BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мен қазақпын» мега-жобасына қосағаштық қандастарымыз да қатысады

Ең мықты дәстүрлі әнші-термешілер мен күйшілерді анықтайтын «Мен қазақпын» мега-жобасының Ресейдегі іріктеу кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Алтай Республикасының Қосағаш ауданында өткен іріктеу кезеңі кезінде ұлттық ойындар ұйымдастырылып, арнайы концерт қойылды, деп хабарлайды арнайы Baq.kz үшін «Шүйдің нұры» газетінің тілшісі Арқалық Рысбекұлы.

«Мен қазақпын» мега-жобасының Шүй өңіріндегі өнерпаздарын анықтауға арналған сайысқа 15 үміткер қатысты. Олардың ішінен дәстүрлі әнші, Алтай Республикасына еңбегі сіңген әртіс Гүлнұр Мамырханова, күйші Арнагүл Құмашева, термеші Арай Жайлаубаева жеңімпаз атанып, Қазақстанда өтетін ауқымды тележобаға жолдама алды.

Жоба аясында Алтай Республикасы қазақтарының «Нұр» атты ұлттық-мәдени орталығы Кеңес Одағының қазақ батырлары, ардагер Жәнібек Елеусов пен Қыдыран Туғамбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен турнир, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырып, «Аламан» бәйге алаңында көкпар ойынының финалын өткізді. Көкпардың жеңімпаздары Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көкпаршылар сайысына қатыспақ.

Айта кетейік, атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз жыр-терме мен күйді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сәйкес жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өтетін ірі жобаның ақтық кезеңі 10 желтоқсанда Астана қаласында өтеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер