100 жаңа оқулық: Қазақ тіліне аударылған кітап ойды қарапайым тілмен жеткізуге үйретеді - Рухани жаңғыру|23 Сәуір 2018, 18:07
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

100 жаңа оқулық: Қазақ тіліне аударылған кітап ойды қарапайым тілмен жеткізуге үйретеді

Фото: Baq.kz архивінен

Жуырда қазақ тіліне аударылған Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» оқулығы күрделі жайттарды қарапайым тілмен жеткізуге үйретеді. Бұл туралы ф.ғ.д., профессор Шолпан Жарқынбекова айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылғаны мәлім. Бұл кітаптар Мемлекет басшысына таныстырылған еді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы, ф.ғ.д., профессор Шолпан Жарқынбекова іріктеліп алынған 18 кітап барлық адамға қажетті гуманитарлық базалық білімді құрайтынын айтты.

«Бұдан да күрделі, қандай да бір жеке сала бойынша мамандандырылған кітаптар кейінірек аударылатын шығар. Дегенмен, менің ойымша, қазір іріктелген кітаптар барлық жоғары оқу орындарының студенттеріне қажет. Мен өз бағытым, яғни лингвистикалық бағыт бойынша айтатын болсам, Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» кітабын тек филологтар пайдаланбайды. Бұл оқулықты гуманитарлық білімнің барлық бағыттары, атап айтсақ, халықаралық қатынастар, дипломатия, шет тілдер және тағы басқалар жиі пайдаланады. 2010 жылы менің жеке шақыруым бойынша Светлана Тер-Минасова Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» тақырыбы бойынша екі апта бойы дәріс оқыды. Менің байқағаным, ол күрделі және маңызды жайттарды қарапайым тілмен жеткізеді. Бұл да өнер ғой. Өз оқырманына, тыңдаушысына тіл мен этнос, тіл мен мәдениетаралық арақатынасқа қатысты күрделі жайттарды жеткізе білу - үлкен өнер. Сондықтан болар, Тер-Минасованы тыңдауға оқытушылар ғана емес, экономист студенттер, техникалық мамандық алып жатқан студенттер мен басқалары да келді. Осы себептен мен бұл кітаптың алғашқылардың бірі болып қазақ тіліне аудару үшін іріктеліп алғанына қуаныштымын. Біздің қазақ оқырмандары, қазақ бөліміндегі студенттер үшін бұл кітап өте пайдалы және қызықты болады деп ойлаймын», - дейді Шолпан Жарқынбекова.

Атап өтсек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша 18 кітап қазақ тіліне аударылған. Оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмысына еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 100-ден аса маман қатысқан. Аудармашылар қатарында ғалымдар, аударма ісінің кәсіби мамандары бар. 2018 оқу жылынан бастап бұл оқулықтар жоғары білім беру жүйесіне енгізіледі деп жоспарланып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер