BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дәурен Қуат әдеби байқаудың бас жүлдесін алды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін екі жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Ауылым – алтын тұғырым» республикалық әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Ауыл» халық-демократиялық партиясы мен «Әдебиет» порталы ұйымдастырған әдеби-онлайн конкурсы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген бағдарламалық мақсаттарды жүзеге асыруға негізделген.
«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев жиналған қауымды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, биылғы байқау республикалық шеңберден шығып, халықаралық деңгейге көтерілгенін атап өтті.

«Ауыл туралы әдеби шығармалар байқауын екі жылдан бері өткізіп келеміз және алғашында республикалық деп жариялаған байқауымыздың аумағы биыл шекарадан асып кетті. Оған Қытай, Қырғызстан, Ресей, Моңғолиядағы қандастарымыз өз туындыларын жіберді. Былтыр байқауға келіп түскен 219 шығарманы үш томдық кітап етіп шығарып, ауыл-ауылдарға, кітапханаларға тараттық. Биылғы туындыларды да жинақ етіп шығару жоспарланып отыр. Мұның барлығы Елбасы мақаласында көрсетілген рухани жаңғыру шараларына қосқан үлесіміз болмақ», - деді Әли Бектаев.

Байқауға қатысуға 213 қаламгер өтінім берген. Оның 99-ы поэзия, 83-і проза болса, 31 туынды драматургия бойынша түскен.
Үш сала бойынша Маралтай Райымбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қарағызұлы, Жолтай Әлмашұлы, Ербол Бейілхан, Ұларбек Дәлейұлы және жазушы-драматург Роза Мұқанова, Жабал Ерғалиев қатарлы танымал қаламгерлер қазылық жасады.
Байқау қорытындысына сәйкес:

Поэзия:
І орын - Ұларбек Нұрғалым (500 мың теңге)
ІІ орын - Файзулла Төлеутай (300 мың теңге)
ІІІ орын - Ерлан Жүніс (200 мың теңге).
Биылғы «Ауылым – алтын тұғырым» байқауының бір ерекшелігі Алашорданың 100 жылдығына орай арнайы жүлделер тағайындалды.
Поэзия аталымы бойынша Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы жүлде Бақытгүл Зарқұмарға, Шәкәрім Құдайберді атындағы арнайы жүлде Өміртай Еділханға, Ғұмар Қараш атындағы арнайы жүлде Ұмтыл Зарықханға, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы жүлде Сұлтан Дәулетханға берілді.

Проза:
І орын - Дәурен Қуат
ІІ орын - Нұрлан Қобдай
ІІІ орынды - Сәкен Сыбанбай
Проза жанры бойынша Алашорданың 100 жылдығына орай тағайындалған Міржақып Дулатұлы атындағы арнайы жүлде Қанат Тілеуханұлына, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жүлде Абай Қалшабекке, Тайыр Жомартбаев атындағы арнайы жүлде Әбу-Асқар Мекешке бұйырды.


Драматургия:
І орын - Думан Рамазан
ІІ орын - Заман Төлеуов
ІІІ орын - Қуаныш Қожабайұлы,

Драматургия бойынша алаштың 100 жылдығына орай тағайындалған Жүсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлде Қанат Жүнісовке, Мұхтар Әуезов атындағы арнайы жүлде Аршын Нұрбақытқа және Қошке Кемеңгерұлы атындағы арнайы жүлде Нұрислам Әбділге тиесілі болды.
Ал биылғы «Алтын Тұғыр» сыйлығы мен қосымша 100 мың теңге сыйақы проза жанры бойынша І орынды иеленген Дәурен Қуатқа берілді.

Видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер