BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Талдықорғанда дінтанушылар зайырлы қоғам, дін және дәстүр мәселесін талқылады

Талдықорған қаласында «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр» тақырыбында дінтанушылар мен діни бірлестіктер жетекшілерінің I облыстық форумы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Форум Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында жүргізілді.

Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ж.Омар төрағалық етті. Форумға сонымен қатар ҚР ДІАҚМ Дін істері комитетінің мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының директоры А.Әбуов, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының ресми өкілі Ұ.Алтынбек, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті Ә.Құранбек, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Ә.Әрін, «Білім» оқыту орталығының директоры Р.Іріжанов, ҚР ҰҚК академиясының оқытушысы, дінтанушы Б.Шоманов және облыстық департаменттер мен басқармалардың, діни бірлестіктердің, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, теолог мамандар, БАҚ өкілдері қатысты.

Өз сөзінде аймақтағы дін істері басқармасының басшысы Р.Есдәулетов аталған шараның саланы дамыту мәселелерін талқылау үшін бірегей диалог алаңы ретінде маңызды екенін атап өтіп, Алматы облысындағы діни ахуалдың тұрақтылығы туралы баяндады.

Форумның пленарлық отырысы форум резолюциясын қабылдаумен аяқталды. Әкімнің орынбасары Ж.Омар ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен өңірдегі діни бірлестіктердің өкілдеріне алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыстады. Ол басқарма «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырған «Рухани керуен» жобасына қатысқан жергілікті зиялы қауым өкілдерінің ерекше рөлін атап өтті.

Бұдан кейін форумның жұмысы екі секцияда жалғасты. Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының қызметкерлерінің Мәдениеттер және діндер халықаралық орталығының директоры А.Әбуовпен кездесуінде дін саласындағы мемлекеттік саясат Тұжырымдамасы және дін саласындағы заңнамалық өзгерістер талқыланды. А.Ұтысхан облыс имамдарымен кездесу кезінде хиджаб кию мәселесі бойынша ата-аналармен жұмысты қалай жүргізу керектігі жайлы айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Қазіргі уақытта Алматы облысы бойынша діни бірлестік пен филиалдарының жалпы саны - 595. Оның ішінде мешіттер - 436, православиелік шіркеулер - 51, Рим-Католик шіркеулері - 11, протестанттық бағыттағылары - 95. 12 конфессия өкілдері татулық пен бірлікте өмір сүруде.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында дін істері басқармасы Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани керуен» жобасын бастаған болатын. Үш айдың ішінде түрлі сала өкілдері: теологтар, қоғам зиялылары, ғалымдар, мәдениет және өнер саласының өкілдері өңірдегі барлық аудандарды аралады. Рухани керуен аясында облыстағы шығармашылық зиялы қауым өкілдері жергілікті аудандар мен ауылдық елді мекендердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Жастардың аға буын өкілдерімен кездесулері, оңалту жұмыстары, көрмелер ұйымдастырылды, көпшілік шығармашылық топтардың мәдени-рухани өнерін тамашалады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер