Ресейдегі ең үлкен күн электр станцияларының бірі – Қосағаш ауданында (ФОТО) - Ресей қазақтары|28 Маусым 2016, 11:33
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ресейдегі ең үлкен күн электр станцияларының бірі – Қосағаш ауданында (ФОТО)

Қазіргі таңда әлемде электр энергиясын альтернативті жолмен өндіру жалғасын тауып келеді. Ресей мемлекеті баламалы энергия өңдіру бағытында жетекші мемлекеттердің қатарында. Осы орайда Қазақстаннан Алтай республикасына аттанған «Алтай мұрасы» автоэкспедиция мүшелері Ресей еліндегі ең үлкен күн электр станцияларының бірі – Қосағаш электр станциясында болып, қуатты станцияның жұмыс барысын тамашалады.

Альтернативті энергия көздерінің бірі – күн сәулесі. Ресей Федерациясы қазақтар көп шоғырланған Қосағаш ауданында күн сәулесінен энергия жинайтын 10 МВт күн электр станциясының жұмыс атқарып келе жатқанына екі жыл болды. Алтай республикасының оңтүстік-шығысындағы ауданда салынған электр станциясын 2014 жылы 4 қыркүйекте Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ашқан.

Қуаттылығы 10 мегаватты құрайтын күн электр станциясы 1000 тұрғын үйді электр қуатымен қамтуға жетеді. Бірақ бүгінгі таңда Қосағаш күн энергиясы станциясы аудан орталығына 3-3,5 МВт электр қуатын беру үстінде. Қалған электр қуатын республиканың ортақ электр желісіне қоспақ ниетте екен. Бұл туралы қандасымыз, станция директоры Әділбек Хамитұлы айтып өтті. «Күн электр станциясының ортақ желсін қосу арқылы Алтай республикасына да электр қуатын қамтамасыз ете аламыз. Өйткені Алтай республикасында электр энергиясы аздау»,-деді Ә.Хамитұлы.

Станция басшысының айтуынша, Қосағаш ауданы – Ресейдегі күн нұры көп жердің бірі. Жылдың 300-дей күнінде күн ашық болады екен. Сондай-ақ Әділбек Хамитұлы баламалы энергия көзін өңдіру жобасын Ресей мемлекеті жақсы жолға қойғанын айта келе: «Қосағаш күн энергиясы станциясы Ресей еліндегі өнім өңдіру бойынша бірінші орын алған станция. Мұндай станциялар Федерация көлемінде Орынбор, Қазан қалаларында, Башқұрстанда салынған»,-деді.

Қосағаш күн энергиясы станцияның құрылысын Ресейдің астанасы Мәскеуден келген «Хевел» компаниясы жүргізіпті. Компания инженерлері Қосағаштың 13 га жеріне 20880 күн панелін орналастырған. Жалпы жобаға 570 млн рубль қаржы жұмсалыпты.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер