Қызғалдақ фестивалі алдағы жылдарда да жалғасын табады - Рухани жаңғыру|24 Сәуір 2018, 17:28
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қызғалдақ фестивалі алдағы жылдарда да жалғасын табады

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Шұбайқызыл шоқысында Елбасының "рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» атты қызғалдақтар фестивалі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Табиғаттың ерекше сыйы – қызғалдақтар бұл өңірде ешкім екпей-ақ, табиғи жағдайда өседі. Ендеше аталған фестивальден аздаған фоторепортаж.

Шұбайқызыл шоқысы жайлы әуелі Мархабат Байғұт ағамыздың кітаптарынан оқығанбыз. Шынын айтсақ басында бұл сөздің түп мағынасына бойлай алғамыз жоқ. «Бақсам бақа екен» демекші, етістік пен сын есімнің қосындысынан туындаған сөз болып шықты.

Шұбайқызыл сөзі – қызғалдақ шұбай қаптап қанат жайған, шұбай өскен, шұбай өрістеген деген мән-мағынаны білдіреді екен.

Сонымен қызғалдағы шұбай өскен шұрайлы мекенге жол тарттық.

Шымкенттен Түлкібасқа жеткенше уақыт түске тақалды. Жолай Жаскешу ауылы маңындағы Балықты көлге тоқтап, табиғат аясындағы ерекше көлдің суынан дәм таттық.

«Шұбайқызыл» десе дегендей, етектен төбе басына қарай шұбай біткен гүлді алқапты аралай өтіп, мерекелік шараға арналған дала сахнасына тірелдік.

«Қазақтың ұйытқысы – оңтүстік» деп бекер айтпаған ғой, Қызғалдақ фестивалін қызықтауға келген халықтың қарасы мол.

Осы шараның өтуіне тікелей мұрындық болып, халық санасының рухани жаңғыруына тамшыдай болсын үлес қосуды көздеген өңір басшысы көпшілікті мерекемен құттықтады.

Оның айтуына қарағанда бұл мереке алдағы жылдарда да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.

Оң қапталда – әйгілі Алатау, сол қапталда – қарт Қаратау Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарының шекарасында жатқан бұл шоқы, осы өлкенің қызыларай шұғыласындай көз тартады.

Мерекелік шарада әншілер ән әуелетіп, қырмызыдай қыздар жел тербеген қызғалдақтай ырғалып биледі.

Табиғаттың сұлулығына сұқтанған суретшілер тау басында отыра қалып табиғаттың бір сәтін мәңгілікке «тоқтатып» жатса, фотографтар дала кілемінің кестесін бедерлеуге тырысып бағады.

Облыс әкімі «Шұрайлым – Шұбайқызылым» жыр мүшәйрасының жүлдегерлерін марапаттады.

Ал өңір басшысынан кейін ел алдына шыққан танымал жазушы, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт бұрынғы «Красная горка» деп аталып, қазақша Қызыл төбешік деп жазылып келген Шұбайқызылдың тарихи атауын өзіне қайтару жолында атқарылған жұмыстар туралы айтты.

«Жердің аты – тарихтың хаты» деп ұққан халқымыз бір жердің атауы болсын байырғы есімін тапқанына қуанысты.

Шұбайқызыл шоқысының басында журналистермен, суретшілермен кездескен әкім бір сәт «табиғат алдында тіземізді бүгейік» деп ардагерлермен бірге отыра қалып суретке түсті.

Шұрайлы Оңтүстіктің шырайын ашар көрікті өлке өте көп. Қазақтың қасиетті мекенінің санын толтырып, алыстан ат арытып келер жиһанкездерді өзінің әйгілі қызғалдағымен-ақ тамсандырған Шұбайқызылдан түс ауа аттандық.

Осы орайда 2011 жылы Шымкенттен туып шығып, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген әйгілі адамдар туған мекендеріне табан тіреген еді. Сол кездесуде әйгілі Әуезовтің «Абай жолын» орысшаға аударған Александр Кимнің былай дегені бар еді:

«Мен әлемнің көптеген елінде болдым бірақ ешқайсысы маған Түлкібастың қызғалдағындай әсер берген жоқ. Мен қайда жүрсем де тусыраған тюльпанның ортасында Түлкібаста туғанымды мақтан етемін» - деген еді жазушы.

Біз де Шұбайқызылда болып, табиғи қызғалдақты өз көзмізбен көргенімізге марқайып қайттық.

Фото: Ержан Жаубай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер