BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада «Туған жерге тағзым» атты форум өтіп жатыр

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Сыр өңірінде дүниеге келіп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан белсенді тұлғалар қатысуда, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Жалпы аймақта ел таныған азаматтардың кездесуін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл жолғы шараның мақсаты – Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалардың жеткен жетістіктерін аймақ жастарына үлгі етіп, оларды туған жеріне қолдау көрсетуге шақыру болып отыр.

Қызылорда қаласының тумасы, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов та айтулы шараға қатысуда. Оның айтуынша, туған жер – жұмақтың төрі.

«Бұл өлкеде сенің әлпештеген анаң, жеткізген әкең, туған-туысың, тай құлындай тебіскен достарың, білім жолына жетелеген ұстаздарың бар. Туған жерден алыста болсақ та ел үшін алаңдап отырамыз. Облыс әкімі денсаулық сақтау саласына оң көзқараста екенін көріп жүрміз. Өйткені, елге әр барған сайын бір жаңалық естіп келеміз. Барлық аудандарымыз жаңа емханалармен толықты. Осындай кезеңде Арал, Қазалы аудандарының ауруханаларының құрылысын жүргізіп, апатты жағдайдағы Шиелі аудандық ауруханасының іргетасы қойылды. Жылына облыс қазынасынан үш миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, емдеу ұйымдарының заманауи емдеу құралдарымен жабдықталуы бұл саланың жанашыры бар екендігін білдіреді. Жерлестерімнің «Туған жерге тағзым» акциясына шақыртуын қуана қабыл алдым. Дәрігер ретінде көп науқасқа ота жасап, бірнеше ауруға көмек бердім. Елім өсірді, дәрігер болдым, ғалым атандым. Сыр халқының қолдауы арқасында Сыр халқының жүз жаңа есіміне кірдім. Және Елбасымен жүздесу бақытына ие болдым. Осылай Тәуелсіз Қазақстан тарихында қалу бақыты бұйырды», – деді дәрігер ғалым.

Мәскеудегі маңдайалды жоғары оқу орнында білім алып жатқан қызылордалық студент Еламан Меңдіқұловтың айтуынша, шетелде оқып жүрген сырбойылық жастар туған жердің қамқорлығын сезінеді.

«10 қараша күні облыс әкімі Қырымбек Елеуұлымен өткен кездесуде аймақта болып жатқан бүкіл әлеуметтік-тұрмыстық жетістіктер мен жаңалықтарды естіп, біраз қуанып қалдық. Бұдан бөлек, жыл сайын Ломоносов университетіне магистратураға 20 жас оқитынын естідік. Бұл дегеніміз Ресей федерациясы мен Қызылорда облысы арасындағы үлкен бірлік пен ынтымақтастықтың белгісі. Біздер Ресейде оқып жатқан 500-ге жуық студент және олардың ата-аналары туған елге шын жүректен алғыс білдіреміз. Студенттер тарапынынан Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін өзіміздің күшімізбен барлығын жасаймыз», – дейді шараға қатысып жатқан Е.Меңдіқұлов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Қаңтар 2019, 16:34
Бозарып тағы таң атты
Пікірлер