BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Депутат: Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтау қажет

Фото: Forbes.kz

Депутат Азат Перуашев Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық іс-шараларды өткiзудi ұсынады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ол Премьер-министрдiң атына жолдаған депутаттық сауалда Үкімет тарапынан қабылданатын шаралар жөнінде сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Депутат 2017 жылы Алаш ұлттық автономиясы, Алаш партиясы және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толатынын атап өттi. Оның пайымдауынша, бұл ұлттық демократиялық қозғалыс тарихындағы елеулі кезең.

«Алаш қозғалысының ұстанымдары қазақ мемлекеттігін мақсат етті. Бірақ азаттықтың жаршысы болған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлеріне көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік болмады. Алаш арыстарының ең басты еңбегі заманның қиыншылықтарына қарамастан ел еркіндігіне ат салысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда қанын да, жанын да аяған жоқ. Дегенмен, бостандық жолында құрбан болған Алаш арыстарының еңбегі мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың арман-мақсаттары бүгінгі таңда орындалды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан оған дәлел», - дейдi Азат Перуашев.

Сонымен қатар, ол Алаш қайраткерлерінің тәжірибесі Елбасы айқындап берген «Мәңгілік ел» патриоттық актісімен үндесіп жатқанын сөз еттi.

«Ендеше, Алаштың 100 жылдығын ел өміріндегі маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп санап, оның дайындығына үкіметтік және басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырамыз. Оған салмақты әрі сапалы дайындық пен жоспарлау қажет деп санаймыз. «Ақ жол» фракциясы Үкіметке қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық іс-шаралар белгілеп, жүзеге асыруды ұсынады. Осы ұсынысымызды ескере отырып, көтерілген мәселеге орай Үкімет тарапынан қабылданатын шаралар жөнінде хабардар етуіңізді сұраймыз», - деп түйiндедi сауалын депутат.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер