Алматыда ең көне ұлттық күрес қайта жаңғырды - Рухани жаңғыру|08 Мамыр 2018, 14:24
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Алматыда ең көне ұлттық күрес қайта жаңғырды

Фото: Федерацияның баспасөз қызметі

Іле Алатауының етегінде еліміздің 1000-нан астам палуаны «Белдесу» ұлттық күресі бойынша өткен алғашқы республикалық турнирге қатысуда. Бұл – олимпиадалық емес ойындардың әлемдік желісіне ресми түрде енген ең көне ұлттық күрес түрі, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

Турнирді ашқан Алматы әкімі Бауыржан Байбек Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда бүгінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылып жатқанын айтты.

Қазақстандықтар арасында «Аламан бәйге», «Қазақ күресі», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Көкпар» бойынша жарыстар кеңінен танымал болуда.

Өз кезегінде қазақ күресі федерациясының басшысы Қанат Бозымбаев «Белдесу» ұлттық күресі жастарға патриоттық тәрбие берумен қатар еліміздің жаңа чемпиондарын ашуы мүмкін екенін айтты. Аттары аңызға айналған Қажымұқан, Балуан Шолақ сынды палуандар осындай сайыстарға қатысқан еді.

Фото: Федерацияның баспасөз қызметі

«Халық барысы» жобасының идеялық қолдаушысы Арман Шораев турнирге ниет білдіргендердің барлығы, соның ішінде 18-ден 50 жасқа дейінгі шетелдік спортшы да қатыса алады деді. Жарыстың алдында барлық спортшы медициналық бақылаудан өтеді.

«Әрбір жекпе-жек 5 минутқа созылады. Егер палуанның біреуі жерге құласа немесе тізесімен, қолымен, денесінің өзге бөлігімен жерге тірелсе, жеңілген болып саналады. Есеп тең болса, онда 3 минут қосымша уақыт беріледі. Бұдан кейін де жеңімпаз анықталмаса, онда қатысушылар салмақ өлшеуден өтеді. Жеңіс салмағы ең төмен спортшыға беріледі», - деді Арман Шораев.

Фото: Федерацияның баспасөз қызметі

«Халық барысы» турнирінің ашылу салтанаты барысында көрермендер алдында «МузАртLIFE», Қайрат Нұртас, «Өркен», «Бозторғай» балалар хоры, Маржан Арапбаева, Ұшқын Жамалбек, Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Мәдина Сәдуақасова, ҚР ҰҚК шекара училищесінің курсанттары және басқалары өнер көрсетті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер