BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодарлық әлеуметтік желі белсенділері Баянауылдағы қасиетті жерлерді аралады

Фото: e-history.kz

Астана, BAQ.KZ. Павлодар облысының әлеуметтік желі белсенділері баспасөз турымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Мұса Шорманұлының кесенелеріне барды. Бұл туралы pavlodarnews.kz айты хабарлайды.

Баспасөз турын ұйымдастырушы облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Шынболат Ташеков шараның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.

«Баспасөз турының мақсаты – облысымыздағы қасиетті орындарды журналистер, блогерлер арқылы халыққа, өңірімізге келген қонақтарға таныстыру. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі әр саланың адамдарын қамтуға да тырыстық. Олар өзгелерге аталмыш жерлерді насихаттайтын болады. Бүгінгі баспасөз турына барлығы 15 адам қатысуда. Сапар аяқталғаннан кейін әр қатысушы алған әсерлерімен әлеуметтік желілерде бөліседі», - деді Шынболат Ташеков.

Шынболат Ташековтың айтуынша, павлодарлық журналистер мен блогерлер мамыр айында Шығыс Қазақстанның қасиетті жерлерін аралаған. Жаз айларынан бері Павлодар облысындағы қасиетті жерлерге баспасөз туры ұйымдастырылуда. Банауыл тұлғаларының кесенелері биылғы жылдың соңғы сапары болып отыр.

Облыстық басқармалардың, университеттердің және қалалық әкімдіктердің өкілдері, журналистер мен блогерлер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Мұса Шорманұлының кесенелеріне барып Құран бағыштап, кесене тарихы және тұлғалардың өмірбаянымен танысты.

Биыл қыркүйек айында Баянауыл ауданының Теңдік ауылында би, шешен әрі этнограф Мұса Шорманұлының 200 жылдығына орай мавзолей ашылған болатын. Сонымен қатар, шілде айында фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы аталып өтті. Ұлы ойшылдың кесенесі 2006 жылы Ескелді шатқалында бой көтерген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер