BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шәмші ауылы жаңаша кейіпке енеді

Түркістан облысында аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматының дүниеге келген күні қарсаңында өз есімімен аталатын Шәмші Қалдаяқов ауылында қызу жұмыстар басталып кетті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік гимн авторы, қазақ вальсінің королі - Шәмші Қалдаяқов ауылындағы Мәдениет үйі жанынан жаңа саябақ бой көтеруде. Мұнда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші, өнерпаздар үшін ашық аспан астындағы сахна және демалушыларға арналған жаяу жүргіншілер жолағы салынып, орындықтар қойылады.

Сондай-ақ Әділет, Ш.Ерманов, Азаттық көшелерінде де аяқ жол салынып, жарықтандыру жұмыстары жүруде.

Қазіргі таңда күллі отырарлықтарды ақжолтай қуанышқа бөлеген көгілдір отынмен қамту аясындағы қарқынды бастамалар Ән аға ауылына да жетті. Жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, газ құбырларын тарту ісі атқарылуда.

"Ауылдың мәдени келбеті мен көркін, абаттандыру ісін жандандыру Отырар ауданы әкімдігі күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Себебі, ұлы тұлға есімімен аталатын елді мекеннен туған топырақта түлеген Алаш ұлының, барша қазақ баласы мақтан тұтқан даңқты композитордың бейнесі, рухы, жан дүниесі, тарихи ізі сезілуі тиіс. Сонымен қатар, көгілдір отынмен қамту мәселесі Отырар өңірі үшін өте маңызды. Бірқатар ауылдарда, соның ішінде Шәмші ауылында газ құбырларын тарту жұмысы жүруде. Алдағы уақытта бірнеше ауыл көгілдір отынға қол жеткізетін болады",- дейді Отырар ауданының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы.

Ән нотасымен есімі мәңгі халық жүрегінде әуендей қалықтаған Шәмші Қалдаяқовтың туған күнін ауылдың жаңаша кейпі, оң өзгерісімен тойлайтынына ауыл тұрғындары да қуанышты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер