Елтаңбаның алғашқы нұсқасы қандай еді - Рухани жаңғыру|23 Сәуір 2018, 15:17
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Елтаңбаның алғашқы нұсқасы қандай еді Эксклюзив

Фото: Нұржас Жақсыбай

Қазақстан елтаңбасының тарихы ғарыштан бастау алады. Алматылық коллекция жинаушы Әнуарбек Болахметов Baq.kz тілшісіне мемлекеттік герб пен ғарыштың байланысы жайлы әңгімелеп қана қоймай, елтаңбаның бірінші нұсқасын да көрсетті.

«1991 жылы алғаш рет қазақ ғарышкері көкті бағындырады дегенде барша жұрт қуанған еді. Бұл оқиғаны барлығы күткен болатын. Танымал мүсінші әрі сәулетші Шот-Аман Уәлиханов (елтаңба авторларының бірі – авт) жақсы жаңалықты ести сала, өзі жасаған естелік белгіні ғарышкерлерге беріп жіберген екен. Ол суретке құстың екі қанатын салып, шаңырақ, жұлдыз бен жарты айды бейнелеп, Тоқтар мен Талғат деп жазған. Қақ ортасына «Қазақстан» деп белгілеп, белгіні ғарышкелерге табыстаған. Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сол эмблеманы тағып ұшқан. (Осыдан кейін белгі Қазақстанның ғарыш эмблемасы болып бекітілген-авт.) Одан кейін Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Шот-Аман Уәлиханов елтаңба конкурсына қатысқан. Ол елтаңба негізіне ғарыш эмблемасындағы суретті алған. Әрине, кейбір элементтер қосылды. Яғни, тұлпарлар салынып, басқа да өзгерістер енгізілді. Бірақ, негізгі символ қалды. Осылайша, Қазақстан елтаңбасының тарихы ғарыштан басталады деп айта аламыз», - дейді Әнуарбек Болахметов.

Сурет: Нұржас Жақсыбай

Қазақстанның ғарыш саласына қатысты құнды заттарды жинаумен айналысатын Болахметов коллекциясының төрінен орын алған елтаңбаның бірінші нұсқасын көрсетті.

«Мен ғарыш тақырыбында коллекция жинаумен бала кезімнен айналысамын. Бұл менің хоббиім. Өзіме өте қызық. Өмірде көп нәрсе ұмытылады. Ал, осындай заттарға қарасаң, барлығы еске түседі», - дейді Әнурбек Болахметов.

Сурет: Нұржас Жақсыбай

Бұған дейін БАҚ-қа берген сұхбатында Шот-Аман Уәлихановтың өзі де Қазақстанның ғарыш эмблемасын еліміздің елтаңбасының бірінші нұсқасы деп есептеу керектігін айтқан.

«Қазақстанның күллі тарихында алғаш рет Байқоңыр ғарыш айлағынан халықаралық экипаж құрамындағы бортта қазақ ғарышкерімен «Союз» зымыраны ұшырылатыны белгілі болды. Содан бірнеше күн бұрынғы жұмыс нұсқаларымның біріндегі естелік белгіні Баспасөз және ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов арқылы сәтті ұшуын тілеп қазақстандық ғарышкерге беруді ұйғардым. Белгіде қара шаңырақ - Отанымыздың нышаны ретінде шаңырақ бейнесін енгіздім. Жиектеріне самғау нышаны - қанаттар бейнеленді. Бір қанатында «Тоқтар» (Әубәкіров), екінші қанатында «Талғат» (Мұсабаев) деп жазылды. Өзімнің естелік белгіме олар екеуі де аспанға біздің үйіміздің Шаңырағы - Қазақстанды апара жатқан халқымыздың қанаттары деген жазба қалдырдым. Менің естелік белгім бұл оқиғаға дөп келді. 1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров қазақтан алғашқы болып ғарышқа ұшты. Кейіннен бұл белгі Қазақстанның ғарыш эмблемасы етіп бекітілді. Эмблеманың кішірейтілген нұсқасы жасалды, оған экипаж бен дублерлар қол қойды. Тоқтар Әубәкіров скафандрына оң жақтан КСРО Гербі, сол жақтан - Қазақстанның жаңа ғарыш эмблемасы бекітілді. Дәл осы нұсқаны республикамыздың болашақ елтаңбасының бірінші нұсқасы деп есептеу керек. Міне, осылайша еліміздің мемлекеттік елтаңбасы әлем картасында тәуелсіз Қазақстан пайда болмай тұрып жасалды» , - депті Шот-Аман Уәлиханов.

Атап өтсек, Егемен Қазақстанның елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер