BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Балаңыздың кітап оқымауына не себеп екенін білесіз бе?

Фото: abai.kz

Балаңыз былай тұрсын, өзіңіз соңғы рет қашан, қай автордың кітабын оқыдыңыз, құрметті оқырманым? Кеңес өкіметі тұсында телефон, компьютер, смартфоныңыз былай тұрсын, есі дұрыс телевизор жоқ еді ғой. Соның арқасында қазақ оқырманының «алтын дәуірі» сол 70-90 жылдар болғаны жасырын емес. Әрине, кітапты сән үшін, бір-бірінен мәртебесін асыру үшін жинайтындар да болғанын жасыра алмаймыз. Дегенмен 30 мың, 40 мың данамен кітабы шыққан әйгілі ақын-жазушыларымыз болды. Демек кітапқа сұраныс бар еді. Қазір мықтағанда 5 мың данамен шығады. Әйтпесе 500 бен 2000 дананың арасы ғана. Бұл кітапқа сұраныстың жоқтығы. Яғни кітап оқитын адам жоқ дегенді білдіреді.

Құрметті оқырманым, өзіңіздің тұсыңызда іздеп жүріп кітап оқыдыңыз. Ал қазір балаңыз іздеп жүріп кітап оқи ма?

Сабақтан келе салысымен не телевизорға, не компьютерге, болмаса телефонға қарай жүгіретіні анық қой.

Ал дәл осы күйі жалғаса беретін болса алдағы 20-30 жылдың ішінде сіздің келесі ұрпағыңыз рухани тоқырауға ұшырайтыны анық. Себебі, ата-бабаларымыз табиғатпен үндес, табиғатпен біте қайнасып, бірігіп кеткен еді. Оған көшпелілік өмір салты дағдыландырған болатын. Көшпеліліктен ажырап, жартылай отырықшы болған дәуірдің өзінде қазақ руханияты өзіндік деңгейін ұстап тұрды. Ал қазіргі кездегі жаппай қалаға ұмтылған тұста біздің рухани дүниеміз кемелденудің орнына құлдырап барады. Ұрпақ жаппай кітап оқудан бас тартып отыр. Ал қазіргі кезде Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Ілияс Есенберлин секілді сүбелі роман жазатын жазушы жоқ. Қазақы дүниетанымды қалыптастыратын, ұрпақ бойындағы ұлттық иммунитетті толықтыратын романдар тумайынша қазақ оқырманын қайта қалпына келтіру мүмкін емес секілді.

Әрине, баршаға топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен жастардың әсіресе мектеп жасындағы оқушылардың көбі роман оқымайды. Қазіргі заманның, қазіргі қазақ қоғамының жүгін көтеретін романдардың жоқтығы да бұған себеп.

Балаңыздың кітап оқуға деген қызығушылығын оятпайынша бұл үрдіс оңалмайды. Қоғамдық сауалнама негізінде 100 ата-ананың 75-і үйде баласының кітап оқымайтынын айтты. Әрине, сабақта берілген тапсырманы орындап, бір-екі өлең жаттау үшін әдебиет кітабын оқу бір басқа да, бос уақытын пайдаланып, көркем әдебиет оқу мүлде бөлек. Сауалнама барысында көптеген ата-аналар балаларын түрлі спорттық үйірмелерге, тіл үйрену курстарына немесе музыкалық білімін жетілдіруге апаратынын айтты.

Дұрыс, салауатты өмір салытн ұстанатын ұрпақтың денсаулығы жақсы болады. Алайда қалада өскен, асфальтта өскен ұрпақтан ары кетсе мықты спортшы шығуы мүмкін. Бірақ одан қазақ дүниетанымын ашып бере алатын жазушы не ақын шықпайда ғой. Ал ән мен музыкаға бейімі бар баладан мықтағанда эстрада жұлдызы шығар, бірақ әлем мойындаған Әміренің деңгейіне жетпесі анық. Ал мың жерден жүз тіл үйрететін курсқа апарсаңыз да, Әл-фараби қайта дүниеге келмейді.

Ал қазіргі қазақ руханияты үшін қазақтың болмысын, қазақтың ұлттық ерекшелігін бойына сіңірген ұрпақ ауадай қажет. Соңғы 10-15 жылда қазақы санаға сіңімді жаза білетін бір жазушы шықпауы қазақ әдебиетін алаңдатуы керек.

Балалардың кітапқа қызықпауының бірінші себебі түрлі ІТ технологиялардың, интернет ойындардың пайда болуы болса, екіншіден бала қызығып оқитын дүниелердің жазылмауынан. Дегенмен, қол қусырып отырғаннан гөрі, бұрынғы ақын-жазушылардың еңбегі болса да, балаңызға кітап оқытыңыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер