BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Берік Әбдіғалиұлы: Енді Кенесарының бас сүйегін қайтару керек

Фото: qasym.kz

Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Кейкі батырдың бас сүйегінің елге жеткізілуі игілікті шара. Бұл туралы Астанадағы халықаралық әуежайда батыр бабаның бас сүйегін қарсы алуға келген саясаттанушы, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейкі батырдың бас сүйегі елге жеткізілді, ендігі кезекте Кенесары ханның бас сүйегін алып келу міндеті тұр. Көп жылдан бері Қазақстанның ғалымдары іздестіру жұмыстарын үзбей жүргізіп келеді. Әзірге табылмай жатыр. Осы ретте Ресейдің ғалымдары қосылып, тауып берсе жақсы болар еді. Өйткені, оларда көптеген құжатты тексеріп шығуға мүмкіндік бар»,-деді қоғам қайраткері.

Сонымен қатар ол Қырғызстан жерінде де тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізу маңызды екенін жеткізді.

«Ханның басын таппасақ та, Кенесарының қаза болған жері белгілі ғой. Қырғызстан жерінде зерттеу жұмыстарын тереңдетіп, сараптамалық жұмыстар жүргізуге болады. Сондықтан іздеуді тоқтатпау керек. Себебі, бұл қазіргі буынның парызы деп білемін»,-деді Әбдіғалиұлы.

Оның сөзіне қарағанда, осыдан 10 жыл бұрын ғылыми жұмыстар арқылы Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасына барып, Кейкі батырдың бас сүйегін сұраған екен. Сол кезде музей басшылығы бас сүйекті бермейтіндігін хабарлаған көрінеді.

«Олар өздерінің жауабында бас сүйек Ресей Үкіметінің меншігінде тұрғандығын, бұдан басқа кунсткамерада Кавказдан және басқа да елдерден көптеген адамдардың басы сақтаулы екенін, егер бас сүйекті Ресей тарапы Қазақстанға берсе, қалған елдер жаппай сұрау жолдайтынын айтқан болатын. Бұл тұрғыда музей басшылығы үкімет қаулысы шыққан жағдайда ғана бізге табыстай алатынын хабарлады»,-деп нақтылады қоғам қайраткері.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер