BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 429.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

80 мыңнан астам павлодарлық латын графикасында диктант жазды

Фото: облыстық тілдерді дамыту басқармасы

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде өткен жалпыхалықтық диктантқа 80 мыңнан астам азамат қатысты. Ауқымды шараны ұйымдастыруға барлық орта және арнайы білім беру мекемелері атсалысты.

Мақсат - латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының тәжірибелік тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту, нақтылау және өзін-өзі бағалау.

Павлодар облыстық тілдерді дамыту жөніндегі тілдер басқармасының бөлім басшысы Ержан Төкеновтің айтуынша, алдымен диктант жазу туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Бекітілген диктант мәтінінде 90 сөзге дейін бар. Жатжазу 30 минутқа созылады. Қатысушыларға қолдау ретінде дидактикалық материал таратылды.

«Диктантқа 15 жастан асқан азаматтар қатысты. Білімдерін сарапқа салуға келгендердің қатарында аға буын өкілдерінің қатары қалың. Мәселен, облыстық ардагерлер қоғамының ақсақалдары келіп, қолдарына қалам алды. Бұл – қуантарлық жағдай. Жастар да қарттардан үлгі алып, белсенділік танытты. Мәселен, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған шараға студенттер көп болды», - дейді Ержан Төкенов.

Облыста қазақ тілін латын қарпіне көшіруді кезең-кезеңмен жүргізуді насихаттау жұмыстарын жандандыру мақсатында жұмыстта қолға алынған.

Салалық мекеменің хабарлауынша, өңірде «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» іске асырылуда.

«2018-2020 жылдары латынға көшу бойынша ұйымдастырушылық шаралар іске асырылуда. Жоспарға сәйкес қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына кезеңдеп көшуді насихаттау, латын әліпбиін енгізу бойынша халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру бағатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жуырда мамандар мен ғалымдар облыстың қала-аудандарында болып, халықпен кездесті. Жиынға қатысқан үш мыңнан астам азаматқа латын графикасының артықшылықтары мен тиімділігі туралы кеңінен түсіндірілді», - дейді маман.

Бұған дейін аймақта «Астана – бейбітшілік бесігі» тақырыбында диктант ұйымдастырылған. Ашық диктантқа 31 мыңнан астам павлодарлық қатысты. Нәтижесінде 8901 адам «бестік» алса, 13 883 қатысушы төрт деген бағаға ие болды. 8722 адам диктантты орташа деңгейде жазды.

Ал осы жолғы шараның қорытындылары бірнеше күннен кейін жарияланбақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер