BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұстаз: Домбыра ұстаған бала қатыгездіктен аулақ болады Эксклюзив

Фото: Нұржас Жақсыбай

Музыка мектебінде сабақ беретін Салтанат Қошбарева ұлтымыздың қоңыр үні туралы әңгімеледі. Қазақтың домбырасын дәріптеп жүрген ұстаз осы уақытқа дейін 150-ден астам шәкірт тәрбиелеп шығарған.

Салтанат Қошқарбаева Астана қалалық №1 өнер мектебінде домбырадан сабақ береді.

“Алғаш рет әкем қолыма домбыра ұстатты. Ол кісі музыка маманы болмаса да, домбыра, сырнай, прима-мандолина аспаптарында кез келген əуенді еркін орындай алатын. “Сенің музыка сауатың болуы керек” деп кішкентайымнан айтатын ол 10 жасымда музыка мектебіндегі Айсин Жантемір ұстаздың домбыра сыныбына берді. Мектепті, содан соң Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін мəдениет үйі жанынан құрылған Сансызбай Сәдуақасов жетекшілік ететін оркестрге қатыстым. Қазіргі кезде №1 өнер мектебінде домбыра аспабын өнерлі өрендерге үйретіп келемін”, - деді ұстаз.

Салтанат Қошқарбаева жақында ғана қабылданған домбыра күні туралы өзінің жылы лебізін білдірді.

“Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанда шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. “Рухани жаңғыру” идеясының төңірегіндегі игі бастама бүкіл қазақ елі үшін, қасиетті домбыраны серік еткен əр қазақ үшін, домбыра аспабын өскелең ұрпаққа меңгертіп жүрген ұстаздар қауымы үшін маңызы орасан зор. Мен жиырма жылдан астам уақыт бойы халқымыздың асыл мұрасы домбыра аспабын балаларға үйретіп келе жатырмын. Өйткені, мен үшін домбыра - үлкен рухани адамгершілік мектебі, баға жетпес эстетикалық өмір оқулығы. “Қолына домбыра ұстаған балаға имандылық пен дарындылықтың жылуы дарып, қатыгездіктен аулақ болады" деген нақыл сөзде шындық жатыр. Қазіргідей ғылым мен техника дамыған заманда, домбыра ұлттық болмысты бейнелейтін символ, ұлттық өнердің жаршысы болмақ”, - дейді домбырашы.

№1 өнер мектебінде домбыра сыныбына балаларды қабілетіне қарай 8 жастан қабылдайды. Салтанат ұлылардан қалған “Маған дарынды бала емес, дарынды ата-ана беріңдер” деген сөзді еске алып, домбыра аспабына баулып жатқан ата-аналарға алғысын жаудырды.

“Қазір бір қуантарлығы домбыраға қызығып үйренгісі келетіндер саны көбеюде. Домбырасын арқалап кетіп бара жатқан бүлдіршіндерді көріп сүйсінесің. Арнайы күн белгілеп, атадан қалған асыл мұрамызды төбеге көтерген елбасының көрегенділік саясатының арқасында домбыра аспабын құрметтеп, күй шертетін өнер сүйер өскелең ұрпағымыздың қатары көбейіп, кеңінен таралатын болды”,- деді Қошқарбаева.

Ол Ұлттық домбыра күні тарих парақшасында өшпейтін орнын алуы тиіс екенін айта кетті. Ұстаз ретінде сол үшін өзі де бар күш-жігерін салмақ.

“Домбыра үні - ұлттың үні. Өнер майталмандары, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі оркестрлер үшін шоқтығы биік асыл-маржан күйлерді орындау зор мəртебе, зор тəрбие. Сөз соңында ақын Серік Сейітманның өлеңімен аяқтағым келеді:

Домбыраның пернесінде əн ғажап,
Домбыраның шанағында зарлы азап.
Қазақ болып қалды мəңгі домбыра,
Домбыра боп қалса екен-ау əр қазақ!”,- деп сөзін түйіндеді ұстаз.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шілденің алғашқы жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп жариялаған болатын.

Видеолар: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер