BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жазу және ұлттық код: Қазақ тілі емлесі жайында

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен 11 маусым күні өтетін «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференцияның басты мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің Тұжырымдамасын нақтылау. Сол арқылы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін енгізуге, оларды апробациядан өткізуге ғылыми негіздер жасау болмақ.

Жазу өзгертуде де қалыптасқан дәстүр бар...

Көрегенділіктен алдына жан салмайтын қазақ баласы «заманына қарай адамы» деп жатады. Қазақ жазуы да заманына қарай өзгеріп отыратын болды...

Елбасы Н. Назарбаев «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында:

«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» - деп жазыпты.

Латын әліпбиіне қайта оралуға байланысты емле-ережелерді жазуда да қазақ жазу дәстүрінде, қазақ грамматологиясында қалыптасқан дәстүрге шекемізден қарамауға тиіспіз.

Елбасы айтқандай, «Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».

Ал қазіргі қазақ грамматология ғылымында мұндай замана сынынан сүрінбей өткен, қазақ тілі ғылымының корифейлері жасап кеткен озық ғылыми дәстүрлер бар.

Өзі латын әліпбиінің қабылдануына қарсы болғанымен, Байтұрсынұлы Ақыметтің жазу ілімі саласындағы еңбегі қазақтың төл жазуы – төте жазуын жасауымен, оның фонематикалық ерекшелігін толық ашуымен, әрбір әріптің қазақ дыбысының табиғатымен сәйкес келуін ескергенмен бағалы. Қазақ жазу ілімі теориясында әріп саны фонема санымен бірдей болуы жетілген жазу екенін танытады деген тұжырым Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері арқылы қалыптасты. Дауыстылардың бірыңғай жуан-жіңішкелігі сөздің барлық буындарында сақталатындықтан, көп таңбадан гөрі, сөздің алдына дәйекші белгісін қою арқылы жазу экономиясына жетуге болатынын табуы – Ақымет Байтұрсынұлының реформаторлығы ретінде танылады.

Ең бастысы, қазақ сөзінің дұрыс жазылуына ерекше мән береді, ауызша айтылғанның бәрін сол қалпында жаза салуға да болмайтынын атап көрсетеді. Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А. Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды.

Қайталанған тарих: қосар ма, дара ма?

Қазақ жазу ілімі Құдайберген Жұбанов еңбектері арқылы дамытылды.

Қ. Жұбановтың ұу, үу, ый, ій дыбыстарының емлесіне қатысты айтқан пікірлері де бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтпай отыр. «Қосар» дыбыстарды қайта қолданып жазу қазір де қайта көтеріліп, маңызды мәселеге айналып отыр. А. Байтұрсынұлы «у» мен «и» дыбыстарын жарты дауысты дыбыс ретінде таныған да, «азу», «қару», «жабу» деген мысалдарды (383-бет) бергенде бір әріппен таңбалайды. Ал Қ. Жұбанов «Қосар ма, дара ма» атты атақты мақаласын осы дыбыстардың емлесіне арнап, 8 беттік зерттеуде ұу, үу, ый, ій-дің қос дыбыс емес, бір дыбыс екенін дәлелдеп береді.

«Біз емлені ермекке түземейміз, оңайлансын деп түзейміз. Олай болса, мына қосарлы жазудан құтылуымыз, оның орнына дара әріп алуымыз керек» - деп жазады (Қ. Жұбанов. 349-б).

Қ. Жұбанов ұу, үу-дің орнына –у; ый, ій –дің орнына и әрпін жазуды дәлелдеді. С. Аманжолов сый, сыйлық, тый, тыйым – сынды сөздердің жазылуын ерекшеледі.

Баспасөзде жарияланған профессор Ә. Жүнісбек мырзаның ұу, үу, ый, ій қосар дыбыстары жайлы пікіріне қатысты жауапты Қ. Жұбанов еңбектерінен табамыз. Дегенмен, қазақ сөзінің сингармониялық негізділігін еске ала отырып, бұл тұрғыда мынадай ұсыныс айтқымыз келеді:

1) ұу, үу, ый, ій қосар дыбыстарын жазу сөздің таңбалық сипатын себепсіз арттырады; мұнда сөздің мағыналық құрылымында еш өзгеріс болмайды;

2) жазу экономиясына жету – әліпбидің басты құндылығы (А. Байтұрсынұлы) екенін ескерсек, ұу, үу, ый, ій қосар дыбыстарын компьютермен теру, жазу барысында артық күш, уақыт жұмсалады;

3) бүгінгі у, и-мен жазу дағдысына қалыптасқан әлеуметтің (социумның) латынға көшуі барысында қиындық болады.

4) Профессор Ә. Жүнісбек мырзаның ұсынысы бастауыш сыныптарда оқыту жүйесінде міндетті түрде ескерілуі тиіс. Бұл үшін бастауыш сынып оқулықтарында транскрипциямен сөздердің жазылуы мен айтылуы қатар оқытылғаны жөн.

5) Қазіргі таңда қазақ тілінде орфографиялық сөздік пен орфоэпиялық сөздік бөлек шығады; кейде әртүрлі авторлар шығады. Біздің ойымызша бұл сөздікті біріктіріп, сөздің дұрыс айтылуы мен жазылуын бірге беріп, транскрипциясын қажетіне қарай беріп отыру жөн. Кез келген ағылшын сөздігінде сөздің жазылуы мен оқылуы қатар берілетін үлгісін (транскрипциясын) қазақ тіліндегі сөздерге қолдана алсақ, біраз мәселенің басы ашылары анық.

Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің грамматикалық құрлымына әсер ете ме?

Қазіргі кей ғалымдарымыздың пікірінше, латын әліпбиінің ауысуы бүкіл қазақ тілінің грамматикалық құрылымына әсер ететіндей. Мұндай пікір айтылып та, жазылып та жүр. Біздіңше, бұл пікір нақтылауды қажет етеді. Бұлай деуіміздің мәнісі, қазақ тілі ғасырлар бойында өзінің негізгі фонематикалық жүйесін жасап, оны үндестік заңы арқылы жүйелеп, лексикалық қорын ұйыстырып, грамматикалық құрылымының ішкі заңдылықтарын қалыптастырған әдеби тіл. Соңғы ғасырда үш-төрт рет жазуын алмастырса да, ішкі мазмұн байлығын дамытпаса, кемітпеген тіл. Әдеби тілдің дамуында жазудың рөлінің маңыздылығын бағалай отырып, әліпбидің ауысуы қазақ тілінің грамматикалық құрылымына еш өзгеріс жасай алмайтынын ерекше ескерткіміз келеді. Әліпбиге қарап, әдеби тілді икемдеуге болмайды, керісінше, әліпби әдеби тілді таңбалауы тиіс. Яғни латын таңбасымен таңбалау барысында тіліміздің фонологиялық ерекшелігі мен грамматикалық құрылымын өзгертудің еш мәні жоқ. Әліпбидің өзгеруі бұған дейін жасалған, дамытылған, жетілген грамматологиялық ілімнің негізінде орныққаны мақұл.

Шетел сөздерін қалай аламыз?

Ендігі басты мәселе, кірме және шетел сөздеріне қосылатын қосымшалардың сипатын айқындау. Бұл мәселеде қазіргі күнге дейін жарияланып келген тіл білімі институты өзі шығарып келген (тіпті авторлық құрам да, негізінен, бірдей болса да) орфографиялық сөздіктерде бір сөзді әртүрлі беретіндігі, сөйтіп оқушыны шатастыра беретіні баспасөз беттерінде талай айтылып та, жазылып та жүр. Латын әліпбиін енгізуге байланысты жазылатын емледе осы мәселелерді тіл білімі институты дұрыс айқындауы тиіс. Біздіңше, шетел сөздерінің тек түбірі өзгеріссіз алынып, оған қосылатын қосымшалар қазақша нұсқасымен жалғануы орынды. Бүгінгі оқыған қазақ баласына «университет», «студент» сөзін «өнөбөрсөтет» немесе «ыстыұудент» деп айтып, жазуды ұсынар болсақ, біз қазақ тілінде сөйлеушілердің санын бірнеше есеге азайтып алуымыз бек мүмкін.

Шетел сөздеріне жалғанатын қосымшалар үндестік заңына негізделіп жазылуы тиіс. Мәселен: педагогтер емес, педагогтар, педагогі емес, педагогы. Өйткені бұл айтылу заңына негізделіп, ішкі гармонияны сақтайды.

Әр таңбаның тарихи сандық мәні мен мазмұны бар

Сәрсен Аманжоловтың ұсынған ең үлкен жаңалығы – латынша Ü –дың орнына Ұ таңбасын (Улы Сталин болып жазылып кеткендіктен), нг–ның орнына Ң таңбасын, Қ, Ғ таңбаларын қосқаны дер едік. Өкінішке қарай бұл таңбалар жаңа жазуда көрініс таба алмады.

Бүгінгі біз қолданып отырған әр әріп – жеке таңба. Ол таңбаның, шындап келгенде, беретін ақпараты мол. Ғылыми әдебиеттерде әр таңбаның сандық мәні, мағынасы бар екені талай рет жазылған (В.М. Истрин, Г.А. Хабургаев, А. Аманжолов, О. Сулейменов т.б.). Біз латын таңбаларын алуда олардың ішкі таңбалық мәні мен сандық болмысына назар аударуымыз керек. Өйткені біз осы таңбалар арқылы өзіміздің ұлттық коды бар атауларымызды таңбалауды бастамақпыз. Ең алдымен, әліпби құрауда профессор Ә. Жүнісбек ұсынған Ы, І дыбыстарының орны мен таңбалануында бірізділіктің сақталмауы әлі де болса ойландыруы тиіс. У (уай) ағылшын тілінде И дауыссыз (you, yes, yard, young, yet) дыбысын таңбалайды. Мұны сол қалпында қабылдап, қазақ тіліндегі дауыссыз И-ды белгілеу жөн болар еді. Sh-қосарды түрікшеге жақындатып - Ś мен ал Ch-ны – С мен белгілеу – қазақ әліпбиінің бірыңғайлығын қамтамасыз етер еді. «Тілді оқығандар бұзады» деген Халел Досмұхамбетовтің сөзі осындайда еске түседі. Бәріміз оқығанбыз, білеміз деп жүріп, ана тіліміздің қаймағын бұзып алып жүрмелік.

Орфографмкалық сөздікте әртұрлілікке орын болмауы керек

“Орфографияның негізгі қызметі – жеке сөздің түбірін, негізін, қосымшаларын дұрыс жазу деп табамыз” – дей келіп, С. Аманжолов орфографияның негізгі мынадай принциптерін көрсетеді:

● сөздердің түбір-тұрпаты негізінде морфологиялық принципте (яғни әуелгі түрі сақтала жазылсын), түбір мен жалғау арасы фонетикалық (яғни естілуіне қарай жазылсын) принципте болуы;

● интернационалдық термин сөздер орыс тіліндегі тұрпатын сақтап жазылуы;

● біріккен сөздерге жалғанатын қосымша соңғы буынның сипатына қарап жалғануы ұсынылды (Бекмұратқа, Мұратбекке т.б.).

Автор одан әрі әрбір дыбыстың қолданысы мен айтылу сипатына, біріккен сөздердің құрамында келген дыбыстардың жазылу және айтылу ерекшелігіне, үндестік заңы мен дауыссыздардың ықпалдасуына ерекше назар аударып, талдап көрсетеді. Аталған принциптерді неге қабылдамасқа, қосарымызды осы принциптерді негізге ала отырып, неге толықтырмасқа? Өзімізше жаңалық ашуға ұмтылғанмен, жазуда қалған ғылыми ақпараттар қазір көзі қарақты кез келген азаматтың қолында бар, сондықтан, барымызды бағалап, жасалған грамматологиялық қағидалар мен қисындарды негізге ала отырып, емле-ережелерді тиянақтау мақұл болмақ. Халықаралық термин сөздерді, әсіресе салалық термин сөздер мен атауларды қалауынша аудара берудің қажетсіз екенін Елбасы Н. Ә. Назарбаев та Ұлытауда берген сұхбатында ескерткен еді.

Енді бір-екі ауыз күрделі сөздер жөнінде

Осы күнге дейінгі қолданылып келген орфографиялық сөздіктерде күрделі сөздер әртүрлі жазылды. Жүйесіздік басым. Ендігі шығатын сөздіктерде күрделі сөздердің бірігіп жазылуына және бірізділіктің сақталуына жіті көңіл бөлінгені мақұл. Күрделі сөздердің бірігіп жазылу қажеттілігі бірнеше докторлық диссертацияларда дәлелденгенін ғылыми қауым жақсы біледі.

Латынға көшіп кетсек, өзге тілдерді (соның ішінде ағылшын тілін де) тез үйреніп ала қоямыз деген жалған ойдан аулақ болғанымыз жөн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер