Термин мен кітап атауларын түнге дейін талқылаған кездер болды – Мұхтар Сеңгірбай - Рухани жаңғыру|26 Сәуір 2018, 10:36
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Термин мен кітап атауларын түнге дейін талқылаған кездер болды – Мұхтар Сеңгірбай Эксклюзив

Фото: Азаттық Радиосы

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында алғашқы 18 оқулық жарыққа шықты. Соның ішінде америкалық ғалымдардың «Әлеуметтану негіздері» атты оқулығының аударма жұмысына қатысқан Сулейман Демирел университетінің аға оқытушысы, Философия докторы (PhD) Мұхтар Сеңгірбай Baq.kz тілшісіне сұхбат берді.

- Мұхтар Сеңгірбай, сіз Д. Бринкерхоф пен Р. Уейтс, С. Ортеганың «Әлеуметтану негіздері» атты кітабын аударуға атсалыстыңыз. Әрі жауапты шығарушы, әрі аудармашы болдыңыз. Оқырманға түсінікті болуы үшін атқарған қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз.

- Кітап шығару процесіндегі негізгі жұмысым – аударманың жалпы редакциясын бақылау, оның уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалау болды. Аудармашы ретінде атсалысқан себебім – кітапты белгілі бір мерзімде бітіру қажет болды. Кітаптың көлемі ауқымды болғандықтан аудармашылар үлгермей жатты. Сондықтан, өзіме де бірнеше тарауды алып, аударып шығуға тура келді.

- Жұмыс процесі қанша уақытқа созылды, күніне қанша бет аудардыңыздар, редакциялау қалай жүрді?

- Жұмысты көбіне сырттай жүргіздік, тек «Ұлттық аударма бюросында» арасында бас қосып, жұмыстың орындалу барысын, терминдерді пысықтап отырдық. Басқа кітаптардың жауапты шығарушылары, редакторлары, ғалымдар, тіл мамандары, журналистер, ақын-жазушылар және атқарушы директор – Рауан Кенжеханұлы барлығымыз бас қосып, терминдерді, кітаптардың атауларын жарым түнге дейін отырып талқылаған кездер болды. Көп сөздердің қазақша баламасы жоқ болғандықтан, көп бас қатыруға тура келді. Кей кездері әлеуметтік желілерге де шығып талқыладық. Алматыда, Астанада, аймақтарда зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен конференциялар, жиындар өткізілді. Қазір кей кітаптардың атауларына, терминдерге байланысты сыни пікірлер айтылып жатыр. Сын болғаны дұрыс, бірақ, мұның барлығы – бір-екі кісінің өзінше шеше салғаны емес екенін ескерген жөн.

Бұған қоса, кітапты аудару жұмысына қатысқандардың көпшілігінің бұл жобадан басқа негізгі жұмыс орындары, міндеттемелері бар. Кейбір аудармашылар басқа қалаларда тұрады. Оның үстіне, уақыт тығыз болғандықтан, қауырт жұмыс істеуге тура келді. «Әлеуметтану негіздері» кітабы жарты жылға жуық аударылып, әдеби редакторлардың қолына түсті. Аудармашылардан кейін «Ұлттық аударма бюросының» өзінде қызмет істейтін редакторлардан бөлек филология ғылымының докторлары әдеби редактура жасады.

- Жұмыс тобында аудармашыдан бөлек әдеби редактор, жауапты редаткор және ғылыми редактор бар. Сіз жауапты шығарушы ретінде команда жұмысын қалай үйлестірдіңіз?

- Мен тікелей аудармашылармен жұмыс істедім. Кесте бойынша келіп түскен жұмыстарды ғылыми редактор қарап, содан соң маған беріп отырды. Мен тексеріп шыққан соң «Ұлттық аударма бюросына» әдеби редакциялауға жіберіп отырдым. Редакторлар, дизайнерлер, корректорлар менімен хабарласып, керек болса, кеңседе кездесіп, түйткілді мәселелерді талқылап, бір ізге түсіріп отыруға тырыстық.

- Аударма жұмыстары кезінде қандай қиындықтар болды? Сөз не сөз тіркестерін аударуда келіспей қалып, болмаса ойларыңыз бір жерден шықпай қалған кездерде оны қалай шештіңіз?

- Бұл – командалық жұмыс әрі мұндай көлемді жобаны алғаш рет қолға алдық, сондықтан кітаптың кем-кетігі болуы мүмкін. Оның үстіне, берілген уақыт аз болғандықтан, кейде үлгермей жатқан кездеріміз болды. Жұмыстағы ең үлкен проблема кей терминдердің аудармаларына қатысты болды. Редакторлардың бір бөлігі халықаралық терминдерді мейлінше қазақшалау принципін ұстанса, екінші бөлігі керісінше, терминдерді көп қозғамай, қажет болса, ағылшын тіліндегі кей сөздерді қазақша транскрипциялап қолдану керек деген пікірде болды. Оқулықтың соңғы нұқсасы – сол екі тараптың арасындағы консенсустық вариант болды деп ойлаймын.

- Бұл оқулықтың біздің қоғам үшін маңызы туралы айтып өтсеңіз.

- Бұл оқулық қана емес, жалпы осы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қазақ дүниетанымына, руханиятына, ғылым-білім саласына үлкен серпіліс әкелетін жоба деп санаймын. Себебі, бұл бізді құлдық санадан құтқаруға, әлемдегі ең сапалы, объективті екшелеген еңбектерді жастарға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әлемдік ғылым саласындағы ең жақсы дүниені өз тіліңе жылдам да сапалы аудару үрдісінің негізін қалайды. Сондықтан, сынай бергеннен гөрі бұдан да жақсы, бұдан да сапалы дүние жасауға, кем-кетігімізді толықтыруға, бір-бірімізге ақыл қосуға тырыссақ жөн болар еді.

- Биылғы жұмыс тобында барсыз ба? Қай оқулықтың аудармасына қатысасыз?

- «Ұлттық аударма бюросы» ендігі кезекте тағы 30 оқулықты қолға алып жатыр, солардың ішінде біз үш білікті аудармашымен бірге Кортланд Бови мен Джон Тилдың (Courtland Bovee, John Thill) Business communication today оқулығын аударып жатырмыз. Біршама тәжірибеміз бар болғандықтан, бұл жолы біраз төселіп қалған сияқтымыз. Оның үстіне, жақында SmartCAT деген кәсіби аударма бағдарламасын пайдалануға көштік. Бұл да жұмысты бір ізге келтіруге көмектеседі.

- Осы 100 оқулықтан бөлек тағы қандай кітаптарды аудару қажет деп ойлайсыз?

- Менің білуімше, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деген – шартты атау. Яғни, мұндағы мақсат – Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында жаңа істердің негізін қалау, қоғамның санасын посткеңестік, постколониалдық санадан тәуелсіз санаға трансформациялауға жол ашу. Оның үстіне, аударылатын 100 оқулық толық анықталып біткен жоқ. Сондықтан, бұл процесс 100 кітаппен шектеліп қалмайтынына сенімдімін. Мемлекет есебінен аударылуы керек-ау деген кітаптардың тізімін анықтауға кез келген адам қатыса алады. Менің білуімше, «Ұлттық аударма бюросының» сайтында пікір қалдыруға болады. Оның үстіне, бюро ғылыми-зерттеу институттарымен, университеттермен тығыз байланыста, қазіргі аударылып жатқан кітаптар – сол бірлескен жұмыстың нәтижесі. Өз басым, саясаттану, конфликтология, ұлтаралық мәселелерге қатысты Батыста жарық көрген біраз кітапты аударуға ұсынар едім.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер