BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстанның қасиетті жерлері туралы фильмдер БҰҰ-ның негізгі 6 тілінде көрсетіледі

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанада «Мирас» республикалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда «Қасиетті Қазақстан» картасына енген жерлер туралы мәселелер талқыланды. Осы жиын барысында баяндама жасаған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова киелі жерлер туралы көркем және деректі фильмдер жасалып, бірнеше тілге аударылып, халықаралық деңгейдегі телеарналардан көрсетілетіні жайлы мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстанның киелі жерлері туралы фильмдерді түсіруге бүгінгі таңда министрлік аса зор көңіл бөліп отыр. Осы фильмдерді түсіруге өңірлік бюджет көздерімен бірге белді азаматтар қаржыларын қосып, ғылыми-зерттеулік мазмұнда, көркем суретті, анимацияларды түсіруге атсалысып жатыр. Бүгінгі таңда еліміз бен шетелдерде көрсетуге арналған бірнеше фильм түсірілді. Соның ішінде 4 фильм өндірісте. Осы төрт фильм Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің 6 тіліне аударылатын болады», - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуына қарағанда күрделі ғылыми-зерттеу негізіндегі үш циклдан тұратын екі деректі фильмнің түсірілімі аяқталған.

«Еліміздің киелі жерлерінің тізіміне енетін орындарды насихаттайтын фильмдердің халықаралық деңгейдегі телеарналардан көрсетілетіндей жұмыс істеліп жатыр. Оның ішінде «Жұбан ата кесенесі», «Қорқыт ата кешені», «Шерқала» секілді орындар туралы фильмдер шетелдік көрерменге жол тартады. Өздеріңіз білетіндей, BBC WorldNews атты телеарнада «Қожа Ахмет Яссауи», «Айша Бибі» кесенелері мен «Алтын адам» атты деректі фильмдер аяқталып, оларды 451 миллион көрермен көре алатындай ауқымда жағдай жасалуда», - дейді вице-министр.

Бұлардан бөлек еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін көрсетуге бағытталған фильмдер де қолға алынып отыр.

«Голливуд актеры Марк Дакаскостың қатысуымен «Кастел» компаниясы түсіріп жатқан «Көшбасшылар елі» деректі фильмінің түсірілімі аяқталды. Қазіргі таңда халықаралық деңгейде көрсетуге болатындай келіссөздер жүргізілуде. «Күлтегін» туралы да деректі фильм көпшіліктің көңілінен шығар деген сенімдеміз», - дейді Ақтоты Райымқұлова.

«Мирас» республикалық кеңесінің көшпелі отырысына депутаттар, тарихшылар, ғалымдар мен «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы қатысты.

Естеріңізде болса, бұдан бұрын қазақстандық әдебиеттер БҰҰ-ның негізгі алты тіліне аударылып насихатталатыны жайлы жазған болатынбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер