BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«100 есімнің» жеңімпазы мүгедектерге арнап шеберхана ашқысы келеді

Фото: Гүлжан Раманқұлова

Абылайхан Асылбайдың өмірі 1996 жылы қайғылы оқиғадан кейін күрт өзгерді. Құрылыста жұмыс істеп жүрген ол краннан құлады. Осылайша 34 жасында I топтағы мүгедек болып, жүрмек түгілі отыра алмайтын халге түсті. Бірақ ол мойымады. Жаңа кәсіпті игеріп, сау адамның қолынан келе бермейтін жетістікке жетті. Ал жақында «100 жаңа есім» жобасында жеңімпаз атанып, Елбасымен кездесті. Абылайхан Асылбай Baq.kz тілшісіне өзінің өмірі, кәсібі жайында әңгімелеген еді.

Абылайхан ағаның жеке өмірдегі қиындығы краннан құлаудан басталған жоқ. Соның алдында ол семьясынан айырылды. Ол кезде Алматыда тұратын. Көп уақыттан бергі түсініспеушіліктен соң әйелі екеуі ажырасты. Екі баласы әйелімен Алматыда қалып, Абылайхан Асылбай Семейге қайтып келді. Мұнда ол әпкесінің үйінде тұрды.

«Жекеменшік құрылыс компаниясында істеп жүріп осындай жағдайға ұшырадым. Ол үшін біреуді кінәлағым келмеді. Өзімді-өзім қайрадым, аяғымнан тұруға әрекет жасадым. Қазір тұрып жатқан осы кішкентай үйіміздің бір бөлмесі жаттығу залы, ал екінші бөлме шеберхана болатын. Көрші балаларды жинап алып, жаттығу жасайтынбыз. Қарнақ, темір, белтемір бәрі болды», - дейді Абылайхан Асылбай.

Қазір Абылайхан Асылбай 53 жаста. Ол мүгедектер арбасында отырмайды, өзінің сүйікті ісі – қолөнермен айналысады.

«Әкем, атам, арғы атам – бәрі қолөнерші болған. Бұл біздің қанымызда бар. Бұрын менде өнерге бос уақыт болмады. Жұмыс істедім, спортпен шұғылдандым».

Бірде Абылайхан аға Алматы жақта тұратын шебер Дәркембай Шоқпаров туралы естіді. Ол кісінің өзінен қолданбалы өнерді үйренуге бел буды. Сөйтіп алты жыл қатарынан Алматыға барып жүрді.

«Дәркембай аға өзі білетін нәрсенің бәрін – ер-тоқым жасауды, тері, ағаш, темірмен жұмыс істеуді тегін үйретті. Ол кісіге алғысым шексіз. 2006 жылы ұстазым өмірден өтті. Ұлды болсам атын Дәркембай деп қойғым келді. Әйелім қыз туды. Оған «Балжан» деп ұстазымның жұбайының есімін бердік».

Шағын шеберханасында семейлік ұста дулыға, сауыт-сайман, қару-жарақ, садақ, кіреуке, алтын адам, ұлттық әшекейлер және тұрмыстық заттар жасайды.

Бұйымдар қолдағы қарапайым материалдардан жасалады. Олардың қатарында консервінің бос банкілері, сүйектер де бар. Қазір Абылайхан аға тағы бір көрмеге дайындалып жатыр.

«Басыма идея өзі келе қалады. Кейде басқа көрмелерден жақсы дүниелерді көргеннен кейін де жаңа идеялар туып жатады».

«Бір батырдың сауытына шамамен 55 мыңға жуық сақина кетеді, салмағы 24 кг болады. Сауытты тігінен, көлденеңінен тоқуға болады. Алғашқы сауытты жасауға 3 жылдай, кейін 2 жыл уақыт кетті. Қазір 3-6 айдың ішінде жасаймын. Қол үйренді. Оны жасаудың жолы да жазып алынды».

Абылайхан Асылбайдың жұмыс күні таңертеңнен кешке дейін жалғасады. Басында 12 сағатқа дейін тапжылмастан шеберханадан шықпай жұмыс істейтін. Алайда, жасы келген сайын мұнша көп жұмыс істеу қиындай бастады.

«Қазір күніне 8-10 сағат бойы жұмыс істеймін. Жұбайым және қызыммен тұратын үйдің бір бөлмесі менің шеберханам. Үйдегі барлық қиын жұмысты жұбайым Абайгүл атқарады. От жағады, қар күрейді және мектепте қосымша жұмыс істейді».

Абылайханның шеберлігі жайында бұл аймақта білетіндер көп. Ол Қазақстандағы шеберлер арасындағы түрлі көрмелер мен байқаулардың жеңімпазы.

«Көп көрмелерге, байқауларға қатысып тұрамын. Адал еңбегімнің бағаланғаны болар, бас жүлдені жиі мен аламын. Осы жылы ЭКСПО көрмесіне Шығыс Қазақстан күндерін өткізуге Семейден қолөнерші ретінде тізімге мені де қосыпты. Астанада Этноауыл маңында көрме қойып, бұйымдар жасауға шеберлік-сабақтарын өткіздік».

Абылайхан Асылбайдың 50-ге жуық шәкірті бар. Оларға шебер өзінің бар білгенін үйретуге тырысады. Өзінен шәкірттері озғанын жетістік санайды. Семейдің өзінде ғана қазір 13 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың көбі ешкімге, тіпті туыстарына керексіз болып қалған жандар. Абылайхан аға олар бірге отырып, жұмыс істейтін үлкен шеберхана ашуды армандайды.

«Олар кемтар болғандығы емес, айналысатын іс таппағаны себепті қиналады. Осындай кісілерді бір орталыққа жинап, қалаған істерімен айналысуға мүмкіндік жасағым келеді. Себебі, олар бір-бірімен еркін тіл табысады, тез түсініседі. Олар біреуге қажет екенін сезінуі керек» дейді Абылайхан Асылбай.

ФОТО Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер