басқа да шәкірттерінің жазғандарын айтпағанда, Хасан ағайдың 2001 жылы жұпыны мұқабамен «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Диалектология мен қазақ әдеби тілі тарихы мәселелері» атты көлемді оқу құралының беташары ретінде берген, атақты тілші ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Ә.Құрышжанұлының «Ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер» атты мақаласында да ғалымның өмір жолы мен қызметі, ғылымдағы еңбегі, ерекше мінезі жайлы жақсы айтылған. Өмірбаяны қажет адамдар осы басылымдарды оқи жатар, менің айтпағым – ғалым зерттеулерінің тереңдігінде.

Хасан ағай көп оқыған, өте білімді ұстаз болуымен қатар, ғылымға атүсті, ермек ретінде қарамайтын, әрбір жазылған, айтылған пікірлерді ой елегінен, өмір тәжірибесінен өткізіп барып, жан-жақты ғалымдар пікірімен тиянақтай отыра қорытынды жасайтын парасатты ғалым. Сіз оған «Диалектология мен қазақ әдеби тіл тарихы мәселелері» атты оқу құралын парақтай отырып әбден көз жеткізесіз. Ұстаз білімдарлығы алғаш аяқ алысынан-ақ байқалады.Қазақ халқының марқасқалары, ҚазМУ-дың сол кездегі ғұламалары М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Т.Тәжібаев, тілші, әдебиетші ғалымдар Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Н.Сауранбаев, С.Кеңесбаев, М.Балақаев, Б.Шалабай, И.Маманов, О.Төлегенов, Ж.Аралбаев секілді ұстаздардан сапалы білім алумен қатар, жоғары талаптағы сынақтарынан мүдірмей өтіп, университетті 1953 жылы Сталиндік стипендиямен үздік тәмамдауы көп нәрседен хабар берсе керек.

Ғасыр өлшемімен алғанда көп уақыт бола қойған жоқ, қазақ тіл білімі өткен ғасыр басында қалыптасып, ғасырдың орта шенінде тамырын жайған теректей сала-салаға бөлініп тармақтала бастады. Қазақ диалектологиясы мен әдеби тіл тарихына қалам тартқан ғалымдарымыз да баршылық. Тіл білімінің негізін салушылар А.Байтұрсынов, А.Жұбанов, академиктер Н.Сауранбаев, С.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаевтардан бас­тап, соңғы буынды айтпағанның өзінде Ғ.Мұсабаев, Ә.Құрышжанов, Қ.Өмірәлиев, О.Нақысбеков, Ғ.Қалиев, Ж.Досқараев, Ж.Болатов секілді басқа да тұстас ғалымдар осы тақырыптарда біраз еңбектер жазды. Дей тұрғанменен, диалектологияға Хасан ағайдай тереңдей кіріп, еңбек сіңіргендері көп емес. Әрқайсысы әртүрлі анықтамалар берген, лингвистиканың бір саласы ретінде қарастырған. Оны ұлт тілі деген ұғымға енгізіп, белгілі бір тармағын құрайтындығын айтқан. Алайда Х.Кәрімұлы олар әдеби емес, жергілікті тіл ерекшеліктерінің әдеби нормадан тыс жатқан тілдік амалдары ғана екендігін ғасырлар бойғы тіл тарихына, тіл заңдылықтарына сүйене отырып, ежіктей түседі. Ғалым жергілікті тіл ерекшеліктерін ажыратқанда әдеби тілдің орфоэпиялық, орфографиялық, грамматикалық, лексика-фразеологиялық нормаларына сүйену керек деген тілші ғалым, профессор М.Балақаевтың тұжыры­мын алға тартады. Сөйте отырып, ол әдеби тіл нормаларын игеру, көп оқып, ұзақ ізденуді қажет ететіндігін, бұның оңай жұмыс емес екендігін, әйтпегенде, диалек­тілік ерекшеліктерді ажырату барысында қателіктерге ұрынатындығымызды ескертеді.

Бүгінгі таңда ұлт тілдері арасында аз болсын, көп болсын диалектілік ерекше­ліктері байқалмайтын тілді кездестіру қиын. Бірақ бұл ерекшеліктердің жалпы ұлт тілінің тұтастығына тигізер әсері онша емес. Осыған диалектологияда тілдің диалектілік мүшеленуінің әртүрлі дәрежелерін бейнелейтін ұғымдар бар. Олар: говорлар, говорлар тобы, үстеулер. Тілдік диалектілік мүшеленудің әртүрлі дәрежелерін дәйекті, дәлелді сипаттауда диалектілік құрылыстың таралу шекарасын лингвистикалық картада көрсететін сызық – изоглосса деп аталса, говорлар, говорлар тобы, үстеулердің әрқайсысы өзіне тән фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктердің изоглоссалардың жиынтығы негізінде ажыратылады. Міне, осы мәселені ғалым одан әрі тереңдете түседі. Маңызды айырмашылық олардың тіл құрылысының қандай мәселелерін қамтитындығында, әрқайсысын сипаттайтын тілдік құбылыстардың соншалықты күрделілігінде екендігіне тоқталады.

«Мәселен, дейді зерттеуші – говорлар әдетте территория жағынан ғана емес, қамтитын тілдік құбылыстар жағынан да ұсақ болып келеді. Бір говорда байқалған көптеген ерекшеліктердің тағы басқа әлденеше говорларда, тіпті кейде бір-бірінен алыс жатқан говорларда қайталанып келе беруі табиғи жай десек болады. Біраз ерекшеліктердің жалпылама құбылыс болмай, санамалы сөздер көлемінде кездесуі сол сияқты барлық тұрғындар үшін міндетті болмай, талғамалы, таңдамалы түрде жұмсалуы жөнінде де осыны айтқан жөн» (Х.Мұханбет-Кәрім. «Диалектология мен қазақ әдеби тіл тарихы мәселелері». Алматы, «Қазақ университеті. 2001ж.).

Сондай-ақ ғалым қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің сипаты қандай дәрежеде деген мәселені қозғай отырып, қазақ тіл білімінде талас тудыратын екі пікір бар екендігін, оның бірі С.Аманжолов, Н.Сауранбаев бастаған ғалымдардың қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер диалект дәрежесінде терминдік тар мағынасында дейтін пікірі болса, екіншісі Ж.Досқараев, Ғ.Мұсабаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев бастаған ғалымдардың қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер говор сипатында дейтін пікірлері. Міне, осы пікірлерді салыстыра келіп, ғылыми зерттеудің елегінен өткізе отырып, ғалым бұл топтаулардың қай-қайсы да қазірше тілдік факті тұрғысынан жан-жақты дәлелденген жоқ деген тұжырымға келеді. Бұрынғы ғылыми еңбектерде қалыптасқан принциптердің де говорларды топтастыруда толық сақтала бермегендігін, сондықтан да бұл мәселе қазақ тіл білімінде жалпыға бірдей шешімін таппаған мәселе болып қалып отырғандығын айтады. Оны ғылыми тұрғыдан дұрыс шешудің бірден-бір қажетті алғышарты диалектілік құбылыстардың таралу шегін нақты айқындау оны картаға түсіру (изоглосса) деген тоқтамға келеді. «Қазақ тілі говорларының жұрттан алған ғылыми классификациясын жасау жеке говорларды сипаттауға арналған монографиялық зерттеулер арқылы ғана жүзеге асатын нәрсе» деген зерттеуші С.Омарбековтың пікірін қостайды. Говорлар тобының саны, әрқайсысының шекарасы, айрықша белгілері туралы мәселелер үзіл-кесілді шешілмегендіктен де «оңтүстік говорлар тобы», «батыс говорлар тобы» деген пікірлерге сақтықпен қарауды ұсынады. Өзіне тән ерекшеліктер, ұқсастықтар сондай-ақ бір жердегі айтылған диалектілік ерекшеліктердің екінші жерде де көрініс беруін әрқашан назарда ұстау қажеттігін, оның астарын іздеу үшін тіл тарихының тереңінен, қайраңынан іздеуге нұсқау береді.

Ғалым өз зерттеулерін сатылап зерделей келе ұлт тілі дегеніміз тұтас алғанда аса бір күрделі жүйені құрайтындығын, бұл жүйеге бір жағынан сол тілдің өңделген, сұрыпталған, екшеліп барып бірізділік дәрежесіне жеткен әдеби түрі енсе, екінші жағынан өзіндік ерекшелігі бар жергілікті тармақтары диалектілері кіреді деген пікірді «жаңаша тірілтеді». Ұлттық тіл сынды күрделі құбылыстың өзіндік сырын терең түсіну үшін оның жеке тармақтарын жан-жақты зерттеу қажет. Қалыптасқан жеке тармақтардың өзі ұлттық тілді әр қырынан алып қарастырады. Әрқайсының өзіндік проблемалары бар. Ал кенже дамыған, тіл туралы ғылымның сондай дербес салаларының бірі диалектологияның көкейкесті мәселелері олардан да көбірек. Қазақ диалектологиясының міндеті – қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді зерттеп, оларды топтап, жан-жақты сипаттау, талдау. Бұның тілімізді дамыту мен оның тазалығына тигізер әсерінің көптігінде деген тұжырымға келеді ғалым.

Жалпы профессор Х.Мұханбет-Кәрім диалектология саласын дамытушы, оны дербес, іргелі ғылым ретінде көпшілікке танытушы алғашқы ғалымдар қатарында. С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев секілді аға буындар еңбегінде диалектология мәселесі көтерілгенменен 1950-60 жылдарға дейін жоғары оқу орындарына пән ретінде енгізілмеген болатын. Ұстаз ғалым Х.Мұханбет-Кәрім осы олқылықтың орнын толтырып, 1961-1962 жылғы оқу жылында «Қазақ диалектологиясын», 1968-1969 оқу жылдарында «Қазақ әдеби тілінің тарихы» пәндерін жеке курс ретінде бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің оқу бағдарламасына енгізді. Содан бері филолог мамандар осы дербес сала бойын­ша дәріс алып келеді.

Тағы бір айта кетер жай, ұстаз, ғалым диалекто­ло­гия саласын зерттеген кезде тек ғылыми еңбектерге ғана сүйеніп қоймай, тәжірибелік қорытындыларға да «арқа тіреген». Өзі шәкірттерімен бірге жыл сайын облыстарға, аудандарға, әсіресе қазақтардың көп шоғырланған алыс ауылды мекендеріне экспедициялар ұйымдастырып, жаздың аптап ыстығына қарамай үлкендердің айқан сөздерін, кейінгі буынның дәл сол айтылған сөзді сөйлеу кезінде басқа дыбыстық өзгеріске ұшыратып айтатындығын қағазға түсіріп, жинап, қаттап отырған. Міне, нағыз ғалым осылай болса керек. Зерттеу объектісінің тек теориялық қана емес, практикалық жағынан да ғылыми тиянақталуы шын мәніндегі жетістіктерге қол жеткізері сөзсіз.

Ауызекі тіліміздегі бір дыбыстың орнына басқа дыбыстың қолданылуы, мәселен, «с»-ның орнына «ш»- ның қолданылуы өзге тілдерден сөз қабылдауға байланысты екендігі күмән келтірмейді, бірақ оның басты себебі онда емес. Көрші тілде де осылай еді деп түсіндіре салу диалектілік ерекшеліктердің пайда болуының тарихи лингвистикалық себебін түсіндірудің ең оңай жолы, ұтымды тәсілі. Рас, түрік, өзбек, қырғыз, тағы да басқа түркі халықтар тілінің әсерінен диалектілік ерекшеліктер пайда болу фактісі жоқ емес, бұл жеке жағдайда нақты дәлелдеуді қажет етеді дегенді айта келіп, Х.Кәрімұлы ғасыр басында, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің деректеріне сүйене отырып жазған, академик Н.Сауранбаевтың «Некоторые черты древнетюркского языка» деген (Вестник АН КазССР 1948 год м12, стр 15) мақаласында с – ш сәйкестігін өте ертедегі құбылыс деп тануын, професcор С.А.Аманжоловтың оңтүстік өңірдегі жергілікті халықтың тілінде ш дыбысының жиі ұшырауының басты себебін ерте кездерде осы өлкені мекендеген үйсін, қыпшақ, жалайыр, дулат тайпаларының ш дауыссыз дыбысын көп қолдануымен (C.Аманжолов «Вопросы диалектологии и истории казахского языка». Алма-ата, 1959 стр 237-238) түсіндіруін тегіннен-тегін емес дейді. Түркология саласындағы ғылыми зерттеулер қорытындысы с – ш сәйкестігінің тарихи көне құбылыс екендігін растай түседі. Ескі жазбаларда баш, құш, таш, беш, күміш, ешек, мышық, қыш, т.б. сөздер жиі ұшырасады . Ш дауыссыз дыбысы көптеген түркі тілдерінде сақталған. Осы іспеттес тілдік деректерге сүйенген ғалым аш, жалаңаш, қыш, піш тағы да басқа көптеген сөздердің көненің қалдығы, олардың оңтүстік, түркімен, маңғыстау говорларында сақталып келуі жоғарыдағыдай сөздердің ертедегі дыбыстық кейіпін сақтап айтылуынан деп тануға толық негіз бола алатынын алға тартып, түйін жасайды. Бұл тарихи қалдықтардың басқа өңірлерде сақталмай, айтылған говорларда ғана кездесуін ғалымдар Ә.Құрышжанов, Ә.Нұрмағамбетов ғылыми тұжырымдарымен бекіте түседі. «Басқаша айтқанда халық тілінде бұрыннан бар, ертеден келе жатқан, бірақ азая бастаған, өшіп, сөніп бара жатқан тілдік құбылыс «ш-шыл тілдердің» ортасына түскен қазақтар тілінде қайта жанданған-ды, сөйтіп, сөздің дыбыстық көне кейпі сақталып қалады демекпіз. Бұл тұжырым с-ш-ға ғана емес, өзге сәйкестіктер құрамындағы тарихи қалдықтарға да тікелей қатысты» дейді профессор Хасан Кәрімұлы.

Міне, тілші ғалым ағамыздың диалектология сы­рын тереңнен сонау ғасырлар қойнауынан іздеп, содан бері желі тартуы біріншіден көп ойға жетелесе, екін­шіден бұған біліммен «мұздай қаруланбаған» кез келген ғалымның бара беруі екіталай. Тіл тазалығын сақтауда үлкен халықтық қайнар бұлақтан сусындамай бұл салада белгілі бір жетістіктерге жету мүмкін емес­тігін ғылыми дәлелдемелер арқылы дәлелдеп көр­сетеді. Ғалым Хасан Кәрімұлын бұл саланы зерттеген өзге ғалымдардан «өзгешелеу» көрсететін де осы тұсы.

Профессор Хасан Мұханбет-Кәрім әдеби тіл тарихы туралы да тың пікірлер айтып, өзгеше пайымдар жасаған ғалым. Қазақ әдеби тіл тарихына қатысты қолданып жүрген терминдермен олардың ұғымдарын айқындау саласында бірлесе отырып, мәмлеге келер біраз дүниелердің барлығына тоқталады.Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов, басқа да ғалымдар еңбектерін саралай отырып көркемдігі мен бейнелілігі жағынан ешбір жазба әдеби тілден кем түспейтін, кезінде қоғамдық қызметін де атқарған ауызша әдеби тілдің болғаны, оның XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап жазба әдеби тілге ұласа бастағанын мойындамайтын ғалымның кемде-кем екендігін, бірақ осыларды жіктеп тартып айтуда әлі де терең зерттеуді қажет ететін дүниелердің өте көптігіне тоқталады. «Қазақ әдеби тілі тарихы» оқулығының (1968) екі тарауында Р.Сыздықованың ұсынған «жазба алдындағы әдеби тіл» деп аталатын, профессор Б.Әбілқасымовтың өткен ғасырдың екінші жартысына дейінгі кезеңді қамтитын «көне жазба әдеби тіл » деп аталатын тұжырымдарын қаперге ала отыра, әдеби тілді кезеңдерге бөлуде тиянақтайтын пікірлер баршылық екендігіне тағы бір соғып етеді. Ғалымның бұл жазған зерттеу қорытындылары Кеңес дәуірінің құлауға таяу соңғы жылдары екендігін ескерсек, бұл ойлардың астарынан әлі талай нәрселерді іздеуге болады.

Сондай-ақ әдеби тілдің алғашқы арналары қандай, тарихын қай кезеңнен бастау керек, қалай дәуірлеуге болады деген сұрақтарға келгенде әдеби тіл ең алдымен қандай негізде қалыптасты деген орынды сауалдан аттап өте алмайтынымызды, осы мәселелер жөнінде қарама-қайшы көзқарастардың молдығын алға тартады.

Әдеби тіл мәселелері алғашқы көтерілген кезде біз орыс тіл білімінен үйрендік, қазір де үйреніп келеміз. Кейбір ұғымдар аражігі ажыратылмай, ұқсас ұғымдар арасына тепе-теңдік белгісін қою үстем болып келеді. Мысалы жазу тілі, жазба тілі және әдеби тіл, ұлт тілі және әдеби тіл, көркем әдебиет тілі және әдеби тіл ұғымдары арасы тепе-тең. Жазбаша жеткеннің бәрі оның әдебилігі дәлелденіп жатпай-ақ жазбаша болса болды әдеби тіл деп ұсынылды. Міне, осы жаңсақ көзқарастардың жаңғырығы ғалымдар пікірінде әлі де шаң беріп отырғанын айта келе, мәселен күні бүгінге дейін XVIII-XX ғ. қазақтың эпистолярлық документтерінің тілін қазақ әдеби тілінің материалы деп қарау, тіпті әдеби тілге жатқызғанның өзінде де оны қазақтікі деп меншіктеуге келіңкіремейтіндігін жан-жақты дәлелдемелермен ғылыми айналымға салады. Тілге қатысты орыстар салған «сара жолдан» шыға алмай келе жатқанымыздың тағы бір дәлелі ретінде академик Н.Т.Сауранбаевтың қайтыс болған соң екі жылдан кейін жарыққа шыққан «Қазақ әдеби тілін зерттеу туралы» (1960 ж.) деп аталатын мақаласындағы «Кейбіреулер орыстың ескі лингвистикалық әдебиетіндегі дәстүр бойынша тек жазба әдебиет тілі ғана әдеби тіл болып саналады деп есептейді» деген сөзін келтіре отырып, өз ойын былайша қорытындылайды: – Н.Сауранбаев арамызда отырса өзі бұрын айтқан пікірлерінің көпшілігін қайта қараған болар еді. Себебі аталған мақаланың өзінде бұрын айтқан пікірлерін қайта қараған. Сондықтан академик Сауранбаевтың, Аманжоловтың жаңсақ айтылған, үстірт айтылған, ертеректе айтылған пікірлеріне көбірек жармаса бермесек екен дегенге шақырғым келеді. Керісінше, бұл ғалымдардың көзқарасындағы сәтті жайларды әрі қарай дамытып, тілдік факті арқылы дәлелдесек дұрыс болар еді деп ой­лаймын. (Х.Мұханбет-Кәрім. «Диалектология мен қазақ әдеби тіл тарихы мәселелері». Алматы, 2001ж. 205 б.)

Осы орайда ғылымдағы әріптестерін еліктеуден аулақ болуға, ол заманның әлдеқашан өтіп кеткенін, ғылым өссе ғалымдардың да өсетінін, ғылымды дамыту үшін алға ұмтылу қажеттігіне үндейді. Махамбеттің «меншігіне» айналдырып жүрген «Хан емессің қасқырсың, қара албасты басқырсың» деген тіркестің ХVII ғасырда өмір сүрген Марқасқадан жеткен жалғыз өлеңде кездесетіндігін, сондықтан да Бұхарға дейінгі ақын-жыраулардың тіліндегі сөз тудырушы жұрнақтарды зерттеуді әлі де тиянақтай түсу керектігін айтқан жолдарды оқыған кезде, ғалым ағамыздың көп оқитын ізденімпаздығына тағы бір рет тәнті боласыз. Әдеби тіл тарихы мен диалектологияны ғасырлар қойнауынан іздеуге тура келеді.

Түрлі саланы зерттеп жүрген ғалымдарымыз баршылық. Кейбір ғылым түрлері жалпы адамзат құндылықтарына қызмет етсе, тіл, тарих, әдебиет саласы көбіне-көп ұлтына, халқына қызмет жасайды. Бұл орайда тілінің шұрайын өзгеден іздеп, сыртқы әсерге ұрынып, ауа жайылып кететін ғалымдарымыз да жоқ емес. Ал тілдің тамырын ұлттың көмескілене бастаған ескі жұртынан іздеп, ғылыми қазынаға айналдырған аға буын А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов секілді, ұлт мұратына адал Хасан Мұханбет-Кәрім секілді ғалымдарымыз некен-саяқ. Бүгінгі жұмыр жер бетіндегі ұлттардың тілі мен мәдениетін алпауыттай жалмап келе жатқан жаһандану заманында әлі де болса дауылдай соққан ғылыми техниканың жетістіктеріне қара емендей төтеп беріп, тіліміздің сақталып келе жатқандығы осындай ғалым ағаларымыздың ғылымдағы зерделі еңбектерінің арқасы. Ғалым ұстаздың ізденіспен өткізген көп ұйқысыз түндерінің жемісі – ғылыми қазынасы, өзі тәрбиелеген мыңдаған шәкірттерімен қатар әлі де талай буынның қажетіне жарары сөзсіз. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы да.

Сансызбай МӘДИЕВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
директорының орынбасары,
филология ғылымының кандидаты 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер