BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қарасаев: Кенесарының ерлігін әлемдік тарихқа енгізу - тарихшылар міндеті Эксклюзив

Әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837 - 1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары Қасымұлы ескерткіші елорда төрінде ойып тұрып орын алған. Тарихи тұлға мен оған арналған ескерткіш жайлы Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Ғани Қарасаев әңгімелеп берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бүкіл тәрбиенің де, жасампаздықтың да, Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғырудың» да орталығы осы Астанадан басталады. Сондай келелі де әсем елордамыздың ортасында тұрған үлкен бір тұлғалы ескерткіш – Кенесары Қасымұлы батырға қойылған монумент. Ол 2001 жылы Кенасары Қасымұлының туғанына 200 жыл толуына орай Есіл өзенінің жағасына қойылған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 11 метрден, ал қоладан құйылған бейненің биіктігі 6 метрден асады. Авторлары - мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Шота Уәлиханов. Ескерткіш қазіргі таңда қаламызға көрік беріп тұр. Ол жер демалыс орталығына айналған, саябақ та бар. Бұл ескерткіштің маңызы аса зор деп айтар едім», - деді Қарасаев.

Тарихшының айтуынша, Кенесары туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Ол ұзақ жылдарға созылған халқымыздың ресейлік отарлыққа қарсы ұлт азаттық қозғалысында аса белсенді тұлға болған.

«Соның ішінде айтуға тұрарлық ұйымдасқан, үш жүз қазақтарының басын қосқан, көтерілістің басында болған, Шыңғысханның 27-ші ұрпағы, Абылай ханның немересі, Абылайдың баласы Қасымның ұлы Кенесарының халқының тәуелсіздік алу жолындағы ерлігін том-том кітап етіп жазуға болады. Кенесары ханның есімі Орталық Азияны қамтиды. Қазақстан тарихшыларының қазіргі міндеті – Кенесары батырдың ұлы ерлігін әлемдік тарихқа енгізу, оны насихаттау, ол туралы әрі қарай еңбектер жазу», - деп әңгімеледі Ғ.Қарасаев.

Профессордың айтуынша, қазіргі таңда осы салада көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Қарасаев Кенесары Қасымұлының ерлігі туралы көп деректер Омбы архиві, Санкт-Петербордағы Ресей мемлекеттік мұрағаты мен Алтай өлкелік архивінде бар екенін айтты.

«Дегенмен, сол мұрағат құжаттарының көбі әлі күнге дейін жабық. Бұның әртүрлі себептері бар. Десек те, архив құжаттарын әрі қарай зерттеу, Кенесарының есімін, оның ерлігін ұрпағымызға жеткізу, біртуар тұлғаны ұлықтау - біздің халқымыздың, ғалым, тарихшылардың міндеті. Астананың 20-жылдық мерейтойында осындай тарихи тұлғаларды дәріптеп, халыққа насихаттау мәңгілік ел болуға ұмтылған Отанымыздың еңсесін одан әрі көтеріп, іргесін нығайта түсетіні анық», - деді Ғани Қарасаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер