BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мен қазақпын» халықаралық жобасының үздіктері анықталды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Президенттің "Болашаққа бағдар: рухни жаңғыру" бағдарламасында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру негізінде Qazaqstan ұлттық арнасы қолға алған Халықаралық деңгейдегі "Мен қазақпын" мегажобасы аяқталды. Жобада еліміздің барлық облысы мен қандастарымыз көптеп шоғырланған - Моңғолия, Ресей және Қытай елінен өнерпаздар бақ сынады. Барлығы 3000-нан астам әнші-күйші, термеші қатысқан айтулы өнер бәйгесі кеше мәреге жетті, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агенттігі.

Гала-концертке арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жүлдегерлерді құттықтап, жобаның қазақтың ұлттық дүниесін толтыруға, шеттегі қандастарымызбен мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

«Елбасы айтқандай, ұлттың бірегейлігі сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Осы орайда «Мен қазақпын» жобасы үлкен міндетті жүзеге асырып отыр. Қазақтың жыршылық, термешілік, күйшілік мұралары қайта жаңғырды. Қытай мен Моңғолиядағы, Ресейдегі қандастарымызбен мәдени байланысымыз күшейе түсті. Осының барлығы - жас ұрпақтың ұлттық өнерге құштарлығын арттыратын үлкен игілікті іс. Біздің министрлік ұлтымыздың төл мәдениетін ұлықтайтын шараларды қашанда қолдайды.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және "Қазақстан" ұлттық арнасының қолдауымен өткен отандық мегажобада күй, терме және дәстүрлі ән қатарлы үш аталымда бақ сынаған жас таланттарды іріктеу соңғы кезеңдерде қазылар алқасына да үлкен қиындық тудырған. Ол - финалға шығар үздіктерді саралаудағы қиындық еді. Себебі үш айға созылған теленұсқада суырылып соңғы алты үміткер қалған болатын. Тіпті соңғы айналымдағы 12 қатысушыдан алты үздікті анықтап, финалға шығарудың өзі оңай болған жоқ.

«Бұл байқауда біз барынша әділ болып, көрермен халықтың пікірімен барынша санасып шешім шығаруға тырыстық. Дегенмен «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей байқау болған соң біреу озып, біреу қалатыны заңдылық. Өздеріңізге уәде бергенімдей, өткен байқаудың қорытындысы сақталған конверт қалтамда, жеңімпаздың кім болғанын сол арқылы ғана білетін боламыз. Ал бұл «Мен қазақпын» жобасы халықтың көптен күткен, ұлттың, елдің көкейінде көптен бері сақталып келе жатқан жоба еді, министрлікке, телеарна басшылығына келген білікті жігіттердің арқасында жүзеге асты, алғыстан басқа айтарым жоқ» - деді жобадағы қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

Сонымен Мырзатай Жолдасбековтің қалтасындағы хатта жасырылған жеңімпаздар мыналар екен:

Күй – Алмас Елеусізов (Ақтөбе)

Терме – Оспан Құлсымақ (Маңғыстау)

Дәстүрлі ән – Бейбіт Мұсаев (Алматы облысы)

Әр жеңімпазға 1 млн теңгеден жүлде берілді.

Сонымен қатар жобаға қатысып, «Көрермен көзайымына» айналған Жамбыл облысынан келген Сұлужан Әбенова арнайы сыйлыққа ие болды.

Ал өткен бағдарламада үздік 12 қатысушының бірі болып, өзінің ерекше дарынымен көзке түскен жобаның ең жас қатысушысы маңғыстаулық күйші Алмаз Жетібаевқа өзі уәде бергеніндей Мырзатай Жолдасбеков арнайы сыйлығын берді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер