BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елордада ІІ республикалық имамдар форумы өтті

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам және өркениет» тақырыбында ІІ республикалық имамдар форумы өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 500-ден астам мешіт имамдары, медресе ұстаздары мен шәкірттері, еліміздегі діни конфессиялардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ алыс-жақын шет елдердің діни бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері, журналистер қатысты.

Форум жұмысы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Б. Ермекбаевтың Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берумен басталды.

Форум барысында Діни басқармамен арнайы әзірленген «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы мен «Ханафи мазхабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы бекітілді.

Аталған құжаттарда Қазақстандағы исламның дәстүрлі мектебінің бірі болып табылатын Ханафи мазхабының ерекшелігі, еліміздегі мешіт имамдарының ХХІ ғасырдағы заман талабына сай жан-жақты білім алып, жамағатқа үлгі болу талабынан туындайтын мәселелер қамтылған.

Форумда Үндеу қабылданып, онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық код пен ұлттық бірегейлікті сақтау мен нығайту желісінде халқымыздың діни тұтастығы мен рухани жасампаздығын қамтамасыз етіп келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің әлеуетін қоғамымыздың рухани жетілуіне жұмылдырылатыны көрініс тапты.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да өз баяндамасында діни басқарма алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – қазіргі заман талабына лайықты имам дайындау екенін айта келіп, «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасын – дін қызметкерлерінің беделі мен білімін арттыру бағытындағы бірегей қадам деп бағалады.

«Қабылданғалы тұрған Тұжырымдамада дін қызметкерлерінің, яғни Бас имам, наиб имам, ұстаз, молда, азаншылардың лауазымдық міндеті мен мәртебесі айқындалды. Бұдан былай дін мамандары жоғары лауазымды қызметтерге кезең-кезеңімен сатылап тағайындалатын болады.

Өйткені, имам қызметі тек бес уақыт намазға имамдық етумен шектелмейді. Имамның уағыз айту, діни рәсімдерді атқару, мешітке келген әрбір жамағаттың сұрағына жауап беру, рухани іс-шараларды ұйымдастыру сынды өзіне жүктелген жауапкершілігі жоғары мол жұмыстары бар. «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» атты құжаттың басты мақсаты – ХХІ ғасырдың имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық принциптерді ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету. Сонымен қатар, бұл Тұжырымдама еліміздің мұсылмандарын бірлікке, татулыққа шақырып, халықты ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын сыйлауға, зайырлылық принциптерді ұстануға, діни экстремизм мен терроризмнің кез келген түріне төзбеушілікке үндейді», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Министр Н.Б. Ермекбаев өз баяндамасында Қазақстанның өсіп-өркендеуі көптеген факторлардан, оның ішінде діннің қоғамдағы орны мен рөлін дұрыс түсінуге байланысты екендігіне баса мән бере келіп, «ұлттық-мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда мемлекеттің стратегиялық әріптесі ретінде еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын көруіміздің толық қисыны бар» деп атап өтті.

Н.Б. Ермекбаев өз сөзін «Мемлекет діни бірлестіктермен өзара әрекеттестікті қолдайтын болса да, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек» деп жалғастыра отырып, «Қазақстанның зайырлы қағидаты исламның және заңды негізде қызмет атқарып отырған басқа да діндердің рухани мұраларын құрметтеуге және әрбір азаматтың дінді таңдай алубостандығына негізделетіндігін» жеткізді.

Форумда сөз алған баяндамашылардың ойы, сайып келгенде, «мешіт имамдары өздерінің білімі мен біліктіліктерін әрдайым көтеріп отыруға, елімізге тән дәстүрлі исламның жасампаз құндылықтарын насихаттауға,ел тұрғындарына дәстүрлі ислам мен қоғамымызда бой көрсетіп жүрген әртүрлі жат ағымдардың аражігін ашып көрсетуге жұмылдыруы тиіс» деген тұжырымға негізделді.

Суреттер: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер