«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулыққа» қатысты аудармашылар пікірі - Рухани жаңғыру|10 Мамыр 2018, 16:50
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулыққа» қатысты аудармашылар пікірі

Алматыда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылуына арналған «Болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығы.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға арнап ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры З.К. Шаукенова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының вице-президенті С.Т. Сейдуманов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Ш.Е. Жаманбалаева алғы сөз сөйледі.

З.К. Шаукенова өз сөзінде негізгі жұмыс тобы – еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары, оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессор-оқытушылар құрамы және соңғы кезде жұмысы үлкен мақтанышқа ие болған Ұлттық аударма бюросының рөліне тоқталып өтті.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жариялануының бір жылдығына орай барша халық оның алты бағдарламасының бірі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуының куәсі және оған тікелей қатысушысына айналды» - деді Зарема Шаукенова.

Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының вице-президенті С.Т. Сейдуманов ғылыми басылымдарды қазақ тіліне аудару бойынша жобаның нәтижесі ретінде қазақ тілінің нығаюы, жаңа кәсіптердің пайда болуы мен ғалымдардың жаңа көзқарастағы тобының қалыптасуын күтілетін оң әсерлер ретінде атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Ш.Е. Жаманбалаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазіргі заманғы білім беруге жаңа серпін болып, «100 кітап» жобасы жаңа білім алу мен жаһандық тренд – БҰҰ «Азаматтық саладағы жаһандық білім беру» (GCED) бағдарламасына қосылуға қажетті маңызды құрал болғандығына тоқталды. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кафедраларында қазірдің өзінде аударылған оқулықтар оқу үдерісіне енгізіліп, олар бойынша онлайн курстар әзірленуде деп атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі, қазақ басылымының ғылыми редакторы және Клаус Швабтың «Төртінші индустриалық революция» кітабының аудармашысы К.С. Матыжанов жобалық кеңсеге келген алты кітапты аудару бойынша жұмыстар туралы айтып берді.

«Қиындықтар, соның ішінде, Клаус Швабтың ғылыми еңбегіндегі терминдерді аудару барысында орын алды, мысалы кітап атауы қазақ басылымында «Төртінші индустриялық революция» деп аударылды. Сондай-ақ, жұмыс тобы еңбектердің айрықша стилистикасын жеткізу бойынша әдеби редакциялау қиындығына тап болды. «Төртінші индустриалық революция» кітабының негізгі берері – цифрлау мен технологиялық серпіліс барысында руханилықты, адамгершілікті сақтап қалу қажеттілігі» - дейді К.С. Матыжанов.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, Джордж Ритцердің «Әлеуметтану теориясы» кітабының қазақ тіліндегі басылымының жауапты редакторы Г.С. Әбдірайымова оқулықты аудару ұзақ уақыт алғанын, басқа мәдени менталитеті бар лингвистикалық белгілері аудару дұрыстығын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бастапқы мәтін мәнін сақтау ниетіне байланысты бірнеше ғылыми және тілдік редакциялаудан өткенін атап өтті.

«Әлеуметтану бойынша аударылған оқулықтар білім берудің типтік бағдарламасына енгізілді, енді кафедра алдында студенттердің қоғам алдында тұрған қазіргі үдерістерді тереңірек зерттеу және түсінуі үшін жаңа құралдар мен әдістерді дайындау міндеті тұр. Сондай-ақ, жаңа оқулықтар жобасы бойынша жұмыс кафедрада әлеуметтік терминдердің көптілді сөздігін жасау ісіне әсер етті» - деді ол.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі. Д. Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін» атты кітабының ғылыми редакторы және аудармашысы Г.Ж. Нұрышева әлемдік ғылыми еңбектерді аудару идеясының пайда болуы және жүзеге асыру халықтың өзіндік сана-сезімінің көтерілгендігі деп санайды.

Сонымен қатар, жұмыс барысында аудармашы жас ұрпақ пен Елбасының алдында үлкен жауапкершілікті сезінгенін жеткізді.

«Д. Джонстонның жұмысы қысқаша және қолжетімділігімен ерекшеленеді. Баяндауды қысқаша жеткізу «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің еңбектерінде болған және қазақстандық ғалымдар осы стильге оралуы керек» - дейді аудармашы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика кафедрасының меңгерушісі. Грегори Мэнкью мен Марк П. Тейлордың «Экономикс» кітабының жауапты редакторы және аудармашысы Г.А. Садыханова кітаптың теориялық және практикалық материалға бай болуы оның құндылығын танытады деп санайды.

«Әлемнің 25 тіліне аударылған кітапта экономикалық мектептер мен заманауи үдерістер келтірілген, бұл отандық экономикалық модельді әлемдік үлгілермен салыстыруға мүмкіндік береді. Оқулық құрылымы, атап айтқанда, өзіндік жұмысқа арналған кейстер мен сұрақтарды қамтуы оқытушы үшін өте пайдалы және студенттермен жеке жұмысқа қолданылуы мүмкін. Грегори Мэнкью мен Марк П. Тейлордың «Экономика» оқулығы қазірдің өзінде қазақ тіліндегі «Экономика негіздері және принциптері», «Экономикалық теория», «Микроэкономика» және «Макроэкономика» пәндерін оқыту барысында бакалавриаттан бастап докторантураға дейін барлық деңгейде қолданылып отыр» - дейді ол.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры, Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітабының ғылыми редакторы және аудармашысы Д.Д. Дүйсенбеков аудару барысында кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы қарастырылғанын, бірақ кітаптың соңғы редакциясының орыс тіліндегі аналогы болмағандықтан, түпнұсқадан аударуға тура келгендігін атап өтті. Д.Д. Дүйсенбековтың айтуынша, кітап мәні адамның әлеуметтенуіне және жалғыздыққа ұшырамау талпынысына арналған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» кітабының қазақ тіліндегі басылымының ғылыми редакторы және аудармашысы А.Д. Құрманалиева өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жас ғалымдарды қолдаудағы және гуманитарлық білімге деген назарды өзектендіруге қатысты маңызды рөліне тоқталды.

«Аударма үдерісінде білім беру сапасын жақсартуға және оны заманауи әлемдік стандарттарға жақындатуға мүмкіндік беретін жаңа ғылыми терминдер жасалды. Жүргізілген жұмыстың ең күрделісі – болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершілік» - дейді ғалым.

Шараны қорытындылай келе, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры З.К. Шаукенова профессорлық-оқытушылар құрамын әлемдік гуманитарлық ғылымның ең үздік 18 оқулықтары негізінде қайта жаңартылған сапалы білім беруді қалыптастыруға өздерінің әріптестерін тартуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының биылғы жылы аударылған 18 кітабының ішінде 6 оқулық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аударылған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер