BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Серік Есматов: Анам қалдырған хат, тарелкадағы тамақ, теледидар пульті – менде бары осы ғана еді

Кеше Алматыда өткен Media Talks Almaty: «Нағыз батырлардың құпиялары» атты IV конференцияда 20 жастағы Серік көпшілік алдына шығып, өзінің өмір тәжірибесімен бөлісіп, қиындықтарды қалай еңсергені жайлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Мені «Рухы күшті» адам деп айтып жатады, ол рас. Мен дәл соның өзімін. Аяғымнан айырылған соң мен басқаша өмір сүрдім. Осы жағдайға дұшар болғалы белгілі бір белесті бағындыра білдім», -дейді Серік Есматов.

Серік 13 жасында апатқа ұшырап, екі аяғынан бірдей айырылған. Алайда ол өзіне деген сенімді жоғалтпай, бұл өмірдегі өз орнын табу үшін ештеңеден аянбады. Қазір волейболдан Қазақстан паралимпиадалық жастар командасының капитаны.

Кейіпкеріміз, адамдардың мүгедектік жағдайға тап болғанда оны еңсеруі өте қиын болатынын айтады.

«Адамдар мұндай жағдайға түскенде оны тіптен басқаша қабылдайды, өйткені адамдар басқаша тәрбиеленген. Шынымды айтсам біздің қоғамда бұны жүрексінбей қабылдайтындар өте аз», - дейді ол.

Аяғынан айырылып, емханаға түскен Серіктің жағдайы оның туыстары мен жақындарын да есеңгіретіп тастаған. Алайда олар ұлдарына деген үмітті үзбестен әрдайым оны ынталандырып, өмірге деген құштарлығын арттырып отырған.

«Сол кезде олар: «Ұлым, сен біздің барымызсың. Сенің көптеген белесті бағындыратыныңды білеміз», деді. Соған сенді. Осы арқылы олар маған үлкен үміт сыйлады. Олардың маған деген сенімі мені аяқтан тұрғызды», - дейді Серік.

Сонымен қатар, ол күн сайын протезбен жүріп-тұру үшін өзін әрдайым қамшылап отырғандығын айтады.

«Достар, протезбен жүру қандай десеңіздер, ол өте қиын. Күнделікті қолыңда пайда болатын сүйелдер, алдыңнан шығатын түрлі бөгеттер. Тіптен, қазірдің өзінде сахнаға шығу мен үшін оңайға соққан жоқ. Ал қалада біз сияқты жандар үшін оңтайландырылған орындар бар ма? Ол жайында ешкім жақ ашпайды және ескере де бермейді», - дейді Серік Есматов.

Сөз арасында Серік отбасы жұмыс күші болғандықтан көбінде жалғыз қалуға тура келгендігін және жалғыз қалудың қандай қиын екендігін айтып берді.

«Мен ұйқыдан тұрғанда орындық үстіндегі анам жазып қалдырған хатты көретінмін. Хатта: «Ұлым, тамақтанып ал. Егер қандайда бір қиындық болса жұмысқа хабарлас», деп жазулы тұратын. Қолыңа қасықты алып еріксіз жалғыз тамақ ішесің, жақындарыңның жылылығын сезінгің келеді, алайда кешке дейін олар болмайды. Оларды сағынасың, не істеріңді білмей дал боласың. Бұлардың бәрі сенің жаныңды жегідей жейді. «Бұл қалай болғаны, аяқсыз қалай өмір сүрем. Мұндай кейіппен кімге керекпін мен?», - деп күйзелесің. Міне, нағыз проблема осы. Қайта қалпыма келудегі бес жыл ішінде күнде осындай ойда болдым. Бұл өмірден өзімді таба алмай дал болатынмын. Таңертең тұрғанда анам қалдырған хат, тарелкадағы тамақ және теледидар пульті тұрады. Менің айналамдағы бар нәрсе осы ғана еді. Қасымда достарым, тіптен көшеге алып шығатын адам да болмады. Өздігіңнен көшеге шыға алмайсың, оған жағдай да жасалмаған. Арба маған өте ыңғайсыз болды, оның үстіне өте ауыр. Қатты қиналдым. Алайда болашақтан үміт үзбедім, аяқтан тұру үшін барымды салдым. Қолыма шыққан мыңдаған сүйелді еске алсам, бәрін қалай еңсергем деп ойлаймын», -дейді ол.

Қазір өзін протезсіз елестете алмайтын біздің кейіпкер протезбен секіріп, тіптен көлікті де жүргізе алатындығын айтады.

«Қиындықтарды еңсеріп алға жылжыған сайын жолыңдағы бөгеттер де жоғала бастайды. Өйткені сен жақындарыңа және өзіңе сенесің. Мен күн сайын өзіммен жұмыс істеп, қамшылап отырдым. Бүгін алдарыңызға екі жасанды аяқпен шығып отырғаным сол еңбектің жемісі. Бұл аяқпен қазір секіруге де бармын, ол өте қиын, дегенімен мен оны жасай аламын. Сіздер де кез-келген қиындықты жеңе аласыздар, барлығы өз қолдарыңызда. Нақты жоспар құрып, өздеріңізді барлық жерде таба біліңіздер. Бойыңыздағы өзіңізге ғана тән қабілетті әрдайым пайдаланған жөн. Бәріміз бұл өмірде мәңгілік емеспіз. Сондықтан қажетті, дұрыс қадамдарды жасап, артымыздан із қалдырып кетуге үлгеруіміз керек», - дейді Серік Есматов.

Әділет Мұсахаев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер