BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Баянауылдағы Мұса Шормановтың кесенесі қыркүйек айында ашылады

Фото: автордан

Павлодар облысында қазақтың дара тұлғаларына арналған қасиетті орындардың қатары Баянауыл дуанының аға сұлтаны, ағартушы, этнограф Мұса Шормановтың кесенесімен толықпақ. Нысан ел азаматының 200 жылдығына орай қыркүйек айында айшылады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің тілшісі.

Айта кетейік, Сәтбаев ауылдық округі Ақкелін тауының байрауында бой көтеретін Мұса Шорманов кесенесімен Маңғыстау облысынан келген бір топ маман айналысып жатыр. Бүгінгі күнге дейін Баян жеріне бірегей табиғи материалдың 130 тоннасы әкелінді.

«Бір ғана дерек келтіре кетейін, Баянауыл ауданынан ұлттық ғылым академиясының 21 академигі шыққан. Ал сондай дара тұлғалардың қалыптасыуына Мұса Шормановтай азаматтар атсалысты. Мұса Шорманов – Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жыраудың ұрпағы. Аға сұлтан ел азаматтарының көзі ашылсын, білім алсын деген мақсатпен баянауылдық жастарды алыс-жақын шет мемлекеттерге жіберіп отырды. Өзі басқарған әр болыстың басшысына «бір-бір бала оқытасың деп» салық салғандай бұйрық беріп, орындалуын қадағалап отырған. Игі істің арқасында Қазақ елінің мақтанышы Қаныш Сәтбаев бастаған академиктер шоғыры қалыптасты. Бұл – таңқаларлық дүние!» - дейді құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүген қоғам қайраткері Алтынбек Нұхұлы.

Қазіргі уақытта Баянауыл округінің аға сұлтаны, би, шешен, ағартушы Мұса Шорманов кесенесінің құрылысы қызу. Ақтау өңірінен әкелінген ұлутастан салынатын нысан құрылысының 50%-ы аяқталды. Кесененің биіктігі 9 метр болмақ.

Жоба бойынша Мұса Шорманов жерленген зираттың маңайы ретке келтіріліп, абаттандырылмақ. Сонымен қатар, Мұса Шормановтың тұрған үйінің орны мен Ертіс-Баян өңіріндегі алғашқы 1903 жылы ашылған орыс-қазақ мектебінің орнына және Мұсаның баласы - ақын Сәдуақас Шормановтың басына да құлпытас қою жоспарлануда. Мамандар қаржы жағы шешілсе, Шорман әулетіне арналған музей ашу да көзделуде

Айта кетейік, бүгінде өңір халқы есімдері қазақ даласына мәшһүр болған тұлғалардың мерейтойларын атап өтуде. Бұқар жыраудың - 350, Мұса Шормановтың - 200, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығы мен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойы кеңінен тойланады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер