BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ертіс өңірінде оқушылардың археологиялық жасақтары құрылады

Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде оқушылардан құралған археологиялық жасақтар жұмысын бастамақ. Бүгінгі күні орта мектептер аймақтағы ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуде, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Алдағы уақытта оқушылар қауымы ғалымдармен бірге археологиялық қазба жұмыстарына қатыса алады. Енді жеткіншектер аймағымыздың ежелгі тарихымен жақынырақ танысып, материалдық құндылықтарды көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкіндігіне ие болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды алғашқы болып Павлодар қаласының №18 мектебі бастады.

«Бұған дейін балаларымыз Баянауыл ауданында жүргізілген қазба жұмыстарына қатысты. Қызығушылықтары мол. Сондықтан, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы Марғұлан ғылыми-зерттеу институтымен байланыс орнаттық. Алдағы уақытта оқушыларымыз зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар, ғылыми жұмыстарды жазумен айналысады. Біздің жеткіншектер ғалымдардың қолдауына ие болады», - дейді тарих пәнінің мұғалімі Асхат Мұқанов.

Қазіргі таңда мектеп ұстаздары мен орталық қызметкерлері бірлескен жоспар әзірлеуде. Бүгінгі таңда білім беру мекемесі жанында «Асыл мұра» атты этнографиялық зертхана жұмыс істейді. Болашақта археолог, антрополог болуды армандайтын жеткіншектер осында жиналады.

Марғұлан орталығының қызметкері Эдуард Лампартердің айтуынша, оқушылармен бірлесіп жұмыс істеу өңірде тарихшылардың толқынын қалыптастыруға сеп болмақ.

«Жеткіншектердің талпынысы қуантады. Олармен кездесу барысында түрлі сұрақтарға жауап бердік. Бұл кездесуде балаларға Ертіс өңірінде өркен жайған Қимақ қағанатының гүлденуі, Қазақ хандығының құрылуы мен ежелгі адамдардың пайда болуы туралы әңгімеледік. Мәселен, 9-11 ғасырларда өмір сүрген қимақ жауынгерінің сауыт-сайманы оқушылар үшін өте қызық. Жәдігердің түпнұсқасы Май ауданынан табылғаны мәлім. Ғалымдар оны қалыпқа келтіруде. Келесі жылдың жазында оларды экспедицияларға апарғымыз келеді», - дейді ғалым.

Еске сала кетсек, «Ертіс өңірінің қасиетті жерлері» картасына 66 киелі орын енген. Алдағы уақытта оқушылар осы мекеендерді аралап, зерттеу жұмыстарына атсалыспақ.

Фото: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер