Буряттар арасындағы бір қазақ (ФОТО, ВИДЕО) - Ресей қазақтары|01 Қаңтар 2016, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Буряттар арасындағы бір қазақ (ФОТО, ВИДЕО)

Астана. 04 ақпан. Baq.kz – Ринчинмен танысуымыз қызық болды. Инстаграмдағы парақшамды қарап отырғам. Сол сəтте парақшама жаңадан бір бейтаныстың жазылғаны туралы хабарлама келді. Аты-жөні қалмақ, буряттарға келеді. Логині rinchin_hero дегенінен-ақ шетелдік екпін байқалады. Ал профиліндегі суретіне қарасам, қазаққа ұқсайды.  

Содан парақшасын шолып шықтым. Əңгіменің бəрі Бурятияға қатысты екенін түсіндім. Əлгі менің жаңа «досым» да солардың тілінде сөйлейді екен. Буряттың баласын қазаққа ұқсатқаным үшін өзіме-өзім жымидым. «Ал ол мені бурятқа ұқсатты ма екен?» деген ой да қылаң берді. Содан бір суретіне «Вы очень похожы на казаха…» деп жаздым. Осымен таныстығымыз да тəмам болар деп ойлағам. Дереу жауабы келді. «Я − на половину казах» депті.


«Мама казашка?» дедім сенімді түрде. «Нет, отец» деді. Дап-дардай жігіттің осылай дегені ұнамады. «Əкеңіз қазақ болса, өзіңіз де қазақсыз ғой» деген ойымды жаздым тағы. Ол бұл жолы үндемеді. Оның үнсіздігі мені ыңғайсыз күйге түсірді. Ел алдында «қазақпын» деп еркін айта алмауының бір гəбі барын ұқтым. Бір жағы бөтен, бір жағы бауырдай алыстағы бір қазақ баласының жан-жарасын тырнап өттім-ау…


Сол ойлардың жетегімен парақшасындағы суреттерді түгел дерлік қарап шықтым. Қарайған көптің бірі емес екен. Өнерпаз, еңбекқор жігітке ұқсайды. Өз елінде танымал əнші екенін түсіну қиын емес. Жанкүйерлері де көп екен. Қайырымдылық шараларының басы-қасында жүреді ылғи, байқасам. Жігіттің «жартылай қазақпын» деген сөзінің ащы астарын да түсіндім. Айналасында бірде-бір қазақ болмаса, буряттардың ғана тəрбиесін көрсе, қалайша «қазақпын» деп жар салсын?! Буряттар арасындағы жалғыз қазақ екен ғой…


Бірнеше күннен кейін хат арқылы сөзге тарттым. Ресей аумағында туып-өскен соң, орысшалау шығар дегем. Сөйтсем, ол буряттілді екен. «Ойымды орысша жеткізуде кібіртіктесем, түсіністікпен қараңыз» деді. «Қазақтармен танысып, олар да сені танығанын қалайсың ба?» деп сұрадым. «Ол дегеніңіз ғажап болар еді ғой» деді. Сонымен, Ринчин деген кім? Өзі əңгімелесін…

Ринчин – тибет есімі. Қымбат деген мағына береді. Ал екінші атым – Шыңғыс. Ол есімді дүниеге келген сəтімде əкем қойған екен. Оны бертінде ғана білдім. Қазақстандағы барлық туысым содан мені Шыңғыс деп атайды. Шығыс-Сібір Өнер жəне мəдениет академиясының түлегімін. Мамандығым – актер. Өнерден бөлек, жеке кəсібім де бар. Осыдан екі жыл бұрын Ұлан-Удэде «Pizza Marios» пиццериясын аштым. Пицца жəне əртүрлі тағам түрлерін тапсырыс берген мекен-жайларға жеткізумен айналысамыз.
Спортпен 7-сыныптан 11-сыныпқа дейін арнайы шұғылданғам. Жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне үміткермін. Бірақ, жарақатыма орай спорттағы жолымды жалғастыра алмадым. Əйткенмен, күн сайын спортзалға бару – əдетім. Дзюдомен айналысамын.


ҚАЗАҚ ЕКЕНІМДІ ЕСЕЙГЕНДЕ ҒАНА БІЛДІМ…


Əкем мен шешем бір себептерге байланысты бірге өмір сүре алмаған. Бөлек кеткен тағдырлар. Əкесіз өстім. Ал анам Жаргалма Дашицыренова – əлемдегі ең əдемі жан. Өзі талантты дизайнер. Кішкентайымнан анамның өз қолымен тіккен киімдерін киіп өстім. Мектепте мұғалім. Ұлты – бурят. Сенесің бе, 19 жасыма дейін өзімді таза бурятпын деп ойлағанмын. Анам сол сəтке дейін əкеме қатысты бар сырды ашық айтпапты. Аяқасты қазақ екенімді ұғыну, əрине, оңай соқпады. Бірақ, мен əкемді көргім келді. Сөйтіп, оны бірнеше жыл іздедім. Байланыстарын таптым. Хабарластым. Астанада тұрады екен. Ешкімге ештеңе айтпастан, 2014 жылы Қазақстанға жалғыз барып қайттым. Туған-туыстарым мені өте жақсы қарсы алды. Туғандарымның қасында 4-5 күн қонақ болдым. Бауырларым көп екен. Əсіресе, қарындасқа бай екенмін. Ата-əжем Көкшетауда тұрады. Қазір өзара хабарласып тұрамыз.


Ұлан: Өзің суретші де, спортшы да, əртіс те екенсің…


Ринчин: Ес білгелі сурет салумен айналыстым. Бірақ, салғандарымды өзім құнттап, сақтаған емеспін. Сондықтан үйдегілер салған дүниелерімді қолымнан бірден тартып алады (күлді). Анамның туыстары арасында да суретшілер бар. Бірақ, нағашыларымның арасында əртістік өнерге ешкімнің қатысы жоқ. Сөйтсем, əкемнің жағында əнге жақындар көп екен. Əсіресе, атам əнді тамаша орындайды. Кезінде консерваторияда оқыпты. Бірақ, əртістік жолға түспеген. Туған қарындасым Аружанның əн салғанын көрсеңіздер?! Ал інім Қаһарбек «КВН» тобында ойнайды екен. Өзім сияқты əртіс екен деп қуандым.

Ұлан: Ауылда өссең, қара жұмыстан да қашпайтын боларсың?


Ринчин: Иə, мен Бурятияның Кижинга деген ауылында туып-өстім. Ауыл баласы болған соң, ер адамдарға тиісті барлық ауыр, қара жұмыс түрлерін еш қиындықсыз атқара беремін. Ауылда біраз мал ұстаймыз. Сондықтан малдың шөбін даярлау мен қора тазалау істері мен үшін таңсық емес.


Ұлан: Бурятияда қазақтарды жиі кезіктіруге бола ма?


Ринчин: Жоқ, Бурятияда қазақтар өте аз. Жоқ десе де болады. Өзім өмірімде бір ғана Ерлан есімді қазақпен таныс болғам. Оның да мен сияқты анасы бурят болатын.


«ҰЛАННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:


Аты-жөні: Ринчин ДАШИЦЫРЕНОВ
Туған күні: 16 қараша, 1991 жыл
Туған жері: РФ, Бурятия, республикасы, Кижинга ауылы
Тұрғылықты қаласы: Ұлан-Удэ
Мамандығы: актер
Хоббиі: ән айту, сурет салуəн
Спорты: дзюдо


Ұлан: Бірнеше бейнебаян түсіріп үлгеріпсің…


Ринчин:
Осы күнге дейін 4 бейнебаян түсіргенмін. Жақында қатарынан 3 бейнебаян түсірдім. Үшеуі де монтаждалу үстінде. Өзім құрған «Heroes» музыкалық тобында 4 музыкант жігіт бар. Төртеуі төрт түрлі музыкалық аспапта ойнайды. Əртүрлі вокал жанрында өнер көрсете аламыз. Дəл қазір Қытайдамын. Лиау Ниң (Ішкі Моңғолия автономиясы – Қ.Д.) провинциясындағы Дан-дұң(Даньдун) қаласындамыз. Бізді бұл жерге өнер көрсетуге арнайы шақырды. Буряттар көп тұратын мекен ғой. Ары қарай Хайлар қаласына бармақпыз. Моңғолияның астанасы Ұлан-батырға да барып, бірнеше мəрте өнер көрсеткенмін. Өйткені, бурят, қалмақ, моңғолдар – өзара туыстас халық. Тілдері де, ділдері де ұқсас. Соның арқасында ол елдерде де менің есімім біршама таныс. Жиі қонаққа шақырып тұрады.


ҚАЙРАТ НҰРТАС РИНЧИННІҢ БЕЙНЕБАЯНЫН ҰРЛАҒАН БА?


Ұлан: Бурят, орыс, қалмақ тілдерінде əн шырқайсың. Қазақша əн салғың келе ме?


Ринчин: Əрине, ойым бар. Бірақ, қазақша акцентпен орындаймын-ау. Халық əндерінен бастау керек шығар. Қазақстандағы жалпыхалықтық байқауларда бақ сынап көргім келеді.


Ұлан: Бəрекелді! Қазақ əншілерінен кімді білесің, кім ұнайды?


Ринчин: Өзімнің қазақ екенімді білген сəттен-ақ қазақ əндерін тыңдай бастадым. Маған жас əншілерден Əли Оқапов пен Димаш Құдайбергенов ұнайды. Əсіресе, Димаштың дауысы зор екен. Ал мына жігіт маған ұнамай қалды… Мынаған қараңызшы?

Whats’app нөмеріме YouTube желісінен бір бейнебаянның сілтемесін жолдады.Ашсам, Қайрат Нұртастың «Шыда, жүрек» деген əні. Ал бейнебаяны… Қайраттың бұл əніне Ринчиннің бес жыл бұрын өзі түскен бейнебаяны «арқау» боп тұр екен. «Бұл, бəлкім, оның жанкүйерлерінің əрекеті шығар» дедім. Ол бұл жайды ары қарай қаузамады. Ертесіне Қайраттың продюсері Гүлзира Үсенқызына хабарластым. «Шыда, жүрек» əніне арнайы бейнебаян түсіргенсіздер ме?» деп сұрадым. «Жоқ. «Шыда, жүрек» əні «Өкініш» фильмінің саундтрегі ғой. Сол дайын фильмнен клип нұсқасын дайындадық. Сіз айтып отырған нұсқаны білмейді екенбіз. Ондай сюжетпен түсірген емеспіз. Жанкүйерлердің ісі шығар, мүмкін», − деді Гүлзира əпкеміз. Иə, Қайрат Нұртас үшін жанкүйерлері не істемейді деңіз?


– Ринчин, Қазақстанға қашан келесің?


– Барғым келеді…


– Біздің газетті негізінен балалар оқиды. Қандай тілегің бар?


− Балалар, бақытты болуды үйреніңдер. Жайдары жүріңдер. Жақындарыңды жақсы көріңдер. Сосын «қандаймын, сондай болып қала беремін» дегенді қойыңдар. Бір орында тұрмаңдар. Өзгеріңдер. Ол өзгерістерің жақсы жағынан байқалсын.
P.S.: Əлеуметтік желідегі суреттеріне көпшілік «көзіңде мұң бар» деген пікір қалдырыпты. Ол мұңның сырын кім ұғыпты, бірақ?! Əбден есейген шағында өзінің өзге ұлт екенін білу, ұғыну оңай болмас, сірə?! Бірақ, ешкімге ренжімеді. Өзінің тегін танудан қашпады. Қазағы жоқ ортада өзіне-өзі қазақ екенін мойындауды үйрене бастады. Бір кем дүние дейміз еріксіз. Бір қазақтың баласы өз үйіріне қосылса игі еді…



Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан» газеті, №4, 26 қаңтар 2016 жыл) 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер