BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жандарбек Бұлғақов екінші рет «Алтын домбыра» иегері атанды

Фото: Автор

«Алтын домбыра» - Ақтөбеде. Алтыншы рет өткізіліп отырған жыр додасы Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған. Ақындар айтысында 10 жүйрік сынға түсіп, Жандарбек Бұлғақов жүлдегер атанды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Өнерді бағалайтын ақтөбеліктер Өнер орталығының концерт залын толтырды. «Жыр арқауы – Жаңғыру» республикалық ақындар айтысына 10 ақын қатысты. Әсет Дүйсебаев, Жарқынбек Наушабек, Сырым Әуесхан, Саадат Нұрманов, Мұраділ Мирманов, Қуаныш Шарманов, ақтөбелік Данияр Алдабергеновпен қатар Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов өнер додасына түсті. Бас бәйге - алтын домбыра. "Алтын домбыра" ақындар айтысы осымен алтыншы рет өтті. Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында болатын дода тұңғыш рет аймақта ұйымдастырылды. Алғаш рет - Ақтөбеде.

«Тәуелсіздіктің 26 жылдығы қарсаңында «алтын домбыра» еліміздің өңірлерін аралауға шықты. Алғаш аймақ ретінде қасиетті Ақтөбеге келіп отырмыз. Ақтөбе - қазақ руханиятына талай дарындарды тарту еткен киелі өңір. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақсатын халыққа ұсынды. Осыған орай, республикалық ақындар айтысының тақырыбын «Жыр арқауы - Жаңғыру» деп алдық. Ақындар бүгінгі айтыста елдікті, еркіндікті өз жырларына арқау етеді деп ойлаймын»,-деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасы Қуат Борашев.

Айтыс басталмас бұрын Қуат Борашев ақындарға "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісін табыстады. Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов пен Балғынбек Имашов марапатқа ие болды.

Айтыстың жүргізушісі - ақын, сатирик Көпен Әмірбек. Көпен Әмірбек сахнаға шыққанда қалың көрермен Жүрсін Ерманды іздеді.

«Айтыстың болатынын хабарландырудан естідік. «Алтын домбыраның» біздің қалада өтетіні қатты қуантты. Бірақ, жүргізушісі Жүрсін Ерманды соңына дейін күткен едік. Келмеді. Себебін де білмей отырмыз. Бүгінгі айтыстың деңгейі жаман емес. Ақын жастарымыз көп. Соларды көбірек шығару керек деп ойлаймын»,-деді қала тұрғыны Асқарбек.

Ал, құрамында ақын-жазушылар, белгілі айтыскерлер мен профессорлар бар қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалады. Төрағасы - Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл. Ақынның сөзінше, алтын домбыра иегері болу оңай емес. Қойылатын талаптар да жоғары.

«Алтын домбыраның жеңімпазы болу үшін қазақ айтысына қажетті қандай үлкен талаптар бар соның барлығын орындау керек. Бастысы талант болуы тиіс. Одан кейін, дауысы да, домбырасы да болу шарт. Сахнада өзін ұстай білуі де маңызды. Осы дүниенің бәрі бойынан табылған адамды мен сенімді түрде «Алтын домбыра» иегері деп білемін. Талай ақындарды жаңа қырларынан көрсеткен «алтын домбыра» халықтың ықыласына бөленді. Жұрт жыл бойы асыға күтеді. Айтысқа жастарды көп тарту керек»,-деді Қазақстанның халық ақыны.

"Алтын домбыра" Жандарбек Бұлғақовқа тағы да бұйырды. Алғашқысын үздік ақын 2013 жылы қанжығасына байлаған еді. Алтын домбырамен қатар ол 3 миллион теңге сыйақы алды. 1 орын алматылық Сырым Әуесханға 2 миллион теңге берілді. 3 орын Әсет Дүйсебаевта (1 миллион теңге). Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаевалар 750 мың теңге сыйақы алды.

Фото, видео: Автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер