Берік Арын: Дінбұзарлардың ғаламтормен жететін ақпаратын құрықтау қиын болып тұр - Руханият|29 Маусым 2017, 16:39
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Берік Арын: Дінбұзарлардың ғаламтормен жететін ақпаратын құрықтау қиын болып тұр

Шетелдік дін уағызшыларының белсенділігі интернет ресурстары арқылы да жүруде. Өкінішке қарай, елімізде осындай ғаламтормен жететін ақпаратты құрықтау қиын болып тұр. Астанада өткен Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренингте «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың басымдықтары» тақырыбында баяндама жасаған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын осылай деді.

– Қазіргі күнде дін саласындағы ең басты міндет - еліміздің дамуының зайырлы қағидаттарын сақтау және нығайту. Бүгінгі күнде елімізде жүзеге асырылып отырған мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстандағы діни ахуал тұрақтылығы сақталып отыр. Діни бірлестіктер 2011 жылы қабылданған қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның аясында қызмет етеді. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасында және конфессиялар арасындағы қарым-қатынастар оңды сипатта дамуда,-деді вице-министр.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде 18 конфессияның 3658 діни субъекті қызмет атқарады. Барлық діни бірлестіктер тең құқықты және діни сеніміне қарамастан бірдей міндеттерге ие. Сондай-ақ, олар құқық бұзушылықтары үшін заңмен бекітілген негіздер мен тәртіпте бірдей жауапкершілік жүктеледі.

– Қазіргі таңда бүкіл әлем елдерінде діни экстремизм мен терроризм қаупі сақталып отыр. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауының үшінші басымдығы шеңберінде дін саласындағы мәселелердің қозғалуы кездейсоқ емес,-деген Берік Сақбайұлы әлемдегі және біздің елімізде бой көрсетіп отырған радикалдық діни ағымдардың теріс идеяларының таралуынан туындап отырғандығын айтады.

– Көбінесе радикалдардың құрығына жалған діни идеалдарға соқыр сеніммен еретін адамдар түседі. Қазақстан үшін жат діни идеологияның таралуы еліміздегі мұсылмандар қауымдастығының жіктелуіне, өздерін мемлекетке, қоғамға және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарсы қоятын адамдар қатарының қалыптасуына алып келеді. Осы ретте, радикалдық идеялардың таралуының негізгі себептері ретінде халықаралық террористік ұйымдар мен олардың идеологтарының жандануынан көрініс тауып отырған халықаралық факторды айта кету керек. Шетелдік уағызшылардың белсенділігі интернет-ресурстар арқылы да жүруде. Бұл да діндарлардың радикалдануына айтарлықтай әсер етіп отыр. Өкінішке орай, Қазақстан аумағында оларға шектеу қою бойынша мемлекеттік органдар тарапынан іске асырылып отырған іс-шаралар айтарлықтай нәтиже бермей отыр, өйткені ғаламтор желісіндегі шектеулерді сырт айналып өту құралдары көп,-дейді министр.

Айта кетейік, бүгін Астана қаласында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйымдастыруымен өткен тренингте дін тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистер мен діни сарапшылар дін саласындағы ақпараттардың сауатты жариялануы төңірегінде пікір алмасты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер