BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Айтыстағы бейпіл сөздер жас ақындардың әдепсіздігін көрсетеді – қаламгер

Фото: Автор

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда мектеп оқушылары, жасөспірімдер арасында дүркін-дүркін айтыс өтіп жүр. Алайда айтыс өнеріне қадам басқан балалар, жастар шығармашылығында ойсырап тұрған олқылықтар бар екенін айтады көкшелік қаламгерлер.

Шын жүйріктердің жастай тәрбиеленіп, қайта-қайта тартысқа түсіп шыңдалары белгілі. Бәсекесіз биікке шығу жоқ. Көкшетауда Көкен Шәкеев атындағы жас айтыс ақындарын тәрбиелеу орталығы бар. Сөз сайыстырып, шеберлік шыңдауға ол орталықтың да ықпал етуі тиіс екенін айтады қаламгерлер.

«Ешкім айтысқа бейәдеп көріп, бейпіл сөз естуге бармайды. Айтыскер ақындардың бойында әдеп болмаса – ол біздің, ересектердің кемшілігі. Екіншіден, оларды күнде тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп отырған ұстаздарының жіберген кемшіліктері. Кімге, қандай әзіл айтуды, қай сөздің ұят, қай сөздің көргенсіздік боларын білмей, ата-әжелеріндей адамдар отырған жерде артық айтуы, айтыстағы бейпіл сөздер балалардың әдепсіздігін көрсетеді», - дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиев.

Айтылып отырған олқылықтар мектептің орта буынында оқитын ұл-қыздар айтысына қатысты болып отыр.

«Соңғы уақытта сахнадан уыз жас, бала ақындардың аузынан жүз ұялтар, төмен қаратар сөздерді естіп жүрміз. «Айғыр таппаған бие байталды да аңсайды. Сен тоқтысың. Мен Қозыбаев университеті жіберген қошқармын. Сен сиырсың, тауықсың, әтешсің, ұрысың. Сен окорачкасың. Сен лағып, қуып отырсың. Маңқасың...». Бұл жап-жас балалардың аузынан шыққан, сахнадан айтылған сөздер. Күнделікті өмірде әке, ана сыйлап, үлкенді құрметтеп, қарындасты қамқорлап жүрген балалар осылай сөйлер ме? Тіпті, өзі тәрбиесіз, әдет-ғұрыптан аттап жүре беретін болса, киелі сахнада, халық алдында айыл жиып, әдеп сақтамай ма? Әлде оларға: «Қыз бен жігіт айтысын құр» деп біреу кеңес берді ме? Ата-әжелер, әке, аналар отырған жерде он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балаға пәлен-түген деу ұят емес пе?», - дейді С.Жетпісқалиев.

Қазақтың қанын қыздырар, көкірек көзін ашар, талғамын тәрбиелеп, жігерін жаныр ерекше өнері айтысқа жан-жақты дайындықпен, білім-білікпен, жауапкершілікпен келу керек екенін айтады қаламгер.

«Айтыс дамысын, ақындар шыңдалсын, бірақ қазақы тәрбие, қазақы ұстаным, салт-дәстүр, әдепті сақтасын. Қайтсем де жеңем, қайтсем де қарсыласымды мұқатам, жер етем деп ашуға булығып, жарылардай болып тепсіну, тұтығу жақсы мінездің нышаны емес. Одан-дағы жеңсін-жеңілсін абыройын сақтап, әдептен аспай, ел алдындағы сүйкімінен айырылмай кеткені абзал ақынның», – деп түйіндеді сөзін қаламгер.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер