Академик Шахмардан Есеновтың өмір жолына арналған кітаптардың тұсаукесері өтті - Рухани жаңғыру|20 Қазан 2017, 20:41
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Академик Шахмардан Есеновтың өмір жолына арналған кітаптардың тұсаукесері өтті

Бүгін Қызылордада Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми орталық кітапханасында Шахмардан Есеновтың өмір жолы мен еңбектеріне арналған «Өнегелі өмір» және «Шахмардан» кітаптарының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Кітап тұсаукесерін Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ашып, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есенов жайлы, оның геология ғылымының дамуына, Қазақстан Ғылым академиясының қалыптасуына қосқан орасан зор үлесі туралы айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Артында айтарлықтай із қалдырған, есімдері халқының жадында қалған біртуар тұлғалар Сыр өңірінде де көптеп саналады. Сондай танымал тұлғалардың бірі – Шахмардан Есенов. Ол академик Қаныш Сәтбаевтің шәкірті. 33 жасында Геология министрі, 39 жасында Қазақстан Республикасында ең беделді және жауапты лауазымдардың бірі ғылым академиясының президенті қызметін атқарды. Ол геология ғылымының дамуына, Қазақстан Ғылым академиясының қалыптасуына орасан зор үлесін қосты. Ғалымның 90 жылдық мерейтойына орай мазмұнға толы өмірін үлгі етуіміз керек. Сол мақсатта «Өнегелі өмір» және «Шахмардан» атты кітаптар жарық көріп отыр», - деді Шиелі ауданының әкімі Қ.Сәрсенбаев.

Шахмардан Есеновтың өмірі мен еңбек жолын, өмірінде орын алған елеулі оқиғалар мен қызықты да мазмұнды естеліктерімен «Шахмардан» кітабының құрастырушы авторы жазушы, журналист Ақайдар Ысымұлы, «Өнегелі өмір» кітабы туралы академик «Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының» операциялық директоры Ирина Грищенко, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова оқырмандар алдында өз ойларымен бөлісті.

Жиналған қауым ортасында кітаптың лента қию рәсімі жасалып, кітап оқырман қауымға таратылды. Артында өшпес із қалдырған, ғұмыры ғибратқа толы аға буынның өнегесі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпақтарына үлгі-өнеге болып қала бермек.

«Шахмардан Есенов Ғылым Академиясын басқарған тұста Қазақстандағы, соның ішінде Сыр жеріндегі қазба байлықтарға барлау жасалып, кен орындары табылды. Дәлел ретінде Жезқазған, Жаңаөзен, Каражанбас, Жетібай, Қаламқас, Бозашы және өзге де кен орындарының табиғи ресурстарын айтуға болады. Сондай-ақ, қорғасын, мырышты өндірумен айналысатын «Шалқия кенішінің», «Құмкөл» мұнай кенішінің, Аралдағы өте жоғары сапалы кварц құмы кен орнының ашылуына еңбегін сіңірді. Бүгінде осы қазба байлықтар ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Қаншама адам жұмыспен қамтылып отыр. Сондықтан, «Шахмардан» атты кітап қайраткер тұлғаның өзге де қырларын ашатын, болмысын танытатын зерттеулерге, естеліктерге толы. Жалпы қос кітапта ғалым Шахмардан Есеновтың өмірінде орын алған оқиғалар, қызықты да мазмұнды еңбек жолы туралы жазылып, фото-суреттері жинақталған», - деді жазушы Ақайдар Ысымұлы.

Айта кетейік, 20-21 қазан күндері Қызылорда облысында мемлекет және қоғам қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ғалым Шахмардан Есеновтың 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтуде.

Облыс орталығында «Қазақстанның кен ресурстары: игерілуі, даму барысы мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды. 21 қыркүйек күні Шиелі ауданында Ш.Есеновтың бюсті мен мұражайының ашылуы және өзі туып өскен Тартоғай ауылында мәдениет Үйінің іргетасы қаланады. Сондай-ақ, қазақша күрестен республикалық турнир, республикалық айтыс, гала-концерт және өзге де мерекелік шаралар ұйымдастырылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер