«Рухани жаңғыру» аясында оқушыларға арналған семинар-тренингі өтті - Рухани жаңғыру|03 Сәуір 2018, 10:20
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Рухани жаңғыру» аясында оқушыларға арналған семинар-тренингі өтті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында екі күндік «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Игі дәстүрге айналған іс-шара Батыс және Шығыс Қазақстан облыстары оқушыларының басын қосты.

"Осы уақытқа дейін көптеген семинар-тренингтердің куәгері болғанымды жасырмаймын. Іс-шараларға қатысу тәжірибесі бар адам ретінде «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің ерекшелігін бірден байқадым. Оның мақсаты жастарға белгілі бір ақпаратты оқи салумен шектелмей, өзекті мәселелер аясында дәріскер мен тыңдаушылардың пікір мен тәжірибе алмасуын көздейді. Мысалы, бізбен жұмыс істеген Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері жастармен еркін сұхбат құру арқылы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жан-жақты терең түсіндіре алды. Ал мектеп жасындағы ел азаматтарын саяси тақырыптар мен өзекті мәселелерге қызықтыру – көптің қолынан келе бермейтін іс. Осы тұста семинар-тренинг ұйымдастырушылары оң жолды тапқан. Тіпті, іс-шараға еліміздің түпкір-түпкірінен, түрлі оқу орындарында білім алып жүрген жастарды шақырудың өзі Елбасы кітапханасы қызметінің кәсіби деңгейін көрсетеді. Оның көмегімен бірін-бірі танымайтын жастар жаңа достарды тауып қана қоймай, ортаға жеке пікірін салуды, ойын дұрыс жеткізуді үйренеді. Сол үшін Елбасы кітапханасына алғысымыз зор, - дейді Орал қаласы, Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Алмас Өтепов.

Оқу курстарының бірінші күні Елбасы кітапханасы мен Музейін, ҚР Ұлттық музейін аралаумен аяқталды.

"Шыны керек, аталмыш семинар-тренинг үлгісіндегі іс-шараларға бұрын-соңды қатысып көрген емеспін. Соның арқасында ой-өрісім мен білім көкжиегім кеңейіп, келешекке керек біраз деректер жинадым. Елбасының бастамалары мен идеяларын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп жүргенімізбен, олардың өзектілігі мен маңыздылығын екі күндік семинар-тренинг барысында тереңірек ұғындық. Оның форматы расында да өзгеше. Қабылдауға жеңіл, ойға қонымды ақпарат алдық. Нәтижесінде, кей көзқарастарымыз өзгеріске ұшырап, жаңа мақсаттарға қанаттандық. Өзім тіл саласына қызығатындығымнан, қазақ тілінің абыройын асқақтатқым келеді. Семинар-тренингтен оң әсер алып, бірнеше шет тілін меңгеруге, елімнің дамуына үлесін қосар полиглоттардың бірі атануға мақсат қойдым", - дейді Өскемен қаласы, Е.Рахмадиев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 10 сынып оқушысы Дана Қыдырхан.

Курстың келесі күнінде тыңдаушылар «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Заманауи сана – болашаққа жол» тақырыптары бойынша дәріс тыңдап, топпен жобалық жұмыс жасауды үйренді, интерактивті ғылыми-білім беру кешенінде өтетін практикалық жаттығулар орындады.

Қорытынды шығарылғаннан кейін қатысушыларды марапаттау салтанаты өтті. Оның барысында 53 тыңдаушыға «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» оқу курсын аяқтағаны жөнінде сертификаттар таратылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер