BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодар мұрағаттарында латын қарпіндегі 50 мыңнан аса құжат зерттеліп жатыр

Фото: Автор

Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаттарында бір миллионнан астам құжат сақтаулы. Олардың 5%-дан астамы, яғни 50 мыңнан астамы латын графикасында жазылған, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Қазіргі таңда өңір мұрағатшылары 19 ғасырдың басында латын әліпбиінде жазылған құжаттарды зерттеп, аса құнды тарихи деректерді жұрттың назарына ұсынуға дайындалуда. Араб әліпбиінен латын графикасына көшу кезеңі 1929-1940 жылдарды қамтитыны белгілі. Осы кезеңге тиесілі құжаттардың қатарында Ертіс өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын көрсететін, сондай-ақ, аймақтың танымал тұлғаларының жеке құжаттары бар. Олардың барлығы латын қаріптерімен толтырылған, тарихи зерттеулер үшін аса маңызды. Мәселен, сарғайған мұрағаттық бумаларда Кеңес Одағының батыры, аты аңызға айналған командир Қанаш Қамзиннің жеке құжаттары сақтаулы. Мектеп аттестаты, оқу үлгерімі туралы табель сияқты құжаттардың барлығы латын әріптерімен жазылған.

«Мемлекеттік мұрағаттарда 1929 жылдың жетінші тамызындағы латын графикасына көшу жөніндегі қаулы да сақталған. Бұл қаулыда латын графикасына көшудің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани маңыздылығы туралы айтылып, араб әліпбиінің қазақ тіліне бейімделмегенін түсіндіріледі. Сонымен қатар, үгіт-насихаттық жұмыстарын жүргізу жайында айтылған. Құжатта осы істерді «мәдени жорық» деп атаған», - дейді мұрағат қызметкері Ханшайым Мақажанова.

Облыстық мемлекеттік мұрағаттың басшысы Манат Келдібековтың айтуынша, маңызды жәдігерлер топтастырылып, «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты көрмеде жұрт назарына ұсынылмақ.

«Көрме құжаттары латын әліпбиін енгізу және барлық мекемелердің, кәсіпорындардың және өңір халқының латынға ауысуы, араб әліпбиін пайдаланудың тоқтатылуы, Павлодар типографиясы үшін жаңа алфавит қаріптеріне тапсырыс беру туралы, мектептерге оқулықтарды сатып алу қажеттілігі туралы, партия ұйымдарының және жергілікті Кеңестердің жұмысы туралы, ұжымдастыру және колхоз құру кезеңдерін көрсетеді. Құжаттардың жеке тобы білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін қаржыландыру, қорғаныстық-бұқаралық жұмыс, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуге арналған», - дейді Манат Келдібеков.

Мамандар архивтың жеке қорынан шыққан құжаттар көрермендердің ерекше қызығушылығын оятатынына сенімді. Олардың қатарында латын әліпбиімен жазылған өтініштер, куәліктер, сауалнамалар. КСРО-ның 1940 жылғы 13 қарашадағы «О переводе казахской письменности с латинизированной на новый алфавит на основе русской графики» Заңы да тарихи маңызға ие.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер