BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Айшолпанның анасы: Қыз бала үшін тау-тасқа шығу оңай емес

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Qazaqstan» РТРК «Көшпенділер» атты деректі фильмдер топтамасының алғашқы сериясын Айшолпанға арнаған. Ал қаршадай қыз өзінің бүркітшілікке қалай келгенін журналистерге айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Айшолпан өзінің құсбегілік өнерімен қалай айналысқанын айтты.

«Құсбегілік - жеті атадан жалғасып келе жатқан дәстүр, екі мың жылдық тариxы бар салт. Өзім кішкентай кезімнен бастап бүркітпен бірге өстім. Ағам да бүркітші болды. Ол оқуды бітіріп, әскерге кеткеннен кейін бүркіті үйде қалды. Мен әке-шешемнің рұқсатын алып, бүркітті өзім ұстадым. Содан әкеммен бірге тау-тасқа шықтық, аң ұстадық», - деді ол.

Оның айтуынша, өзі ұстап жүрген бүркіттің аты - Ақ қанат. Онымен қасқыр алған кездері де болған.

«Мен бүркіттің арқасында көптеген елдерде болдым, киноға түстім. Оскарға да ұсынды. Моңғолияда менің атағым шыққаннан кейін бүркітші қыздар көбейді. Қазақстанда құсбегілік жарыстар болса, келу жағын ойластырамын. Әрине, қатысамын», - дейді Айшолпан.

Айшолпанның анасы Алмагүл Көксегенқызы қызының құсбегілікпен айналысамын деген тілегін бірден қабыл алмағанын айтады. Бірақ Айшолпанның қызығушылығын көргеннен кейін қарсылық білдірмеген екен.

«Енді, қыз бала үйде отырып, шаруасын істеуі керек. Бізді солай үйретті. Бірақ ол өзі талаптанып, бүркітпен аңға шығамын дегеннен кейін қарсы болған жоқпыз. Әрине, қыз бала үшін тау-тасқа шығу оңай емес. Біздің жақта қыста 40 градусқа дейін суық болады. Содан біз оны жылы киіндіріп, қоя береміз», - дейді Айшолпанның анасы.

Айшолпанның өзі қиындықтан қорықпайды екен.

«Өз мақсатыңа жету үшін әр нәрсеге төзе білу керек. Бүркітті алғаш рет қолға үйрете бастағанымда көптеген адам маған қарсы шықты. "Қыз балаға бүркіт ұстауға болмайды. Олар үйде отыруы тиіс" деп айтты. Бұдан да өзге көптеген сын айтылды. Бірақ мен бәрін жеңіп шығып, өзімнің нағыз бүркітші қыз екенімді дәлелдедім", — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Айшолпанның Астанаға алғаш келгендегі әсерімен бөліскенін жазғанбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер