BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Айшолпан: Қазақстанға келуді армандап жүрдім

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында моңғолиялық бүркітші қандасымыз өзінің Астанаға алғаш келген әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

"Qazaqstan" РТРК шақыруымен келген Айшолпан Нұрғайыпқызы аталған арнаның тапсырысы бойынша түсірілген деректі фильмнің бірінші бөліміне түскен. 12 бөлімнен тұратын картинада шет елдерде тұратын қазақтардың өмірі мен тұрмысы туралы баяндалады.

"Qazaqstan" РТРК басқарма төрағасы Ерлан Қариннің айтуынша, аталған жобаның негізгі мақсаты - шетелде тұратын қандастырымыздың өмірі мен тұрмыс-салтын көпшілікке көрсету.

"Фильмде Моңғолия, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран және тағы басқа да мемлекеттерде тұратын қазақтардың тағдыры жайында баяндалады. Оны түсіру оңайға түспеді. Себебі теxниканы апару керек. Түсіру жұмыстарын алдын ала келісу керек және тағысын тағы. Бір рет Иранда жергілікті полиция түсіру тобының теxникасын тәркілеп қойды. Дегенмен, біз өз жобамызды ойдағыдай жасап шықтық. "Көшпенділер" деректі фильмдер топтамасы ұлттық арнаның эфирінен 14 қазаннан бастап 23 желтоқсанға дейін көрсетіледі", - деді Ерлан Қарин.

Фильмнің режиссері - Қанат Бейсекеев. Ал фильмнің алғашқы кейіпкері -Айшолпан Нұрғайыпқызы. 17 жастағы бүркітші қыз Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Баспасөз мәслиxатында Айшолпан қатты қобалжып, өзінің алғашқы сапарында толқулы екенін білдірді.

"Мені осында шақырғаныңызға өте ризамын. Рақмет айтамын. Мен көп елде болсам да, Қазақстанға келуді армандап жүрдім. Бүгін арным орындалып отыр. Сол үшін білім-инновация қорына және Ерлан ағаға рақмет айтқым келеді", - деді Айшолпан Нұрғайыпқызы.

Естеріңізде болса, 2014 жылы ағылшынның "Daily Mail" басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал етті. Осыдан кейін режиссер Отто Белл "Бүркітші қыз" (The Eagle Huntres) атты деректі фильмді түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына да енген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер