Қызылордада камералық оркестрдің кеші өтті - Рухани жаңғыру|24 Қазан 2017, 20:48
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада камералық оркестрдің кеші өтті

Фото: Автор

Қызылорда облыстық филармониясы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде камералық оркестрдің концертін ұйымдастырды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Камералық оркестр «Құрмет» ордені және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Кеулімжай Ботабаевтың дирижерлауымен әлемдік классикалық музыканттар В.Моцарт, И.Бах, шетел және қазақ композиторлары А.Пьяцолло, Г.Динику, Д.Пуччини, Л.Андерсон А.Серкебаев, Л.Хамиди, Х.Сетековтардың шығармаларын орындады.

Оркестр солисті Мақсат Мақұлбеков Д.Пуччинидің «Турандот» операсынан Калафтың ариясын, Сымбат Тасбергенова Л.Ардитидың «Поцелуй» әнін орындаса, Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» әнін Сыр бұлбұлы Самал Байсейтованың орындауында көрермендер тамсана тыңдады.

«Әннен шашу шашып, халықтың көңілін сергітуге, рухани сый беруге әрдайым дайынбыз. Осы кеш те сәтті өтті. Бүгін классикалық әуен қалықтаған күн болды. Мәдениет ошағының залына да көрермендер көп келді», – дейді әнші Мақсат Мақұлбеков.

Облыстық филармонияның директоры Талғат Мақашовтың айтуынша, мұндай өнер кештерін филармония ұжымы жиі өткізіп тұрады. Жаңа маусымды осы оркестрдің концертімен бастаған өнерпаздар бұл жолы да келушілерін таң-тамаша етті.

«Жалпы, камералық оркестр осыдан үш жылдай бұрын құрылған еді. Содан бері қаншама концерт өткізді. Гастролдік сапарларға да шықты. Оркестр өз тыңдарманын тауып келеді», – дейді Т.Мақашов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер