BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодар облысында жазасын өтеушілер колонияда театр ашты

Фото: ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің күніне орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодар облысындағы қатаң режимдегі АП-162/4 мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталғандардан құралған театрланған қойылымның премьерасы өтті. Спектакльде жоңғарлардың шабуылына қарсы қазақ батырларының күресі көрсетілді, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түзеу мекемесінің басшылығы және қызметкерлерінің қолдауымен сотталғандар осы шараға небәрі бір айға жетер-жетпес уақыт дайындалды. Күн сайын дайындықтарға қатысып, тігін шеберханасында қойылымға қажетті киімдер мен декорацияларды тікті.

Мәдени шараға әкімдіктің, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсенің, прокуратураның, «Нұр Отан» ХДП, қоғамдық ұйымдардың өкілдері келді.

Сотталғандар Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» шығармасынан үзіндіні сахналады.

"Ең алдымен, мекеме кітапханасында бар шығарманың ішінен тарихи туындылармен таныстық. Соңында біздің таңдауымыз Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» шығармасына түсті. Осы туындыны оқып шығып және алдымызда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне орай театрымыздың алғашқы спектаклі ретінде қоюды жөн көрдік. Дайындық барысында барымызды салып, шын ықыласымызбен кірістік, керекті костюмдерді тіктік. Шыны керек, дайындалуға 3 аптадай ғана уақыт болды», - дейді «Демалыс және өзін-өзі тәрбиелеу» секциясының белсенді мүшесі, сотталған азамат Сергей Богай.

Қойылым кезінде әртістер қобалжыды. Өйткені, осындай маңызды шараны өткізу - сотталғандар үшін үлкен жетістік. Олар сахнаға алғаш рет шығып тұр.

Спектакльдің соңында қонақтар өз ойларымен бөлісті.

"Қазіргі уақытта қоғамды азаматтық-құқықтық бағытта тәрбиелеу өзекті мәселе болып отыр. Сотталғандардың бүгін көрсеткен қойылымды алып шығуы, олардың тарихқа деген құрметі, шығарманы таңдай білуі бізді таңқалдырды. Пенитенциарлық жүйеде орын алып жатқан оң өзгерістер, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өткеріп жүргендердің тәрбиелік шараларға қатысып, болашақ өмірге құштарлана атсалысуы қуантарлық жағдай", - деді ҮЕҰ директоры, Павлодар облысының Қоғамдық-бақылау комиссиясының мүшесі Алексей Журбин.

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсенің менеджері Гүлнар Нұрмағамбетова өзіне қойылымның ұнағанын айтты.

"Маған спектакль қатты ұнады. Актерлардың орындаушылық шеберлігі жоғары деңгейде болды. Сотталған азаматтардың осы шараға арнап костюмдер мен декорацияларды өз қолдарымен тіккенін ерекше атап өткім келеді. Қойылым барысында спектакльдің әрбір бөлігінен сол тарихи дәуірдің айқын көрінісі берілді", - деді ол.

Жаңадан құрылған театрдың қатысушылары алдағы 2018 жылы өзге де мерекелерге қойылымдар дайындауды жоспарлап отыр. Келесі көрініс Наурыз мейрамына арналмақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер